Өзімді қазақпын деп санаймын. «Үнділік адай» атанған Хитеш Чандра Вадодария

1 Мамыр 2023, 11:01
5187
Бөлісу:
Өзімді қазақпын деп санаймын. «Үнділік адай» атанған Хитеш Чандра Вадодария
PHOTO
Фото: Артём Чурсинов

Бүгін, яғни 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні. Өздеріңіз білетіндей, елімізде 120-дан аса этнос өкілі тұрады. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан ұлт өкілдері бүгін де бір-біріне құрметпен қарап, қамқорлық көрсетуден жалыққан емес. Солардың бірі – үндістандық Хитеш Чандра Вадодария, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Хитеш Чандра Вадодария Үндістанның Джамшетпур деген қаласында дүниеге келген. Қазақстанда тұрып жатқанына 21 жылдай болған. Ол алғаш рет қазақ жеріне 2003 жылы келген.

Өзімді қазақпын деп санаймын. «Үнділік адай» атанған Хитеш Чандра Вадодария

- Хитеш Чандра Вадодария мырза, сұқбатымызды өзіңіз жайлы әңгімеден бастасақ...

- 1979 жылы Үндістандағы өнеркәсіптік қала Джамшетпурда дүниеге келдім. Ата-анам есепші, яғни бухгалтер болды. Кейін мен және бауырларым дүниеге келгеннен кейін анам жұмысынан шығып, үй шаруасын қолына алды. Отбасында 4 баламыз. 15 жасымда әкеме көмектесе бастадым. Себебі біз көпбалалы отбасы болғандықтан, бір асыраушының жалақысы жеткіліксіз болды. Сөйтіп мен де есепші жұмысын үйрене бастадым. Күндіз жұмыс істеп, түнде сабақ оқыдым. Еңбегім еш зая кетпеді. Себебі мені ірі шай зауытына шақырады, содан кейін Мәскеуге іссапарға жіберді.

Мәскеуге келгенімде орыс тілін мүлде білмедім, оның үстіне жасым 20-да болды. Қоймада күні-түні жұмыс істегенім әлі есімде. Температура - 25 градус. Ал мен мұндай суықты өмірімде көрмегенмін. Бірдеңе сұрағым келсе, қоймада жүк тиеушілер ғана бар. Олар мені түсінбейді, мен оларды түсінбеймін. Осыдан кейін тіл үйрену өте маңызды екенін түсіндім. Әріптестеріммен сөйлесіп, теледидар көрдім. Сөйтіп бір жылға жуық уақыттың ішінде тілді оқулықсыз меңгеріп алдым.

1,5 жылдан кейін Мәскеуден Алматыға ірі көлік-логистикалық компанияға, одан кейін Ақтауға ауыстырылдым. Алғашында іссапарды небәрі 1,5 айға созады деп ойлағанымен, соңында ол ұзақ 15 жылға созылды. Сөйтіп міне Қазақстанда тұрып жатқаныма 21 жылдай болды.

- Маңғыстауда немен айналысасыз?

Маңғыстауда тұрып жатқаныма 20 жылдай болды. Қайырымдылықпен айналысамын. Сонымен қатар Ақтауда 2021 жылы «Cәлем Намасте» үндістандық этномәдени бірлестікті ашқан болатынбыз. Бұл – Қазақстандағы алғашқы этномәдени бірлестік. Маңғыстау облысы аумағында мәдени-ағарту жұмыстарымен және қазақ-үндістандық мәдениетті дамыту мақсатында жүргізу. Біздің ең басты міндетіміз – алдымен қазақтың мәдениетін таныту, сосын үндістандық мәдениетті. Бұл - алдымызға қойған мақсаттардың бастысы.

Маңғыстау облысы «Сәлем Намасте-Сәлем Намасте» үндістандық этно-мәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Надежда Вадодария. Менің жұбайым. Ал мен Надежданың орынбасарымын. Бірлестіктің құрамында 20 мүше бар. Маңғыстау облысында шамамен 60-тан аса үндістандық тұрады. Ал жұмыс істеуге келген 200-ден аса үндістандық бар. 5 жыл бұрын олардың саны 3 000 болатын.

Өзімді қазақпын деп санаймын. «Үнділік адай» атанған Хитеш Чандра Вадодария

- Қазақстанға жұмыс бабымен келдім дедіңіз... Бірақ қалай маңғыстаулық атанып кеттіңіз?

Қазақстанға алғаш келгенімізде ел туралы мүлде ақпарат білмедім. Бірақ осында келген соң өте әдемі, ерекше ел екеніне көзім жетті.

Барлығымыз Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Бұл елді шын жүректен жақсы көреміз.

Мені маңғыстаулықтар «үнділік адай» деп атайды. Мен өзімді қазақпын деп санаймын. Өйткені ойлап қарасаңыз, мен осы елде 20 жылдан бері тұрамын. Мен алғаш келгенде Қазақстан мені қабылдады. Маған керектің бәрін берді – қуаныш, күлкі, бәрін. Жұбайым да ақтаулық.

Жоғарыда айтқанымдай, Мәскеудегі фирмам шай зауытын ашу үшін Алматыға жіберген болатын. Кейін Қазақстанда логистикалық қызмет көрсету бизнесін ұйымдастыру туралы ұсыныс алып, Ақтауға ауыстым. Ол жақта мені тағдыр жұбайым Надеждамен жолықтырды. Сөйтіп 2007 жылы шаңырақ көтеріп, Ақтауда қалдым. Қазір үш қызымыз бар.

Өзімді қазақпын деп санаймын. «Үнділік адай» атанған Хитеш Чандра Вадодария

- Қоғамдық бірлестік қазақ мәдениетін қалай дамытып жатыр?

Қазақ мәдениеті ерекше, бірегей деп есептеймін. Қазақ және үндістандық мәдениет ұқсас десем болады. Үндістан тілінде қазақ тіліндегідей ұқсас сөздер өте көп. Мысалы, махаббат, дос.

Қазақтар - өте қонақжай халық. Дәл қазақтар сияқты қонақжай халық жоқ. Үлкендерді сыйлап, кішілерге ізет көрсететін ұлт. Үндістанда да дәл осылай.

Үндістан - өте үлкен демократиялық мемлекет. Бірақ Қазақстан халқы Ассамблеясындағыдай бірегей идея, бірегей шаңырақ әлемде жоқ.

Бір шаңырақ астында өз мәдениетін көрсетіп, сол елде береке-бірлікте тұруға мүмкіндік беретін ел жоқ десек болады. Мұндай әлемде жоқ. Тек Қазақстанда ғана. Сол себепті осындай мүмкіндіктер ұсынып отырған мемлекетке, қазақстандықтарға алғысымыз шексіз.

- Сіз үшін Қазақстан қандай мемлекет?

Қазақ елін қайырымдылықпен айналысатын меценаттар жері деп есептеймін. Неге? Себебі қай заманда болмасын қазақтар өзге ұлттарды өз жеріне қабылдай білді. Сол себепті Қазақстанда меценаттар өте көп деп ойлаймын.

Маңғыстауда қайырымдылық қорлары өте көп. Біз де қайырымды істермен айналысып, мұқтаж жандарға көмектесеміз.

Хитеш Чандра Вадодария сұқбат кезінде қазір қазақ тілін үйреніп жүргенін айтып, өзі жайында қысқа ақпаратты қазақ тілінде таныстырды.

Сонымен қатар Хитеш мырза қазақстандықтарды 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күнімен құттықтап, отандастарымызға береке-бірлік, ашық аспан тіледі.

Өзгелердің жаңалығы