Пандемия кезіндегі әлемдік ахуал

3 Маусым 2021, 18:56
2487
Бөлісу:
Пандемия кезіндегі әлемдік ахуал

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресейде пандемияға орай енгізілген эпидемияға қарсы шектеулер вакцина алуға тиісті тұрғындардың көп бөлігі екпе салдырғаннан кейін ішінара алынып тасталуы мүмкін. 

Бұл туралы Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко мәлімдеді. 

Егер халықтың 60% вакцина алса, оған аурудан сауыққандар саны қосылса, біз іс жүзінде жақсы иммунитет қалыптастырамыз. Әрине, эпиджағдайға да қараймыз. Бірақ біз әр түрлі саланы қамтитын шектеулерді жеңілдетуіміз керек, – деді ол. 

Түнгі өмір қайта жанданады. Испанияның бірқатар қалаларында ойын-сауық орындары жуырда өз жұмысын бастайды. Шектеу талаптары 14 күн ішінде 100 000 тұрғынға шаққанда инфекцияны жұқтырудың 50-ден кем оқиғасы тіркелген аймақтарда ғана жеңілдетіледі. Испанияда түнгі клубтардың жұмысы 2020 жылдың тамызынан бастап тоқтап тұрды. Енді барларға түнгі сағат 3:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат беріледі.

Пандемияның артықшылықтары. Бүкіл әлемде енгізілген ұзақ мерзімді локдаундар қалалардағы қылмыс деңгейінің төмендеуіне септігін тигізді. Кембридж және Утрехт ғалымдарының жетекшілік еткен халықаралық зерттеуге қатысушылар осындай қорытындыға келді. Сарапшылар Барселона, Чикаго, Сан-Паулу, Тель-Авив және Ганновер сияқты 27 ірі қаланың деректерін талдады.

Мәселен, пандемия кезінде бұзақылық шабуылдар саны 35%, ал қалта ұрлықтарының саны екі есе азайған. Зерттеушілердің пікірінше, жоғарыда аталған қылмыстардың көпшілігі көшеде жасалатындықтан, пандемия кезінде олардың саны азайып отыр. 

Қайырымдылық марафоны аясындағы COVAX онлайн-конференциясында қосымша 2,4 млрд доллар жиналды. COVAX вакциналарына тең қол жеткізудің халықаралық бағдарламасының донорлары жоспарланғаннан сомадан 400 миллионға артық қаражат жинады. Бұл қаражатқа коронавирусқа қарсы COVAX вакцинасының 1,8 миллион дозасына тапсырыс бере алады.

Жапонияның және GAVI вакциналар мен иммундау жөніндегі жаһандық альянстың бастамасымен ұйымдастырылған конференцияның мақсаты қазірдің өзінде жиналған 6,3 миллиардқа қосымша 2 миллиард доллар жинау болды. Осы ақшаға сатып алынатын екпелер 90-нан астам кедей елдер халқының шамамен 30% қорғай алады.

Швейцария рекорд орнатты. Мұнда COVID-19 пандемиясы басталғалы алғаш рет індеттен мерт болудың бірде бір оқиғасы тіркелген жоқ. Федералды Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен тәулікте инфекцияны жұқтырудың 717 жаңа жағдайы анықталды. SARS-CoV-2 коронавирустық инфекциясының тарала бастағаннан бері ауруды жұқтырғандардың жалпы саны 696 213 адамды құрады, 10 268 науқас қайтыс болды.

Өзгелердің жаңалығы