Пандемияға қарамастан Қазақстан мен Корея арасындағы сауда көлемі жоғары деңгейде – Ку Хонг-Сок

28 Қаңтар 2022, 12:50
2098
Бөлісу:
Пандемияға қарамастан Қазақстан мен Корея арасындағы сауда көлемі жоғары деңгейде – Ку Хонг-Сок

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Пандемияға қарамастан Қазақстан мен Корея арасындағы сауда көлемі жоғары деңгейде сақталып отыр. 

Бұл туралы Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ку Хонг-Сок мырза екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың 30 жыл толуына орай жолдаған құттықтауында айтты.

Бүгінде Орталық Азия елдері арасында Қазақстан Кореямен сауда жасау және инвестиция құю көлемі бойынша жетекші ел, ал Қазақстан үшін Корея көлемі жағынан төртінші сауда серіктесі. Пандемияның салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан, екі ел арасындағы сауда көлемі жоғары деңгейде сақталынып тұр. Қазақстан жолдарында көптеген корей автокөлігін көруге болады, ал корей өндірісінің смартфондары мен тұрмыстық техникасы әрбір үйде, әрбір оқу орнында немесе кеңседе бар, - деп айтты елші құттықтау сөзінде.

Елші Ку Хонг-Соктың сөзінше, соңғы уақытта кореялық компаниялар цифрлық индустрия, денсаулық сақтау және болашақтағы ауыл шаруашылығы сияқты жаңа салалардағы ынтымақтастықты әртараптандыруға тырысып келеді. Айтуынша, екі ел арасындағы көміртегі бейтараптылығы мен жаңартылатын энергетика саласында стратегиялық ынтымақтастық орнату үшін үлкен әлеует бар.

Сонымен қатар тәуелсіздік алған сәтте көлемі бойынша әлемдегі төртінші ядролық держава мәртебесінен бас тарту жөнінде батыл шешім қабылдаған Қазақстан  - ядролық қарусыздану мен денуклеаризацияны белсенді қолдайтын халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі. Менің ойымша, Қазақстанның бейбітшілік пен әлемнің бірлесіп өркендеуі үшін ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешімі Орталық Азияның тұрақтылығы мен өркендеуінде маңызды рөл атқарады, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы мәртебесін нығайтудың негізін қалады, - дейді дипломат.

Оның пайымдауынша, ядролық қарусыздану туралы шешім қабылдаған Қазақстанның үлгісі Корея түбегінде бейбітшілік орнатуға жақсы басшылық болады. 

Ку Хонг-Сок мырза Корея Республикасы Үкіметінің Корей түбегіндегі бейбітшілік процесін ілгерілету жөніндегі күш-жігеріне мызғымас қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Үкіметіне ризашылығын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы