Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өзбекстанның оңтүстігіндегі Сурхандария облысына қарасты Денау қаласындағы сауда орталығында жарылыс болды. Жарылыстан бір адам қаза болып, тоғыз адам жараланған.
Бұл туралы Өзбекстан төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Құтқарушылар мәліметінше, жарылыс жергілікті уақыт бойынша түнгі 3:57-де болған. Екі қабатты "Инденим" сауда кешені қала орталығына орналасқан. Жарылыстан ғимарат қабырғаларының бір жағы құлап, өртенген.
Жарылста жараланған тоғыз адам ауруханаға жеткізілді. Үйінді астынан бір адам табылды, – дейді Төтенше жағдайлар министрлігі.
Баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, өрт жарты сағаттан соң өшірілген.
Өзбек БАҚ-тары жарылыс болған жерге Өзбекстан үкіметінің бірінші вице-премьері Ачилбой Раматов бастаған үкімет комиссиясы келгенін хабарлады. Үкімет жарылыстың неден болғаны жайлы әзірге мәлімет бермеген.