Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы сайлаудан кейін алғаш рет журналистер алдына шығып сұрақтарға жауап берді.
«Үкімет отставкаға кетуі мүмкін бе?» деген журналист сұрағына мемлекет басшысы заңнамаға сәйкес Үкімет отставкаға кетпейтінін айтты. Дегенмен кадрлық тағайындаулар болатынын жасырмады.
«Біздің заңнамаға сәйкес Үкімет қазір отставкаға кетпейді. Дегенмен нақты кадрлық тағайындаулар болады. Оның ішінде мен уәде еткен Үкімет мүшелеріне жаңа тұлғалар қабылданады. Олардың қатарында жас буын өкілдері де болады. Жалпы жастарға байланысты айтар болсам, өте қабілетті кадрларды қабылдау керек деп есептеймін. Президенттік кадр тізімін құрамыз. Оның құрамына барлық аймақтан 300 адам кіреді. Бұл тізімді жаңартып отырамыз. Бірақ ең басты мақсат – жастарды мемлекет басқаруға жұмылдыру. Қазақстанның болашағы жастарға тиесілі. Бұл – өмір заңы. Сондықтан осы бағытта жұмыс істейміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Ақордада БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында.
Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау барысында кандидаттардың барлығына анық мүмкіндіктер жасалғанын айтқан болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінің қашан өтетінін айтты.