Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледж директоры Бақытжан Сайлыбаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс президенттік сайлау өтетіндігі туралы үндеуіне байланысты өз пайымын жеткізді.
Бақытжан Әбдіхалықұлының пікірінше, 2019 жыл тарихи оқиғаларға толы кезең ретінде ел шежіресінде қалады.
«Саяси-қоғамдық өмірдегі өзгерістерге қарамастан, Қазақстан өзінің ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымын, бағыт-бағдарын берік сақтап қалды. Сонымен қатар, Елбасының қажырлы қызметінің арқасында қол жеткізген жетістіктер және қолға алынған ұлы істер аяқсыз қалмай, ары қарай жалғасын таба бермек. Демократиялық елге тән салиқали шешім қабылданып, ынтымақты бейбіт жолымыздан айнымадық. Сондықтан, Мемлекет басшысының кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы шешімі халқымыздың мақсат-мүддесін қорғау үшін жасалған батыл қадам деп білгеніміз жөн. Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл тәуекелшілдігі һәм көрегендігі санасы сан-саққа жүгірген жұрттың сұрағына жауап берді деп ойлаймын. Яғни көңілдердегі алаңды су сепкендей басып қана қоймай, мемлекеттің бүгінгі және болашақтағы даму стратегиясын, мақсат-міндетін айқын атап көрсетті. Көкейдегіні дөп басқандықтан көпшілік Тоқаевтың үндеуін құп көрді, – дейді Бақытжан Әбдіхалықұлы.
Оның айтуынша, Елбасы Тәуелсіз еліміздің бірлігін нығайтын, дүние жүзі таныған дәулеті тасыған, санасы серпілген қуатты мемлекет пен ынтымақты қоғам қалыптастырды. Әсіресе, жастардың ғаламдық білім мен ғылым кеңістігінде бәсекелік қабілетін шыңдау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жастардың әлемнің маңдайалды оқу орындарында оқуына, еліміздегі білім ордаларының материалдық-техникалық базасын жақсартуға, оқытушыларың біліктілігін арттыруға, студенттердің заманға лайық білім мен тәжірибе алуына мүмкіндік беретін шаралардың нәтижесі бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай.
«Алып мемлекеттердің басшылары Елбасының кеңеңгер саясаткер, пассионар тұлға екенін мойындаған. Мұны халықаралық кездесулерде олардың Тұңғыш Президентіміздің сөзіне ден қойып, санасып отыратынынан білуге болады. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көп конфессиялы және көп ұлтты мемлекеттің тұрақтылығын, бірлігін сақтаудағы, қазақ халқының тарихи тамырын, мәдениетін жаңғырту жолындағы еңбегі ұшан-теңіз. Қасиетті топырағымызда тыныштық болып тұрғанда азаматтар еш алаңдамай біліп алып, кәсібін өрлете берері анық. Сондықтан, сайлауда Елбасының ізін жалғайтын, Қазақстанның дамуын жаңа деңгейге көтеретін мемлекетшіл, дана әрі іскер басшы президент болады деп сенеміз. Ол үшін әрбір отбасы, әрбір азамат саяси науқанға салғырт қарамауы қажет. Өз тағдырымыз өз қолымызда екенін ұмытпағанымыз абзал. Өйткені, президентті таңдайтын біз, яғни халық», - деді колледж директоры.