Тұрғымбаев саусақ ізін тапсыруға міндеттейтін заңның неге кейінге шегерілгенін айтты

19 Мамыр 2021, 17:07
1944
Бөлісу:
Тұрғымбаев саусақ ізін тапсыруға міндеттейтін заңның неге кейінге шегерілгенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң қолданысқа енуі тиіс болған. Заңда дактилоскопиялық, геномдық ақпаратты жинау, өңдеу және қорғау көзделген. Алайда заңның күшіне енуін 2023 жылға ауыстырып жіберген. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев осының себебін түсіндірді.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы» заң жобасы қабылданған кезде, депутаттардың бірі министрден осы жөнінде сұрады.

«Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заңды күшіне енгізу 2021 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылды. Сонымен бірге, заң биометриялық ақпаратты Қазақстан азаматтарының, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың мүдделерінде пайдалануға мүмкіндік беретін тұлғаны биометриялық сәйкестендірудің құқықтық негізін құру үшін жасалғанын еске салғым келеді. Мұндай кейінге қалдыру жоғарыда аталған заң қабылданған жеке адамның және мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндірмей ме?, - деп сұрады депутат Мәлік Құлшар.

Ішкі істер министрі елдің қауіпсіздігі үшін ешқандай қауіп жоқ екенін айтты. Ол саусақ іздері мен геномдық тіркеуді 2021 жылы енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Оның айтуынша, заң күшіне енуі үшін 26 миллиард теңге қажет болған. Бірақ бюджеттен 11 миллиард теңге бөлінген екен.

Азамат шетелден келген кезде, яғни шекарадан өткенде біздің қызметкерлер оны тіркейді. Мұндай тіркеу қонақүйлерде, демалыс үйлерінде де жүзеге асырылады. Алайда техникалық мүмкіндігіміз келмегендіктен, бұл мәселені кейінге шегердік. Өкінішке қарай, техникалық интеграция мәселесі әлі реттелмеді. Пандемия кезінде денсаулық сақтау үшін бізден 15 миллиард теңгені алып қойды. Сондықтан мерзімді 2023 жылға ауыстыруды сұрадық. Меніңше, бұған дейін бізде уақыт болады. Қаражат 2022 жылы бөлінеді, ал біз 2023 жылы жұмысты бастаймыз, - деді министр.

Айта кетейік, азаматтар 16 жасқа толуына байланысты паспорт немесе жеке куәлік алғанда, сондай-ақ мерзімі аяқталып немесе жоғалуына байланысты құжаттарын ауыстырған кезде ғана дактилоскопиялық тіркеуден өтеді.

Өзгелердің жаңалығы