Отырарда 96 балаға тиесілі 9 миллион теңге әлеуметтік көмек толық төленбеген

Әр балаға берілуі тиіс 4 АЕК орнына 3 АЕК аударылған. Прокуратура араласқаннан кейін балалардың құқығы қалпына келтіріліп, 9 миллион теңгеге жуық қаражат өтелді.

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2 Қараша 2026, 12:45
2 Қараша 2026, 12:45
142
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Отырар ауданында ерекше қажеттіліктері бар 96 балаға тиесілі әлеуметтік көмектің толық төленбегені анықталды. Прокуратураның араласуынан кейін балаларға тиесілі 9 миллион теңгеге жуық қаражат толық өтелді. Бұл туралы ҚР Бас прократцрасы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Отырар ауданы прокуратурасы аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметіне талдау жүргізген. Нәтижесінде 2023-2025 жылдары 7 мен 18 жас аралығындағы мүгедектігі бар балаларға әлеуметтік көмектің белгіленген мөлшерден аз төленгені белгілі болды.

Аудандық мәслихат шешіміне сәйкес, І, ІІ және ІІІ топтағы мүгедектігі бар әр балаға ай сайын 4 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде көмек берілуі тиіс болған. Алайда 96 балаға бұл қаражаттың орнына 3 АЕК мөлшерінде ғана төленген.

Осылайша, балалардың заңмен кепілдік берілген әлеуметтік құқықтары бұзылған. Прокурорлық қадағалау актісінен кейін заң бұзушылықтар толық жойылып, 96 баланың құқығы қалпына келтірілді. Сондай-ақ төленбей қалған 9 миллион теңгеге жуық қаражат толық көлемде өтелді.

Аудан прокуратурасы әлеуметтік осал топтардың, соның ішінде ерекше күтімді қажет ететін балалардың құқықтарын қорғау мәселесі тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.

Наверх