Паралимпиадашыларға халықаралық оқу-жаттығулар оң ықпал етеді - ҰПК

28 Қараша 2019, 10:42
26873
Бөлісу:
Паралимпиадашыларға халықаралық оқу-жаттығулар оң ықпал етеді - ҰПК
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҰПК атқарушы директоры Ерлан Сүлейменов ҰПК құрылуы мен мақсатына қысқаша тоқталды.

ҰПК 2002 жылы құрылды. Мақсаты - Қазақстанда паралимпиадалық қозғалысты дамыту. 2015 жылдың наурызынан бастап, Қайрат Боранбаев ҰПК президенті қызметін атқарып келеді. ҰПК спортшыларды паралимпиадалық  халықаралық жарыстарға ұсына алатын жалғыз ұйым екенін атап өткім келеді. Өткен төрт жыл ішінде спортшыларымыз жақсы нәтижелерді көрсетті. Ең маңызды көрсеткіштер Рио Паралимпиадалық ойындарында қол жеткізілді. Тарихи алтын медальді Зүлфия Ғабудулина және күміс жүлдені Раушан Қойшыбаева сыйлады. 2018  жылы Пхенчханда өткен ХII қысқы Паралимпиадалық ойындарда Александр Колядин қысқы спорт түрінен алғашқы  алтын медальды Қазақстанның тарихи жүлде қоржынына салды, - деді Ерлан Сүлейменов.

Айтуынша, ҰПК спортшыларды халықаралық оқу-жаттығу жиындарға жіберу бастамасын көтеріп, нәтижесін Риодағы жазғы және Пхенчхандағы қысқы Паралимпиадаларда ел тарихында алғашқы алтын медальдар арқылы дәлелдеді.
Ұлттық Паралимпиада комитетінің бастамасымен спортшылар халықаралық оқу-жаттығу жиындарына шыға бастады. Рио Паралимпиадасының қарсаңында спортшыларымыз АҚШ және Бразилияда оқу-жаттығу дайындықтарын жасады. Ал, Пхенчхандағы  ойындардың алдында Ресей мен Германияда жаттықты. Осы оқу-жаттығулар оларға жақсы мүмкіндіктер берді, - деген ҰПК атқарушы директоры Ерлан Сүлейменов паралимпиадашылардың басты жетістіктеріне тоқталды.
Айта кетсек, қазір елордада ҰПК 2015 жылдан бері жұмысын қорытындылауға арналған конференция өтіп жатыр.
Өзгелердің жаңалығы