Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «Қазақстандағы жастар саясаты: өзекті проблемалар мен даму болашағы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел кезінде Парламент Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов Мәдениет және спорт министрлігіне сұрақ қойды.
Ол отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамытуды, балаларға арналған спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімділігін қамтамасыз етуді, ауылдағы жастарды спортқа тартуды тапсырғанын еске салды.
Аталған тапсырма бойынша Мәдениет министрлігі 2025 жылға дейін жол картасын қабылдады. Бюджет есебінен 84,7 млрд теңге қарастырылған. Бірақ, өкінішке қарай, жол картасында имидждік шараларға басымдық берілген. Ауылдық жерлердегі спорттық инфрақұрылымды дамыту, балалар және жасөспірімдерге арналған клубтарды және дене дайындығы клубтарын ашу бойынша нақты жоспар жоқ, - деді Ахметов отырыста.
Жас депутат осы бағыт бойынша министрліктің атқарып жатқан жұмыстарына байланысты сұрақ қойды.
Егер жұмыс атқарып жатсаңыздар, онда осы жылдың аяғына дейін 5 спорт кешені, кешен демей-ақ қояйын, спорт клубы ашылатын Қазақстан бойынша ойыңызда тұрған 5 ауылды айтып беріңізші, - деп сұрақ қойды ол Серік Сәпиевке.Өз кезегінде МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Мәди Ахметовтің сұрағына нақты мәліметті жазбаша түрде беретінін айтты.