Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде алаяқтық жасады деген күдікпен 24 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті күндізгі уақытта екі жас жігіттің дәріханадан шығып бара жатқанын байқап, өзін полиция қызметкерімін деп таныстырып, олар қылмыс жасаған күдіктілерге ұқсайтынын айтып, өз көлігіне отырғызып, Жеңіс даңғылы мен Молдағұлова көшесінің қиылысына алып келеді.
Содан олардың қалтасын тексере бастағанда біреуінің қалтасынан «Трамадол» дәрі-дәрмегін тауып алып, осы бойынша полиция бөліміне жеткіземін деп қорқытып, жігіттерден ақша алмақ болады.
Алайда жәбірленушілерде жеткілікті мөлшерде ақша болмай шығады, сондықтан алаяқ оларға әйелі ломбардта жұмыс істейтін базарға баруды ұсынады. Оқиға орнына келген жәбірленушілер құны 70 мың теңге тұратын Redmi ұялы телефонын кепілге қалдырып, гаджетті бір күннен кейін алып кететін болып келіскен, - делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.