«Өзенмұнайгаз» мәселесі. Тексеру аяқталып, бірқатар заңбұзушылық анықталды

23 Маусым 2023, 15:05
910
Бөлісу:
«Өзенмұнайгаз» мәселесі. Тексеру аяқталып, бірқатар заңбұзушылық анықталды
Фото: Қоғамдық коммуникация орталығынан

Жаңаөзен қаласында бір ай болған жұмыс тобының басшысы Дәулетжан Хасанов корпоративтік орталық деңгейінде «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметіне кешенді тексеру жүргізу былтырдан бері жоспарланғанын айтты, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

ҚМГ басқарма төрағасының орынбасары, Жұмыс тобының жетекшісі Дәулетжан Хасанов, ҚМГ Экономикалық және ішкі қауіпсіздік бөлімінің бастығы Әділ Атабаев, ҚМГ Адами ресурстарды басқару департаментінің бас маманы Бақдәулет Төлеген, ҚМГ Мұнай және газ өндіру департаментінің бас маманы Жігер Жөкебаев қатысты.

Еншілес мекемелердің кәсіподақ өкілдерімен тығыз жұмыс істеп, тек былтырдың өзінде «Өзенмұнайгаздың» кәсіподақ жетекшілерімен және мүшелерімен бірқатар кездесу өтккен. Олар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жұмысшылардың арыз-шағымдарын жеткізді. Сол себепті кешенді тексеру сол кезде жоспарланды. Ал «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС жұмысшыларымен болған жағдай тексеруді кейінге қалдырмай ертерек бастауға түрткі болды.

Арнайы жұмыс тобы ҚМГ-нің, еншілес және тәуелді мекемелердің 50-ден астам қызметкерлерінен құрылды. Сарапшы ретінде Денсаулық сақтау министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері шақырылды. Шаруашылық қызметтің 55 нысанына, соның ішінде ӨМГ-нің 17 өндірістік құрылымдық бөлімшесі, ҚМГ-нің 8 мұнай сервис мекемесі және 30 мердігер ұйым бойынша талдау жұмыстары жүргізілді.

Құқық қорғау органдарына берілген фактілер

ӨМГ-нің қаржы-экономикалық қызметін талдау нәтижелері бойынша 118 бұзушылық пен сәйкессіздік анықталды, соның ішінде:

- 7 факт құқық қорғау органдарына берілді;

- 10 мәселе бойынша қызметтік тергеу жүріп жатыр;

- 101 мәселе бойынша жауапты адамдарға тәртіптік жаза қолданылады.

Одан кейін жұмыс тобының өкілдері құқық қорғау органдарына берілген 7 фактінің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтті. Мәселен, ӨМГ-дың жалған түрде сырттан жұмысшыларды жалдағаны туралы ақпарат тексерілді. ӨМГ-ға келтірілген шығын көлемі алдын ала есеп бойынша, 47 млн теңге шамасында екені анықталды.

Сонымен қатар, 2022-2023 жылдары ӨМГ және «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС арасында жасалған келісімшартқа сәйкес, орындалған жұмыс актілеріне талдау жүргізу нәтижесінде жұмыс уақыты шамадан тыс, 311 бригада-сағатты немесе 27,8 млн теңгені қамтығаны, сондай-ақ, 69 млн теңге көлемінде жұмыстың орындалмағаны анықталды. Нәтижесінде 97 млн теңге артық төленген болып шықты.

Жұмысқа қабылдау алгоритмі бұзылған

Тексеріс ӨМГ компаниясына жұмысқа алу алгоритмі бұзылғаны анықтады. Бекітілген ережеге сәйкес, жұмыс іздеушілер кезегі келгенде алдымен қаланың коммуналды кәсіпорындарында қызмет етіп, кейін ӨМГ аутстаффингінде жұмыс істеген соң компанияда бос орындар пайда болған кезде ғана штатқа қабылдануы тиіс. Мысалы, жұмысқа қабылдануы тиіс әкімшіліктің тізіміне кірген 44 адам қаланың коммуналды кәсіпорындары «ӨзенИнвест» МКК, «Таза су» ЖШС және «Verity Group» ЖШС тізімінде жоқ болып шықты. Анықталған факт бойынша материалдар Жаңаөзен қалалық прокуратурасына жіберілді.

Тексеру нәтижесінде сирек қолданыстағы мамандық иесі ретінде жұмысқа қабылданған 238 адамның 17-нің біліктілігі жоқ болып шықты. Тағы 33 адам қысқа мерзімде компаниядағы өзге қызметтерге ауысып кеткен. Демек, сирек қолданыстағы мамандық иесіне деген сұранысты штатқа қабылданудың амалы ретінде пайдаланған. Сонымен қатар, Маңғыстау облысы оқу орындарының жалған сертификаттары ӨМГ компаниясының штатына кіру үшін пайдаланылғаны туралы фактілер де тиісті органдардың тексеруіне жіберілді.

Одан бөлек, «Өзенмұнайгаз» АҚ Корпоративті оқу орталығының хаттамасында комиссия мүшелерінің атынан әлдекімдер жалған қол қойып, жұмысқа қабылдау процедурасынан өтпеген адамдарды инженер қызметіне қабылдағаны туралы факті анықталды.

ҚМГ Адами ресурстарды басқару департаментінің бас маманы Бақдәулет Төлегеннің айтуынша, ӨМГ компаниясына жұмысқа қабылдау ережелерін өрескел бұзушылар белден басып, әділдіктен аттап, сыбайлас жемқорлыққа негіз болған заңсыз әрекеттерге барғаны туралы күдік туғызып отыр. Бұл, өз кезегінде, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген Жаңаөзен қаласы тұрғындарының арасында әлеуметтік наразылық тудырды.

Ішкі коммуникация мәселесі

«Өзенмұнайгаз» компаниясындағы ішкі коммуникацияның әлсіздігі байқалған. Еңбек ұжымдарымен есеп беру кездесулерінің уақытылы өткізілмеуі немесе мүлдем болмауы ақпарат кеңістігінде ӨМГ туралы жалған немесе компанияның беделін түсіретін мәліметтердің пайда болуына себеп болған. Жұмысшылар компанияның нақты жағдайынан хабардар емес, оған қатысты өзекті мәселелерді шешуге араласпайды. Мысалы, ӨМГ ұжымы үшін компанияның күрделі қаржылық жағдайы туралы ақпарат күтпеген жағдай болды. Осыған байланысты бүгінгі таңда ішкі коммуникация мәдениетін көтеру бойынша жоспар дайындалып, компания басшылығының ұжыммен жеке кездесулерінің кестесі бекітілген.

Өндірістегі түйткілдер

Жұмыс тобының жетекшісі Дәулетжан Хасанов ӨМГ-нің өндірістік процестерін тексеру қорытындыларына, оның ішінде көлікпен қамту және ұңғымаларды жерасты жөндеу мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, жұмыс орнынан уақытынан бұрын кету және көлікті гаражға ерте өткізу фактілері анықталған. Бірқатар басқармада 2023 жылдың 4 айында шамамен жұмыс уақытының 170 000 сағаты орындалмаған, өндірістен тыс шығыс мөлшері шамамен 1,2 млрд теңге. Бұрғылау жұмыстары басқармасында 205 автокөліктің 199-ына GPS-трекер орнатылған, алайда олардың тек 70-і жұмыс істеп тұр.

Сонымен қатар, ұңғымаларды жерасты жөндеу жұмыстары барысында технологиялық регламенттің сақталмауы байқалған. Ұңғымаларды жерасты жөндеу бригадасы жоспарды орындау үшін кенжарды жуу, тазарту және ұңғымаларды сапалы сөндіру секілді негізгі жұмыстарды сирек атқарған. Одан бөлек, ұңғымалардың тоқтап қалуына жол бермеу үшін жөндеу аралық кезеңде профилактикалық және реанимациялық жұмыстар орындалмапты.

Жөндеу бригадалары қабылдау көпірлері, превенторлар, шарлы крандар, гидрокілттер, спайдерлермен дұрыс қамтылмаған. Мұның барлығы ұңғымалардың беріктігі мен қауіпсіздігіне әсер етеді.

Сатып алудағы олқылықтар

Сатып алу және өндірісті қамту саласында да олқылықтар анықталды. Мәселен, тексеру кезінде 2023 жылға арналған сатып алу жоспары 65%-ға орындалған, соның ішінде тауар позициялары бойынша бар-жоғы 58% қамтылды, яғни тауар ұсыныстарының 42% бойынша келісімшарттар жасалмаған. Келісімшарт жасалған 61 позиция бойынша орындау мерзімі сақталмаған. Тендер құжаттамасының нашар әзірленуіне байланысты қызмет көрсету мен жұмыстар бойынша 14 сатып алу ұсынысы тоқтатылды.

Дер уақытында орындамаудың басты себептері – тауар бағаларының әлсіз маркетингі, техникалық құжаттардың сапасыз әзірленуі, бақылаудың нашар болуы және жабдықты жасап шығару процесін сол жерге барып бақылау тәжірибесінің жоқтығы.

Келісімшарт жасалып қойған позициялар бойынша кешіктіріп орындау фактілері де анықталды. Тексеру кезінде жылдық көлемнің 36% ғана орындалған, кешіктірудің негізгі себебі – міндеттердің орындалуына бақылаудың жоқтығы, міндеттерін орындамағаны үшін келісімшартты бұзу жағдайлары тіркелмеген.

Жоғарыда аталған деректердің барлығы түптеп келгенде тауарлар мен материалдық құралдардың жетіспеушілігін, өндірісті уақтылы қамтамасыз етпеу және еңбек ұжымдары арасында наразылықтың өршуіне негіз болды деп қорытынды жасады жұмыс тобы.

Көріп отырғандарыңыздай, жұмыс тобы ауқымды, кешенді жұмыс істеді. Анықталған бірқатар бұзушылық бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді. Қазір нақты бағыттар бойынша кемшіліктерді жою мақсатында жоспар әзірленіп жатыр. Олардың кейбірі терең жүйелік сипатта болады. Оларды шешу үшін, біріншіден, уақыт, екіншіден, қосымша қаржы қажет. Сондықтан бұл жұмысты алдағы бірнеше жылда Өзенмұнайгазбен бірлесе отырып атқарамыз,– деп түйіндеді ҚМГ басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов.

Өзгелердің жаңалығы