Қызылорда, Алматы, Атырау: парақорлық жиі тіркелген өңірлер

12 Қыркүйек 2019, 17:42
2243
Бөлісу:
 Қызылорда, Алматы, Атырау: парақорлық жиі тіркелген өңірлер
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандықтардың пікірінше, Жамбыл, Атырау, Алматы облыстары – жиі пара алатын өңірлер.  Ал кәсіпкерлер мұндай тізімге Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкентті жатқызды.

Ал, парақорлыққа түскен шағымдардың нәтижесінде үш өңірдің атауы басқа.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіндегі апта сайынғы брифинг барысында Transparency Kazakhstan қоғамдық қорының атқарушы директоры Ольга Шиян еліміздегі парақорлық факторлары бойынша жүргізілген сауалнама қорытындысын жариялады.

«Қаржылық қолдауды Қазақстандағы Біріккен ұлттар ұйымының дамыту бағдарламасы (ПРООН) бөлді. Біздің ұйым бұл зерттеуді жүргізу үшін грант ұтып алған болатын. Нәтижесінде осы көлемді зерттеу жұмысын жүргіздік. Біз республикалық маңызы бар қалаларда, облыс орталықтарында, 162 ауданда болдық. Зерттеу осы жылдың мамырынан тамыздың аяғына дейін жүргізілді. Біз мамыр мен маусым аралығында зерттеу жұмысының методологиясын дайындадық. 15 маусымнан бастап, зерттеу жұмысын жүргіздік. Яғни, қарапайым тұрғындар, кәсіпкерлер арасында сауалнаманы 35 күн жүргіздік. Кейін бізге оны талдау қажет болды», - деді Шиян.

Сонымен қатар, маман ақпаратты талдауға және жалпы зерттеу жұмысына қанша уақыт кеткенін айтты.

«Ақпаратты өңдеуге 35 күн кетті. Жалпы зерттеу жұмысына 90 күн кетті», - деді ол.

Ол қарапайым тұрғындар мен бизнесмендердің неге шағымданатынына тоқталды.

«Зерттеу барысында тұрғындар мен кәсіпкерлерді пара беруге итермелейтін негізгі фактор – әуре-сарсаңға салатын жұмыстың (волокита) көптігі екен. Яғни, мемлекеттік қызметкерлер өзінің қызметін билік құралы ретінде пайданалады. Олар өзінің қызметі шегінде бір мәселесі шешуді әдейі кейінге қалдыруы ықтимал немесе өзінің қызметін асыра пайдалануы, әрі ол мәселені шешуде біліктілігі жетпеуі мүмкін және тағы басқа фактор бар. Сауалнамаға қатысқан азаматтар өз мәселесін шешуде әурелейтіні үшін (волокита) пара беруге келісетінін айтты. Мұны кәсіпкерлер де, бизнесмендер де атап өтті», - деді ол.

Сарапшы Қазақстанда парақорлық жиі тіркелетін өңірлердің үштігін де айтты.

«Мен «үздік» үштікті атап өтейін. Қарапайым тұрғындардың пікірінше, ол Жамбыл, Атырау, Алматы облыстары. Ал кәсіпкерлердің пікірінше, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент. Бізге түскен шағымдарды да зерттедік. Бұл тізімге Қызылорда, Алматы, Атырау облыстары кірді», - деді ол.

Маман сауалнаманың қорытындысы бойынша парақорлыққа итермелейтін басты фактор ретінде адамдардың қызметті тез алғысы келуі екенін атап өтті.

«Зерттеу нәтижесінде мемлекеттік қызметті алу адамдарды пара беруге итермелейтінін білдік. Мұндағы негізгі фактор –  адамдар қызметті әуре-сарсаңға түспей, тез алғысы келеді. Бұл оларды пара беруге итермелейді. Біз осыны анықтадық», - деді ол.

Жалпы сауалнамаға 9 мың адам қатысты. Яғни, 7 мыңнан астам тұрғын және шамамен 2 мың кәсіпкер қатысты. Барлық қала, 3 республикалық маңызы бар, 14 облыс орталығы, 163 ауданда жүргізілді. Зерттеуді жүргізуге 23 миллионнан астам теңге бөлінді.

Бұған дейін апта сайынғы брифинг барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Арман Бердалин Көкшетауда ет сатушылар мал басына 3 мың теңге беріп рұқсат алғанын айтты. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің баспасөз алаңында 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаровтың айтуынша, Қостанай облысында етке қатысты тегін анықтама ақылы түрде берілген.

Өзгелердің жаңалығы