Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда 2021 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткішке сәйкес, 17 жасқа дейін 6,1 млн бала тұрады, олар елдегі халықтың шамамен 33%-ын құрап отыр. Сондай-ақ, балалардың 3%-ға жуығында мүгедектігі және арнайы қажеттіліктері бар. Бұл өзге елдердегі көрсеткіштен 10-15%-ға төмен.
- ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы жұмысы кезеңінде елде қандай үрдіс байқалды?
- ЮНИСЕФ Қазақстанда 1994 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Балаларға тең мүмкіндік жасау – ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы және әлемдегі маңызды міндеттерінің бірі. Бұл 1994 жылы Қазақстан ратификациялаған БҰҰ-ның бала құқықтары тұжырымдамасына сәйкес, балалардың толыққанды өмір сүру, даму, білім алу құқығын қорғау дегенді білдіреді.
ЮНИСЕФ ҚР Үкіметі, жергілікті мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғаммен бірігіп, балалардың құқығын қорғау және оларды сапалы әлеуметтік көмекпен, денсаулық сақтау, білім берумен қамтамасыз ету бойынша жұмыс істейді.
Соңғы 25 жылда балаларды дамыту саласында бірқатар үрдісті байқадық. Оларға тоқталсақ:
- 1990 жылдан бастап елде медицина қызметі сапасының жақсаруы мен жаппай вакцинациялау нәтижесінде сәби өлімі 3 есеге қысқарды. Ана өлімі – 75%-ға, сәби өлім-жітімі 50%-ға кеміді.- Жүкті және ерте жастағы балалары бар отбасыларды патронаждық сүйемелдеуді жақсарту арқылы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жүйесі нығайтылды.
- Қазақстан жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын жақсарту арқылы анадан балаға АИТВ мен мерездің берілуінің қысқаруына қол жеткізді.
- Инклюзивті білім беру жүйесі нығайып, Қазақстан мектепке дейінгі біліммен қамтылған 3-тен 6 жасқа дейінгі балалардың санын арттыру бойынша қолдауды күшейтті.
- Бас бостандығынан айыру мекемелеріндегі балалардың саны 2009-2019 жылдары 9 есеге дейін қысқарды.
- Қазақстан балалардың құқық бұзушылықтарының алдын алуға және әрекет етуге қатысты халықаралық стандарттарды енгізді.
- Психикалық денсаулықтың бұзылуын ерте анықтауды қоса алғанда, жасөспірімдер мен жастарға арналған қызметтер дамып жатыр. Адамның қорғаныш тапшылық қоздырғышы (АҚТҚ) және басқа да созылмалы аурулары бар балалар мен жасөспірімдер үшін психоәлеуметтік қолдаудың жаңа стандарттары енгізілді.
- Балалардың жарақаттануының алдын алу, төтенше жағдайларға дайындық және балаларға қолайлы қала ортасын құру үшін балалармен жұмыс істейтін денсаулық сақтау және білім беру жүйесі мамандарының біліктілігі артты.
- ЮНИСЕФ COVID-19-бен күресу үшін не істеп жатыр?
- ЮНИСЕФ Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес ортамен бірлесіп, мамандармен балаларға дағдарысты тұрақты еңсеруге бірқатар шара әзірледі.
ЮНИСЕФ сайтында қазақ және орыс тілдерінде материалдары бар онлайн-ресурс құрылды.
Платформада халықты COVID-19-дан қорғану, үйде қашықтан оқытуды ұйымдастыру, психологиялық қолдау, коронавирус кезеңінде жұмыс істейтін мектептерде санитарлық нормаларды сақтау мәселелері бойынша ақпарат берілді.
- COVID-19-дан қорғану бойынша 950 мыңға жуық плакат пен парақша денсаулық сақтау ұйымдары мен емханалар арқылы ерекше балалары бар отбасыларға таратылды.
- ЮНИСЕФ Ұлттық психикалық денсаулық орталығымен бірлесе отырып, халыққа арналған тегін онлайн кеңес өткізу платформасын құрды. Мектеп психологтарына оқушыларды қолдауда ата-аналармен қандай тетіктерді қолдану қажеттігі түсіндірілді. Сондай-ақ, осы бағдарлама аясында 7 мың мектеп психологына пандемия кезінде оқушылар мен олардың ата-аналарына қолдауды күшейту бойынша 30 оқыту онлайн семинары өткізілді.
- Ұлттық еріктілер желісімен бірлесіп ЮНИСЕФ 1500 волонтердің басын қосып, коронавирус кезеңінде дұрыс ақпарат таратып, жастар мен жасөспірімдерге эмоционалдық қолдау көрсету бойынша біліктіліктерін арттыруға жәрдемдесті.
- Қазақстан бойынша 2500-ден астам аз қамтылған мектептер оқу ошақтарында коронавирустың алдын алу мен таралуын болдырмау бойынша онлайн оқыту өткізілді. Бұл шараны ЮНИСЕФ Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктері мен ЮНЕСКО-ның салалық бюросымен бірлесе отырып жүзеге асырды.
- ЮНИСЕФ, ДДСҰ және БҰҰ халық қоныстану қоры Денсаулық сақтау министрлігіне коронавирус кезеңінде ана мен бала денсаулығын қорғау саласында пациенттерге қатысты хаттаманы әзірлеуге жәрдемдесті.
- БҰҰ агенттіктерімен серіктесе отырып ЮНИСЕФ пандемияның халықтың осал тұстарына әсер етуі жағдайына байланнысты зерттеуді жүргізуде.
- АҚШ қызылшамен күреске қыруар қаражат бөлді. Осы орайда жүзеге асырылған іс-шаралар жайында айтып берсеңіз.
- Қызылшаның алдын алу бағдарламасы оның пайда болуын талдау мен қоғамның толыққанды ақпараттандырылуын қарастырады. Медицина қызметкерлері де иммунизация бойынша кешенді дайын болуы тиіс.
ЮНИСЕФ бұл бағдарламаны халықаралық дамыту агенттігі (USAID) арқылы АҚШ үкіметінің қолдауы арқылы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе жүзеге асырып жатыр.
Қызылша дертімен ауыру бүкіл әлемде қауіпті ауқымға жетті. 2019 жылдың қазан айында әлем бойынша 440 263 бала қызылшамен ауырды. Ең көп тіркелген аймақтар: Мадагаскар, Украина, Нигерия, Үндістан, Грузия және Қазақстан.
Осылайша, Қазақстан қызылшамен ауырған ТОП-10 елдің қатарына қосылды. Өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігі 19 бала қызылшаның салдарынан өмірден өткенін хабарлады.
2020 жылдың І тоқсанында 2839 адамның қызылшамен ауыру жағдайы тіркелді. Оның ішінде 32% (646) 1 жасқа дейінгі балалар арасында 46% немесе 1314 жағдай 1 мен 5 жас аралығындағы балаларда кездескен. Бұл халық арасында иммундаудың осал тұстары бар екенін көрсетеді. Ол балаларды COVID-19 кезеңінде вакцинациялаудың үзілістерінде асқынып кетуі мүмкін.
Бағдарлама аясында қызылшаның пайда болу себептеріне талдау жасауға техникалық қолдау көрсетіледі.
Вакцинация бойынша ата-аналардың пікірлері тыңдалып, ақпараттық-шолулық кампаниялар ұйымдастырылып, вакцина мен коммуникация қауіпсіздігі мәселелері бойынша медицина қызметкерлерінің әлеуеті көтеріледі. Сондай-ақ, вакциналарды үздіксіз жабдықтау жүйесін жақсарту және суық тізбекті бақылау назарда болады.
- "Балаға мейірімді қала" халықаралық бастамасының мақсаты мен міндеті қандай?
- Бұл бағдарламаның басты мақсаты – әр қала мен аудан тұрғынына басқарудың, инфрақұрылым мен қызметтердің барлық аспектілерінде балаларға барынша мейірімді болуға көмектесу және балалар мен жастардың осал санаттарына қолдау көрсету.
Бастама бойынша қала әкімі бала құқығын жүзеге асыру бойынша өзіне қарасты жергілікті аймақта негізгі даму бағытын таңдай алады. Бастаманың міндеті – қала жұмысын үйлестіруге қажетті тұрақты тетіктерді құру, балалардың қажеттіліктері мен ұсыныстарына қарай зерттеулерді жиі жүргізу.
Сондай-ақ, қала тұрғындарын балалар мен олардың отбасыларына арналған қызметтер, жоспарланған бастамалар мен іс-шаралар туралы ақпараттандыру ісі де өте маңызды. Бұл орайда Өскемен қаласының жетістігі баршылық. Қалалардағы инфрақұрылымның бейімділігіне келетін болсақ, бұл орайда балалардың таза әрі қауіпсіз қоршаған ортамен қамтылуына аса мән беру керек. Балаға қолайлы орта мен қалаған ойынын таңдау құқығы берілуі тиіс.
Қазіргі уақытта бастамаға елдегі 21 қала мен 4 аудан қолдау білдірді, олардың қатарында Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Ақсай, Ақтау, Атырау, Балқаш, Қарағанды, Қызылорда, Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Степногорск, Текелі, Шымкент, Екібастұз қалалары, сонымен қатар Қарағанды облысының Абай, Нұра және Осакаров аудандары бар.
- Артур ван Дизен мырза, алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!