Мен өзімді қорғауға мәжбүрмін. Сотта экс-министр Қуандық Бишімбаев жауап беріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біздің ұрыс-керісіміз, сол кештегі менің әрекеттерім болмаса, ештеңе болмас па еді?! Осыған назар аударсаңыздар екен. Мен мұны айтуға тиіспін. Мен ұсталғаннан бастап, Салтанаттың туыстары мен ағасы белсенді "пиар" компания құрып алды. Сіздер интернеттен "көзі ойылған", "бас сүйегі" сынған деген ақпарат оқыдыңыздар. Бәрі шындыққа жанаспайды. Мен кез келген жазаны қабылдауға дайынмын. Бірақ осындай көзқарас қалыптасқаннан кейін мен өзімді қорғауға мәжбүрмін. Сіздерге өтірік айтудың ешқандай мәні жоқ. Мені 5 ай бойы айуан деді, көзін ойып алды деді. Мұның бәрі шындыққа жанаспайды, - деді Бишімбаев.
Бишімбаев өзінің де ауыр халде болғанын айтады.
"Бұрынғы министр", "Ол сондай" деген сияқты пікірлер, сөздер менің айналамда қалыптасып жатыр. Осы уақытқа дейін ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтуға мүмкіндік болмады. Зардап шеккен тараптың адвокаттары айтқандай, менің де айтатын мүмкіндігім болды. Бірақ мен күш-қуатымды жинап, шешім қабылдағанда сіздер де менің қандай халде болғанымды түсінулеріңіз керек, - деді ол.
Еске сала кетейік, осыған дейін Қуандық Бишімбаевтан тағы жауап алынатыны туралы жазғанбыз. Бишімбаев Салтанат Нүкенованы қасақана өлтірмегенін айтты.
Осыған дейін БАО мейрамханасында бармен болған Абылайхан Ерденов экс-министрдің сол күні қандай күйде жүргенін айтқан еді.
Сондай-ақ өткен аптада Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары марқұм Салтанат Нүкенованың ағасына бірқатар сұрақ қойған болатын. Сол сотта Нүкенованың ағасы қарындасының көгерген бет-жүзінің фотосуретін көрсеткен еді.