Өзіміздің жасыл шыршалар сатылып жатқан жоқ па? – Депутат бір күндік қызық үшін кесілген ағаштар туралы айтты

30 Желтоқсан 2021, 11:21
1747
Бөлісу:
Өзіміздің жасыл шыршалар сатылып жатқан жоқ па? – Депутат бір күндік қызық үшін кесілген ағаштар туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутат Ақылбек Күрішбаев Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады.

Бұл сауалымызға, жаңа жыл мерекесі қарсаңында көптеген сауда алаңында үйіліп жатқан жасыл шыршалардың сатылуы негіз болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитарлық қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, Ресейден алып келіп, ресми тіркелген шыршалардың саны 78 мыңды құрайды. Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің берген ақпаратында - 106 мың дана. Осыдан орынды сұрақ туындайды: «импорттық өнім» деп, заңсыз кесілген өзіміздің шыршалар сатылып жатқан жоқ па? – деді сенатор.

Күрішбаев атап өткендей, кең байтақ Қазақстанның жерін көгалдандыру, жасыл желекпен қамту әрбір қазақстандықтың міндеті. Бірақ бірнеше күндік қызыққа бола, ормандарымызға зиян келтіріп, өсіп тұрған ағаштарды қырқу ата дәстүрімізде болмаған.

Орманды алқаптардың биосфераға шешуші әсері болатыны белгілі. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдік қоғамдастықтың назарын табиғаттың функционалды тұтастығын қалпына келтіру қажеттілігіне үнемі аударып отыратыны кездейсоқ емес. Барлық дерлік биомасса өсімдіктердің фотосинтезімен түзіледі, ал бұл биомассаның 90%-ы ормандарда шоғырланған. Бір ағашты кесу арқылы біз жылына 100-ден 700 кг-ға дейін оттегін жоғалтамыз, орманның 1 гектары 10 тоннадан астам көмір қышқылын жинап отырады. Осы факторды ескерсек, бүкіл әлемдегі ормандар экономиканы декарбонизациялауға айтарлықтай үлес қосып, жасыл технологиялардың дамуына ықпал етеді. Сондықтан мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың биологиялық әртүрлілікті сақтау мен ұтымды пайдаланудың ұзақ мерзімді жоспарын бекіту және бес жыл ішінде орман қорында 2 миллиардтан астам және елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу туралы тапсырмасы – бүгінгі уақыттың талабы, - деп атап өтті ол.

Статистика деректері бойынша, Қазақстандағы орман көшеттері 13,2 млн га-ны ғана алып жатыр. Бұл біздің еліміздің аумағының 4,8%-ын ғана құрайды. Тәуелсіздік жылдары елімізде орман қорын кеңейту бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Осы кезеңде орман алқабы 900 мың гектарға өсті. Дегенмен орманды алқаптарды ұдайы кеңейту және орман өсіру жөніндегі жұмыстардың көлемі әлі де жақсартуды қажет етеді.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің деректеріне сүйеніп нақты айтсақ, осы жылдың басынан бері 10 мың текше метр көлемінде заңсыз ағаш кесудің 224 жағдайы анықталған, оның шығыны 153 млн теңгені құрайды.

Орман шаруашылығында екі негізгі міндет бар: орманды сақтау және қорғау, сондай-ақ, орман көшеттерін көбейту арқылы орманды алқаптарды дамыту.

Біріншіден, бүгінде бұл саладағы ең қиын мәселе – кадрлармен қамтамасыз ету. Егер 30 миллион гектарға жуық аумақта орман қорын бақылауды тек 147 инспектор жүзеге асырса, орман ресурстарының сақталуы туралы не айтуға болады? Олардың санын бұрынғыдай кемінде екі есе көбейту ұсынылады.
Екіншіден, орман өсіруде орман көшеттерін сапалы отырғызу ғана емес, оларға ұзақ мерзімді күтім жасау да маңызды. Әйтпесе, бұл мақсатта жұмсалған бюджет қаражатын ысырап етуге болады. Сондықтан орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуетін айтарлықтай нығайту қажет. Қазіргі уақытта олардың техникамен қамтамасыз етілуі нормативтің 66%-ынан аспайды, оның өзінде қолданыстағы техниканың 60%-ының пайдалану мерзімі 10 жылдан асып кеткен. Орманшылардың орташа жалақысы небәрі 70 мың теңгені құрайды. Орман шаруашылығы Қазақстандағы ең төменгі жалақы алатын сала болып табылады, - деп түсіндірді сенатор Ақылбек Күрішбаев.

Үшіншіден, мамандар «орманды сапалы дамыту тұқымнан басталады» дейді. Осыған байланысты заманауи селекциялық орталықтар құрып, еліміздің барлық өңірлерінде орман тұқымы кешендерін ұйымдастыру қажет.

Төртіншіден, біз өрттің салдарынан орман алқаптарын көп жоғалтамыз, сондықтан әр орман шаруашылығында оны ерте анықтау үшін өртпен күресудің заманауи технологиялық жүйесін қалыптастыру өте маңызды.

Депутат азаматтарымыздың экологиялық мәдениетін көтеріп, қоршаған ортаның ажырамас бөлшегі ретіндегі сезімін және табиғатымызды сақтауға қамқорлық көрсетуді қалыптастыру керектігін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы