Астана, BAQ.KZ тілшісі. «Алматы қалалық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қоғамға бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры қызметкерлерден 1,6 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова мәлімдеді.
Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Алматы қаласы бойынша департаментімен қалалық білім басқармасына қарасты «Алматы қалалық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қоғамға бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған.
«Ол 2018 жылғы ақпан – желтоқсан аралығында қамқорлығы үшін бағынышты қызметкерлерден 1,6 млн теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінді. Тергеу амалдары барысында аталған лауазымды тұлға кінәсін мойындады», - деді Жанна Бастарова брифингте.
Айта кетейік, осыған дейін Зеренді ауданының әкімі пара алды деген күдікпен ұсталғанын, Павлодар облысында жолдарды жөндеуге бөлінген 6,6 млн теңгені жымқырған кенті әкіміне қатыстытергеу басталғанын, әрі ауадан ақша жасаған мемлекеттік кәсіпорын директоры ұсталғанын, Алматы облысы әділет департаментінің атқару өндірісін қамтамасыз ету басқармасының басшысы құжаттарды рәсімдеу үшін 150 мың теңге пара алғанын хабарлағанбыз.