K тобындағы алғашқы тур аясында Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионында өткен кездесуде Колумбия құрамасы 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Бұл матч Өзбекстан үшін әлем чемпионатының финалдық кезеңіндегі алғашқы ойын болды. Осыған байланысты елде жұмыс күнінің басталу уақыты екі сағатқа кейінге шегеріліп, жанкүйерлер тарихи кездесуді ерекше ықыласпен тамашалады.
Кездесудің алғашқы бөлігінде Колумбия құрамасы басымдық танытып, допқа иелік ету мен қауіпті шабуылдар саны бойынша алда болды. Нәтижесінде 40-минутта қорғаушы Даниэль Муньос есеп ашып, өз командасын алға шығарды.
Екінші таймда Өзбекстан құрамасы белсендірек әрекет етіп, 60-минутта тарихи жетістікке қол жеткізді. Аббосбек Файзуллаев әлем чемпионаттарындағы Өзбекстан құрамасының алғашқы голын соғып, есепті теңестірді.
Алайда арада 5 минут өткенде колумбиялық шабуылшы Луис Диас өз командасын қайтадан алға шығарды. Ал матчқа қосылған қосымша уақытта Хаминтон Кампас үшінші голды соғып, ойынның соңғы нәтижесін тіркеді – 3:1.
«Ацтека» стадионында өткен кездесуді 80 824 көрермен тамашалады. Бұл матч Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатындағы дебюті ғана емес, турнир тарихындағы алғашқы голымен де есте қалды.
Айта кетейік, Өзбекстан құрамасы тұңғыш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. Команда K тобында Португалия, Колумбия және Конго Демократиялық Республикасымен бірге өнер көрсетуде.