Алматы қаласындағы Үлкен Алматы шатқалында (теңіз деңгейінен шамамен 2500 метр биіктікте) шетелдік туристке құтқарушылар көмектесті. Оқиға туралы хабарлама кешкі уақытта түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің мамандары дереу оқиға орнына аттанып, көрсетілген аумақта іздеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 1981 жылы туған Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматы табылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, туристің аяқтары тартылып қалып, таудан өз бетінше түсуге шамасы келмеген. Құтқарушылар оған алғашқы көмек көрсетіп, қауіпсіз түрде төменге түсірді.
Дәрігерлердің тексеруінен кейін туристке қосымша медициналық көмек қажет болмағаны белгілі болды.
ТЖМ мамандары тауға шыққанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Атап айтқанда, физикалық дайындықты ескеру, жеткілікті су, байланыс құралы және алғашқы көмек қобдишасын бірге алып жүру маңызды екені айтылды.