Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 19 наурыз күні Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты резонанстық іс бойынша сот отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ YK-news.kz басылымына сілтеме жасап.
Айыпталушыға екі бірдей бап бойынша айып тағылып отыр:
– қызметтік өкілеттігі бар тұлғаның ірі көлемде алаяқтық жасауы;
– лауазымды тұлғаның ірі көлемде пара алуы.
Алаяқтық дерегі: 13 млн теңге шығын
Прокурор сотта екі эпизод бойынша айыптау актісін оқыды. Алғашқысы Жақсылық Омардың Өскемен қаласының әкімі болған кезеңіне қатысты.
Тергеу нұсқасына сәйкес, іс бойынша жәбірленушіге қаладағы кәсіпорындардың бірінен материалдық көмек ретінде автокөлік рәсімдеу ұсынылған. Ол бұл өтінішті орындап, 2021 жылы шыққан Toyota Camry 75 маркалы көлікті алған.
Алайда кейін жәбірленуші көлікті әкімдікке жеткізіп, кілтін тапсырғанын, содан кейін оны қайта көрмегенін мәлімдеді.
Кейін көлік үшінші тұлғаның атына рәсімделіп, trade-in бағдарламасы арқылы жаңасына ауыстырылған. Тергеу мәліметінше, осы әрекет салдарынан жәбірленушіге 13 млн теңге көлемінде шығын келтірілген.
Бұл эпизод бойынша Жақсылық Омарға Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі бойынша айып тағылды. Сотта жәбірленуші шығын толық өтелгенін айтып, ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізді.
Пара алу айыбы: 20 млн теңге
Екінші эпизод ағымдағы жылдың ақпан айының басында болған.
Іс материалдарына сәйкес, Жақсылық Омар қала әкімдігі қызметкерлерінің бірінен 20 млн теңге алып келуді сұраған. Айыпталушының өзі бұл өтініш болғанын айтқанымен, айыптау тарапы оны жалпы қамқорлық көрсеткені үшін пара талап ету ретінде бағалаған.
Аталған қызметкер бұл әрекеттің заңсыз екенін түсініп, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгінген. Арнайы қызметтің бақылауымен ол айыпталушымен қайта кездесіп, ақшаны бөліп беруді ұсынған. Жақсылық Омар бұл ұсынысқа келіскен.
Сол күні үшінші тұлға арқылы 6 млн теңге қолма-қол берілген. Күдіктіні ұстау кезінде оның үйі мен жұмыс орнынан 5,6 млн теңге табылған.
Соттағы ұстаным
Сот отырысында Жақсылық Омар кінәсін толық мойындады. Оның қорғаушылары бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
Адвокаттардың айтуынша, туыстары айыппұл төлеуге қажетті қаражатты жинап қойған. Бұл ретте сотқа 112 млн теңге көлеміндегі қаражат бар екенін растайтын шот үзіндісі ұсынылған.
Келесі сот отырысы 26 наурызға белгіленді.
Жақсылық Омар туралы не белгілі
Жақсылық Омар 1980 жылы 28 қыркүйекте Алматы облысы Алакөл ауданы Үшарал ауылында туған.
Білімі:
– 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «география» мамандығы бойынша тәмамдаған;
– 2010 жылы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін «жергілікті және мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша бітірген;
– 2018 жылы Д. Серікбаев атындағы ШҚО мемлекеттік техникалық университетінде экономика магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолы:
– 2001-2005 жж. – Мәдениет және ақпарат министрлігінде маман;
– 2005-2007 жж. – Қаржы министрлігінде қызмет еткен;
– 2007-2009 жж. – «Қазақстан» телерадиокорпорациясында және «Арна медиа» холдингінде жұмыс істеген;
– 2009-2010 жж. – ШҚО әкімінің көмекшісі;
– 2010-2011 жж. – ішкі саясат басқармасының басшысы;
– 2011-2013 жж. – мәдениет басқармасының жетекшісі;
– 2013-2016 жж. – ШҚО әкімінің орынбасары;
– 2016-2018 жж. – Алматы облысы әкімінің орынбасары;
– 2018-2024 жж. – Өскемен қаласының әкімі;
– 2024-2025 жж. – ШҚО әкімінің кеңесшісі;
– 2025 жылдың 7 сәуірінен бастап – ШҚО әкімінің бірінші орынбасары.
Еске салсақ, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны туралы мәлімдеген еді.