Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл адамзат үшін сынаққа толы жыл болды. Үшінші дүниежүзілік соғыстың елесінен қорқып жүргенде, әлемді күтпеген жерден коронавирус пандемиясы жайлады.
Алапат індеттің сұрапыл салдары
Әртүрлі діни ілімдерде ақырзаманның белгілері туралы айтылады. Соларға сүйене отырып, кейбір ойшылдар әлемді жайлаған пандемияны сол ақырзаманның бір белгісіне де теңеуде. Әрине, бұл қатты әсірелетіп берілген баға, оның үстіне адамзат тарихында бұрын да жер бетінде түрлі індет тарап, соның салдарынан миллиондаған адамдардың өмірі опат болған. Яғни, бұл бірінші не соңғы індет емес екені анық. Жаһандану үдерісі күшейіп, жер бетіндегі халықтың саны артып, түрлі елдер арасындағы қарым-қатынас кеңейген сайын коронавирус сияқты жаңа бір вирус пен аурулардың пайда болып, тез арада мемлекеттер мен құрлықтар арасында таралу қаупі енді жиілей түсетіні анық.
Енді жуық арада әлемдік экономиканың қалпына тез қайта оралуы күмәнді. Сарапшылардың айтуынша, көптеген елдегі экономикалық жағдайдың тұрақталып, қайта өсуі үшін кем дегенде 2-3 жыл керек. Біріккен Ұлттар Ұйымының мамыр айындағы болжамдарында жаһандық экономика 3,2% қысқарып, жалпы экономикалық жоғалтым 8,5 триллион АҚШ долларын құрайды деп жариялаған болатын. Әсіресе, пандемияның теріс экономикалық әсерін дамыған мемлекеттер сезетін болады, бұл елдердің жалпы ішкі өнім көрсеткіштері – 5%, ал өндіріс көлемі 0,7% қысқаруы ықтимал. Жалпы, әлемдік сауда көлемі 20% төмендейді.
Қазіргі тұста барлық мемлекеттердің алдында тұрған бір ғана мақсат бар. Ол – пандемия салдарынан туындаған жаңа қауіп-қатерге төтеп беріп, өз өміршеңдігін сақтап қалу.
Иә, қазіргі жағдайды көптеген саясаткер мен сарапшылар амалсыздан соғысқа теңеуде. Себебі соғыс жағдайындағыдай бұл күреске орасан зор ресурс жұмылдырылуда. Себебі бұл күрестің құны – адамдардың өмірі мен денсаулығы және мемлекеттердің тұрақтылығы. Қазірдің өзінде бұл індеттің кесірінен әлем бойынша 600 мыңға жуық адам көз жұмды (16 шілде 2020 ж. бойынша – 587 231 адам).
Пандемиямен күресте кімнен үлгі алуымыз керек?
Пандемиямен күрес басталғалы төрт-бес айда әлем елдерінің індетпен күресу тәсіліне қарай, сол елдегі саяси-мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі де сәйкесінше бағалануда. Сарапшылар арасында, салыстырмалы түрде Қытай, Жапония, Италия, Швеция, Беларусьтің коронавирусқа қарсы жүргізген амал-тәсілдері қарастырылады. Бұлардың бірінде қатаң карантин енгізілсе, енді кейбірінде тіпті шектеулер болмады.
Жоғарыда келтірілген елдердің саяси жүйелерінің ерекшеліктерін ескере отырып, бірқатар сарапшы орталықтандырылған билік жүйелері қалыптасқан мемлекеттер пандемиямен анағұрлым нәтижелі күресуде деген ой-тұжырымдарын жасауда. Кейбіреулер, тіпті сол арқылы авторитарлық саяси құрылымдардың артықшылығын атап, батыстағы демократиялық жүйелердің жаңа қауіп-қатерлермен күресте әлсіздігін дәлелдеуге тырысуда. Яғни, «Коронавирусты демократия ма, әлде авторитаризм тез жеңе ала ма?» деген сұрақты төтесінен қоюда. Сөйтіп, біреулер үшін пандемиямен күрестің өзі де идеологиялық соғыстың жаңа бір майданына айналды.
Әрине, пандемиямен күрес нәтижелігі мен саяси жүйенің ерекшелігі, бұл - даулы, өте күмәнді тақырып. Өйткені пандемияны ауыздықтатуда саяси режимнің формасы емес, жалпы мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі, қандай да болсын билік сол пандемиямен күресті қаншалықты дұрыс ұйымдастырып, қоғамды жұмылдыра алады, міне, соған байланысты. Мысалы, Қытай билігі қатаң тәртіпті орнатса, Жапон үкіметі азаматтарға арқа сүйеді. Дегенмен маусым айында Қытай билігі Бейжің маңайында коронавирустың жаңа ошағы пайда болуына байланысты ел астанасында қайтадан карантинді күшейтуге мәжбүр болды, ал Жапонияда жаңа вирусты жұқтырғандардың саны қайтадан өсе бастады. Яғни, жұрттың бәріне үлгі боларлықтай ортақ бір модель жоқ. Бұл жаңа вирус адамның иммунды жүйесін әлсіретіп, баяғыдан келе жатқан басқа бір сырқаттарын қоздыртса, сол сияқты пандемия да түрлі саяси-мемлекеттік жүйелердің осал тұстарын ашып көрсетуде. Қандай да бір мемлекеттің коронавируспен күрес стратегиясын озық, үлгілі деп айтуға әлі ерте. Барлығы да қателесіп, жаңылысып жатыр, жанталасып, дұрыс жолды іздеуде. Алда әлі пандемияның екінші толқыны бар, оның соққысы қазіргіден де қатты болуы ықтимал.
Әлем мемлекеттерінің пандемиямен күрес тәсілдерін салыстырғанда бұл елдердің саяси-мемлекеттік басқару жүйелерінің ерекшеліктерін ғана емес, сонымен қатар экономикалық әлеуеті, медицина, ғылым, білім салаларының даму деңгейлерін және мәдени құндылықтар жүйесін де ескеру қажет. Тіпті, көп жағдайда коронавирустың таралуын тежеуде шешуші рөлді атқарған билік жүйесінің құрылымы емес, ол сол елдегі азаматтардың жауапкершілігі мен саналы әрекеті болды. Мысалы, Жапония үкіметі елде төтенше жағдай мен карантинді енгізгенде, 13-15 миллиондық Токионың көшелері үш сағаттың ішінде босап қалған. Бұл жерде айта кететіні, Жапонияда төтенше жағдай талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік жаза белгіленбеген.
Осы ретте, «Қазақстанда мемлекет пандемиямен күресті қаншалықты дұрыс ұйымдастыра алды?» деген орынды сұрақ туындайды. Себебі соңғы екі аптада елдегі эпидемиологиялық жағдайдың күрт ушығуына байланысты бірқатар қоғам қайраткері мен сарапшылар әлеуметтік желіде «билік коронавируспен күреске дайын болмады, сосын ол күресті дұрыс ұйымдастыра алмады, ешқандай да жұмыс жүргізілмеді» деген сияқты пікірлер айтуда. Қалыптасқан жағдайда, әрине, сын-пікірлердің айтылу себебі түсінікті және кейбір сол пікірлердің негізі барын да мойындау қажет. Бірақ елде коронавирусқа қарсы ешқандай жұмыс жүргізілмеді және ол мүлде нәтижелі болмады деу ақиқатқа қайшы келетінін де айтуымыз керек. Керісінше, Қазақстан билігі бастапқыда коронавирусқа қарсы өте тиімді стратегия жасақтап, оны нәтижелі іске асырған мемлекеттердің бірі болды.
Қазақстанның пандемиямен күрес қадамдары
Бірқатар сарапшы мемлекет қабылдаған шаралардың есебін наурыз айының ортасынан бастап жүргізіп келеді. Бұл – қате. Ол кезде мектептер мен жоғары оқу орындарында сабақтар тоқтатылатыны және елде төтенше жағдай енгізілетіні жарияланған болатын. Шын мәнінде, алғашқы түбегейлі шаралар одан да ерте, қаңтарда, яғни Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 жағдайын пандемия деп жарияламай тұрғанға дейін біраз уақыт бұрын қабылданды. 24 қаңтарда коронавирус эпидемиясының ошағына айналған Қытайдың Ухань қаласында алғашқы карантин шектеулері енгізілгенде, қаңтардың 26-сында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке коронавирустың Қазақстан аумағына таралуына жол бермеу жөнінде нақты ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды. Сол күні Үкіметтің ведомствоаралық комиссиясы құрылды.
Сонымен бірге екі қаланың – Нұр-Сұлтан мен Алматының инфекциялық ауруханаларында қосымша реанимациялық бокстар құрылды.
Дәл осы кезде, қаңтардың 27-30 күндері Ұлыбритания, Германия мен Италияда алғаш рет коронавирусты жұқтырғандар анықталды. Ол кезде Еуропа мемлекеттері қандай бір шараларды әлі қабылдамаған болатын. Яғни, Қазақстанның Қытаймен шекаралас ел екенін ескеретін болсақ, коронавирус біздің елге сол қаңтар айының соңы мен ақпан айының басында енуі мүмкін еді.
Екіншіден, тиісті шешімдер мен шаралар кезең-кезеңімен қабылданды. Жоғарыда атап өткеніміздей, алғашқы шаралар қаңтардың 26-сы қабылданды. Ал қаңтардың 31-і санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтудің екінші кезеңі басталды: шекаралардағы санитарлық пункттерге қосымша 150 маман жіберілді, жаңа инекцияның зертханалық диагностикасы реттелді, клиникалық емдеу хаттамасы бекітілді.
Ақпанның 20-сынан бастап билік инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша күшейту шараларының үшінші кезеңін іске асыруға көшті: инфекцияның таралу қаупіне байланысты елдерді үш санатқа саралау әдістемесі енгізілді, шетелдерден келген адамдарға тиісті медициналық мониторинг орнатылды, әуе рейстері қысқартылды, кейін тоқтатылды.
Наурыздың 1-і санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтудің төртінші сатысы енгізілді. Карантин елдердің тізімі кеңейтіліп, ол жақтан келген адамдарға мониторингтік және карантин шаралары қабылданды.
Наурыздың 2-сі Үкіметтің отырысында Қазақстан территориясында коронавирустың таралуына жол бермеуге бағытталған қосымша шаралар қарастырылып, елде коронавирус инфекциясы анықталып, таралған кездегі іс-қимылдың жаңа Алгоритмі әзірленді («Б жоспары»). Үшіншіден, билік қашанда шұғыл әрекет жасап отырды. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы, Таяу Шығыс пен Еуропадағы бірқатар елдегі эпидемиологиялық жағдайдың кенеттен нашарлауын ескере отырып, наурыздың 2-сінде Мемлекет басшысы елдегі бірқатар қоғамдық іс-шараға тыйым салды. Ал наурыздың 11-інде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пандемиясы деп жариялағаннан кейін наурыздың 12-сінде Қазақстан Президенті бірқатар мемлекеттік орган басшыларымен кеңес өткізіп, Үкіметке жаңа вирустың елімізге таралуына жол бермеу шараларын қатаңдату жөнінде нақты тапсырма берді.
Наурыздың 13-і елде алғаш рет коронавирусты жұқтырғандар анықталды. Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің және бірқатар мемлекеттік органның басшылары қатысуымен шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізіп, карантин тәртібін күшейтуге бағытталған жаңа іс-шараларды жариялады. Ал наурыздың 15-і Президент республикада төтенше жағдайды енгізу туралы Жарлыққа қол қойып, келесі күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына телевизиялық үндеу жолдады.
Осылайша, Қазақстан билігі шұғыл шешімдер қабылдау арқылы эпидемияны қатты өршітіп алмай, уақытты ұтуға мүмкіндік алды. Жоғарыда айтқанымыздай, Қытаймен шекараласпайтын елдердің өзінде коронавирусты жұқтырғандардың алғашқы оқиғалары қаңтар және ақпан айларында тіркелген болатын және Қазақстанда қабылданған шешімдер әлемдегі және елдегі жағдайға сәйкес, кезең-кезеңмен жүзеге асырылды. Осының арқасында коронавирустың Қазақстанға еніп, оның ел ішінде ауқымды таралуы барынша тежелді.
Егер Қазақстан билігі дер кезінде шешімдерді қабылдамағанда қазіргі ахуал елімізде наурыз-сәуір айларында қалыптасар еді, ал көктемде әдетте түрлі маусымдық сырқаттардың таралатынын ескерсек, онда барлық ауруханалар сол кездің өзінде лық толатын еді. Сондықтан Қазақстан пандемиямен күресті мүлдем ұйымдастыра алмады деу ешбір шындыққа сай келмейді. Қазақстан билігі алғашқы толқынды едәуір тежей алды. Оны мойындау керек. Мысалы, наурыздың 28-інде Мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин тәртібін күшейтудің арқасында аталған қос қалада екі аптада коронавирус инфекциясы таралуының өсу қарқыны біршама бәсеңдеген болатын.
Алайда маусым айында жағдай қайтадан күрт нашарлай бастады. Бұған себеп – мамыр айында төтенше жағдай алынғаннан кейін пандемиямен күреске жауапты мемлекеттік органдар мен жалпы тұрғындар салғырттық танытып, босаңсып кетуі. Денсаулық сақтау министрлігі, жергілікті билік органдары төтенше жағдай тоқтатылғаннан кейін пандемияға қарсы күресті дұрыс ұйымдастыра алмағаны бір бөлек, қарапайым азаматтар да жаппай түрлі іс-шаралар өткізіп, санитарлық нормаларды ұстанбады. Бір сәтте баяғыдан келе жатқан бірнеше әлеуметтік дертіміз бір нүктеде қосылды десек те болады – бюрократия, жемқорлық, азаматтардың бейқамдығы, сауатсыздығы. Соның салдарынан 11 мамырдан бастап маусым айының аяғына дейін, яғни төтенше жағдай тоқтатылып, карантин шектеулер алынғаннан кейін вирустың таралуы 7 есеге өсті. Әрине, жауапты мемлекеттік органдар тарапынан жіберілген қателіктер бар, оны ешкім жасырмайды және мемлекет басшылығы жауапты органдар тарапынан болған қателіктер мен сәтсіздіктер туралы ашық айтып отыр. Тіпті, сол қателіктерді шұғыл түрде түзетуге тиісті кадрлық және де басқа қажетті қатаң шешімдер қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі ұстанымы – пандемияға қарсы күресті тек жоғары деңгейде ұйымдастырып қоймай, оны ашық, жария түрде жүргізу. Сол себепті наурыз айының басынан бастап Президент тұрақты түрде ел алдына шығып, үндеу жариялап, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тиянақты түрде түсініктеме беріп отырды.
Маусым айының 29-ында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы жаңа күрес шаралары жөнінде жаңа мәлімдеме жасады: пандемиямен күресті орталықтандырылған құрылым арқылы ұйымдастыру; карантин тәртібін қайтадан күшейту, лабораториялық зерттеулердің сапасын арттыру.
Карантиннің күшейтілуі өз нәтижесін берді – бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында 10 күн ішінде жедел жәрдем шақыруы тәулігіне 2 800-ден 1 600-ға дейін азайған. Медициналық орталықтарға келіп түсетін науқастардың саны екі есе, соның ішінде пневмониямен келіп түсетіндердің саны 14 пайызға азайған. Яғни, індетті тоқтатудың бірден-бір жолы – карантин. Ал карантин нормалары неғұрлым қатаң болса, соғұрлым індеттің таралуы да тез азаяды. Әйгілі ақын, жазушы Светқали Нұржан «бұл көрінбейтін жаумен, көрінбей жүріп соғысу керек» деп осы індетпен күресудің басты амалын осылай дәл айтты. Бірақ соңғы уақытта жағдайдың тіпті күрделеніп, адам өлімінің саны артқанына қарамастан, 5-15 шілде аралығында 2 мыңға жуық түрлі сауда, тамақтану орындары карантин нормаларын бұзғаны анықталған. Карантин жағдайында осылай болса, карантиннен кейін қалай болмақ?!.
Күресте қалай жеңеміз?
Әлемдегі қазіргі жағдай пандемияның ұзаққа созылатынын көрсетуде. Алайда енді көп нәрсе тек қана мемлекеттің тез әрі табанды әрекеттеріне ғана емес, сонымен бірге қоғамның да жауапкершілігіне байланысты. Мысалы, коронавирустың Жапония мен Сингапурдағы ауқымды таралуын сол елдердегі азаматтардың саналы әрекеттері тежеп отырғаны туралы көп айтылады. Ақиқатында солай. Әрине, Жапонияда да қазір жағдай қайтадан ушыға түсті. Дегенмен 125 миллиондық Жапония үшін қазіргі көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін еді. Сондықтан бұл жаумен күресудің негізгі қаруы –тәртіп және бірлік.
Ең алдымен, тәртіп. Ал оның өзі жауапкершілік пен тиянақтылыққа негізделеді. Тәртіпке жүгіну қарапайым санитарлық нормаларды ұстанудан басталады. Бірнеше ай бойы барлық ақпарат құралдарында қалыптасқан жағдайға байланысты санитарлық нормаларды қатаң сақтау қажет екені жөнінде қайта-қайта айтылып, насихатталып жатқанына қарамастан, азаматтардың бірқатары сол ережелерді ұстанбайды. Бетпердені тақпағанды айтқаннан бөлек, әртүрлі отбасылық, басқа да жиындар өткізіліп жатыр. Төтенше жағдай енгізілген уақыт аралығында (16 наурыз бен 11 мамыр арасы) – республика бойынша карантин тәртібін бұзған 20 041 оқиға тіркелген! Енді міне, осының барлығы вирусты жұқтырғандар санының бірнеше есеге өсуіне әкеліп соқтырды. Рас, медицина ұйымдарының бұл жағдайға толық дайын болмағаны, дәрі-дәрмекпен жеткілікті қамтамасыз етілмегені де жағдайдың күрделенуінің бір себебі. Бірақ бұл сол қалыптасқан жағдайдың салдарынан туындаған проблемалар еді. Қоғам деңгейінде оны мойындамайынша, бұл індетпен күресіміз ешқандай да нәтиже бермейтіні анық. Пандемия мемлекеттік басқару жүйесіндегі қордаланған проблемаларды қалай ашып көрсетсе, сол сияқты бұл індет қазақ қоғамы талай жылдар бойы арыла алмай жүрген жағымсыз дағды-әдеттерімізді тағы да көзімізге шұқып көрсетті.
Дәл осы уақытта қазаққа бірлік пен ынтымақ ауадай қажет. Билік өкілі бірлік туралы сөз қозғаса, оны насихат деп қабылдайтынын білемін. Бірақ қалай десек те, қазір өзара есеп айырысып, дауласып, айтысатын кез емес. Бірігетін кез. Бір- бірімізге қолдау көрсетіп, тірек болатын шақ. Сондықтан бірлік туралы қайткенде де айтылуы қажет. Әлеуметтік желі бұрын да ыза мен сынға, қызғаныш пен көреалмаушылыққа толы болатын. Жарайды, билікке қатысты айтылып жатқан бірқатар сын-пікірлердің негізі барын мойындайық. Жөнімен айтылған қандай да пікірдің орны бөлек. Бірақ соңғы уақытта әлеуметтік желіде, тіпті билік өкілі емес, басқа да қоғам белсенділерінің игі бастамаларына да күмәнмен қарап, сынның астына алып жатқанын жиі байқаймыз. Мысалы, жуырда бірқатар еріктілер ауруханаларға жаңа құрал-жабдық жинады. Ал жұрт оның астарында басқа бір мақсат іздеп, әрекеттерін әшкерелеп жатты. Осыдан кейін бір игі іс істеуге кімнің құлқы болады?!
Бірімізді-біріміз қаралағанша, қайта бір-бірімізді жігерлендірмейміз бе?! Биліктің өкілі болсын, қоғам белсендісі болсын, оның әрекеттерінен кемшілік пен қате іздегенше, ақыл-кеңес, ойға ой қосса, жөн болар еді ғой. Жуырда Маңғыстауда бірқатар жергілікті белсенді азаматтар өздері бастама көтеріп, елді жайлаған індетпен күресуге үлес қосамыз деп «Халыққа көмек» атты қоғамдық штаб құрған екен. Жергілікті кәсіпкер жігіттер уақытты кешіктірмеу үшін шұғыл жабдықтарды өздері алуға көмектеседі. Күн сайын кешке қоғамдық штаб өкілдері облыс, қала басшылығымен кездесіп, ертеңгі күннің жоспарын бірге талқылайды. Міне, билік пен қоғам арасында ынтымақ бар жерде қандай мәселе болмасын, өз шешімін табатыны сөзсіз.
Коронавирусты жұқтырып, ауырған азаматтармен сөйлескенімде менің байқағаным, бұл ауру өкпе мен жүрекке емес, адамның рухына соққы беріп, адамның көңілін құлазытып, еңсесін түсіріп, езіп жіберетін ауру екен. Ал енді бұл індет қазір тұтас адамзаттың, ұлттың көңілін құлазытып отыр. Қалың жұрттың та, індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген азаматтар да, бәрі шаршады. Қаншама отбасы жақындарынан айырылып жатыр. Әрбір адамның қазасы туралы хабар жүрекке салмақ салып, жанымызға терең батады. Әсіресе, соңғы күндері қаралы лентаға айналған әлеуметтік желіні қарау өте қиын. Сол желіде біреудің суреті шықса немесе үйден біреу телефон шалса, жүрегің селк ете түсетін жағдайға жеттік. Иә, жағдай күрделі. Қателіктер де болды. Бірақ жіберілген қателіктерді билік жоққа шығарып отырған жоқ, қайта оларды түзетуге тиісті шараларды шұғыл түрде қабылдап жатыр. Барлық мемлекеттер де осы жарты жылда бірде кешігіп, бірде қателесіп әрекет етуде. Себебі бұл алапат індетпен күресудің оңай бір жолы, әдісі, тәсілі жоқ. Мұндай жағдай тек біздің елде ғана емес, басқа да елдерде тіркелуде. Басқа елдерде де пандемия салдарынан адам өлімі тоқтамай тұр. Бір-екі ай бұрын сол Еуропа елдеріндегі ауруханалардың еденінде жатқан науқас адамдардың, өліктерді тасып апара жатқан жүк машиналарының видеоларын қалайша тез ұмыттық?! Десек те, қанша адам біздің елде жағдайдың күрделілігіне қарамастан, емделіп шығып жатыр. Бұл күреске осы уақытта жүздеген мың адам жұмылдырылды. Медицина, полиция қызметкерлері 5 ай бойына күндіз-түні, демалыссыз жұмыс істеп жатыр. Төтенше режим ресми түрде аяқталғанымен, мемлекет басшылығы да төтенше жағдайдағыдай қызмет етіп жатыр. Жағдай күрделі, бірақ бақылауда. Сондықтан бәрі күйреп, қирап жатыр деуге тағы да болмайды. Жоқты, жетіспеген тұсты айтсақ, онда барды да, жетістікті де айту керек. Алла қаласа, бұл сыннан да еліміз аман-есен өтеді. Сондықтан еңсемізді көтеріп, бірлік пен ынтымағымызды көрсетіп, күресімізді жалғастыра беруіміз керек.
Дереккөз: aikyn.kz