Өткенге шолу: Күлекбаевтың қолымен жасалған қаралы күн

Бөлісу:
Өткенге шолу: Күлекбаевтың қолымен жасалған қаралы күн
Фото: BAQ.KZ

Осыдан 8 жыл бұрын еліміздің оңтүстік астанасы Алматыда болған оқиға халқымыздың есінде мәңгі қаралы күн болып сақталады. 2016 жылы 18 шілдеде өмір бойына бас бостандығынан айырылған Руслан Күлекбаев 9 адамды атып өлтірген еді. BAQ.KZ тілшісі оқиғаның неден басталғанына шолу жасап, басқа да террористік актілер туралы материалдар жинақтады.

Күлекбаев кек алғысы келген

Руслан Күлекбаев алғашқы құрбанын 2016 жылы 17 шілдеде атып өлтірген. Ол Алматыда жезөкшелікпен айналысқан Өзбекстан елінен келген әйелді атып тастады. Тергеу барысында анықталғандай, ол әйелді айналысып жүрген ісіне діни тұрғыдан қарсы болғандықтан өлтірген.

Қандықол қылмыскер қолына қару алғызған жайттар туралы былай деген еді:

Расында, судьялар, прокурорлар мен полицейлерден кек алғым келді. Маған кесілген жаза - әділ емес. Алдымен Алмалы аудандық сотына бардым, бірақ форма киген ешкімді кездестірмедім. Ол жерден Алмалы АІІБ-ге жеттім де, посттан шыға салған адамды аттым. Сосын өзге полицейлерді аттым... Мен формадағы адамдарға оқ аттым. Қарапайым адамдарға тиіспедім. Жезөкшенің өліміне қатысты айтар болсам, мен оған және өзге жезөкшелерге істерінің харам екенін бірнеше рет ескерттім. Әсіресе қасиетті Рамазан айында. Жезөкшелік үшін Алланың қаһарына ұшырайсыңдар деп едім, олар тыңдамады. Сосын мен оны атып тастадым, - деген болатын қылмыскер.

Күлекбаев макаров тапаншасы мен шолақ мылтықты тауып алған. Оның сөзіне қарағанда, қаруды қай жерден тауып алғаны есінде жоқ. Қаруларды полицейлер тексерген. Екі қару да еш жерде тіркелмеген, ешқандай қылмысқа қатысы жоқ.

Күлекбаев пейнтболдың арқасында атуды жақсы меңгерген. Ол кезінде кикбокспен кәсіби түрде айналысқан. Бірақ әскерде болмаған.

Қызылорда облысының тумасы Руслан Күлекбаев бұған дейін де істі болған. Бірінші рет Күлекбаев 2010 жылы әйелді тонағаны үшін сотталған. Ол жәбірленушінің басынан ұрып, 115 мың теңге салынған сөмкесін алып кеткен. Бұл қылмысы үшін ол екі жылға шартты түрде сотталады.

Ал 2012 жылы Күлекбаевтан револьвер, оқ-дәрі және бәсеңдеткіш табылып, 3,5 жылға сотталған еді. Ол түрмеде өткізген жылдары үшін полицейлерден кек алуды ойлаған.

2016 жылы теракт салдарынан құқық қорғау органдары мен басқа да мемлекеттік органдардың сегіз қызметкері мен екі азамат қаза тапты. Алматы ІІД күдікті жалғыз әрекет еткенін мәлімдеді.

2016 жылы 2 қарашада Руслан Күлекбаев барлығы 68 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына сотталды және кісі өлтіру, қастандық жасау, қарақшылық шабуыл, қару ұрлау және заңсыз пайдалану, заңсыз қару әзірлеу, заңсыз бас бостандығынан айыру, көлік айдап әкету, террорлық акт қылмыстары үшін өлім жазасына кесілді. Алайда 2003 жылы Президент қол қойған мораторийге байланысты өлім жазасы әлі орындалмады.

Еске сала кетсек, халық арасында "Қара бүркіт" аталып кеткен Қостанай облысындағы 30 шақырым жерде 161/3 ерекше режимдегі түрмеде 10 адамды опат қылған Руслан Күлекбаев жазасын өтеп жатыр.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұдан басқа да лаңкестік әрекеттер болды. Мақаламызда солардың бірнешеуіне шолу жасап көрелік.

Ақтөбедегі теракт

2016 жылдың 5 маусымында радикал дін ағымындағы 40-тан аса ер адам Ақтөбеде теракт жасады. Террористер «Паллада», «Пантера» қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасап, №6655 әскери бөлімінің қару-жарақ қоймасын басып алмақ болды. Террорлық акт кезінде 7 адам қаза тауып, елде Ұлттық аза тұту күні жарияланды.

Бұл күні Ақтөбеде бір топ ер адам жалдамалы пәтерге жиналып, сол жерде қарулы шабуыл жасайтындарын айтып, шешім қабылдаған. Қолдарына қару ұстаған топ алдымен «Паллада» қару-жарақ дүкеніне барып, қаруланып, дүкендегі сатушы Андрей Максименко, дүкен жанынан өтіп бара жатқан Николай Онищенко мен жедел шақыртуға барған күзет қызметкері Мерхан Тәжібаев қаза болды.

Кейін қарулы топ екіге бөлініп, бірі қаланың екінші бөлігіндегі «Пантера» қару-жарақ дүкеніне бағыт алып, сол жерде балық аулау құралын сатып алмақ болған Михаил Матросов қаза болады. Ал №1 бағыттағы автобусты жолдан тоқтатып, №6655 әскери бөліміне барған екінші топ қақпаны бұзып өтіп, қару қоймасын іздейді. Сол кезде келісімшарт бойынша жұмыс істеп жүрген әскери қызметкер Берік Қалиев соңғы оғы қалғанша атысып, қаза болды.

Лаңкестер жол бойында кездескен мойор Даниэль Майлыбаевты, қатардағы жауынгер Досбол Сапаровты да атып, өлтірген. Дәл осы кезде террористердің арасынан да жараланып, қару қоймасын басып алу ойлары іске аспай, бәрі әскери бөлім қоршауынан секіріп, қашып, бой тасалады. Арнайы операция кезінде лаңкестер ұсталды.

2016 жылы 28 қарашада қолына қару алып, атысып, ел ішін дүрліктірген Ж.Қуанышбаев, Ә.Ақпанбетов, Б.Қуанышбаев, А.Таңатаров, А.Рахметов, А.Садихов, А.Ималиев өмір бойына бас бостандықтарынан айырылды. Ал қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, кейін бой тасалаған Азамат Әбдірахманов 20 жылға, Айдос Жұбанов 22 жылға бас бостандығынан айырылды. Қарулы шабуыл туралы біліп, хабарламай, үнсіз қалған 18 қылмыскер 2 жылдан 5 жылға дейін сотталды. Ал қылмысты жасырып қалған, пәтер жалдауға көмектескен Мирлан Ердауов 4 жылға бас бостандығынан айырылып, Үсен Өтеповті 4 жылға шартты түрде бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

Салдарынан 25 адам қаза тапты. Олар: 4 бейбіт тұрғын, 3 әскери, 18 террорист.

2012 жылдың қыркүйек айының 14-нен 15-іне қараған түні Атырау орталығында көліктен бір топ белгісіз адам полиция қызметкеріне оқ атқан, содан кейін олар қалалық полиция ғимаратына шабуыл жасаған. Бұл топ 21 қыркүйекте қала маңындағы Көктем ауылында анықталды. Арнайы операция кезінде оның төрт қатысушысы өлтірілді.

Қарағандыдағы оқиға

2016 жылы 26 маусым күні Қарағанды облысында арнайы операция жүргізіліп, салафизм ағымының 6 өкілі ұсталады. Олардың біреуі 30 маусым күні өз-өзін жарып жіберген.

ҰКҚ таратқан ақпаратқа сүйенсек, ұсталған азаматтар Қарағанды облысында теракт ұйымдастырмақ болған. Ал 26 маусым күні Балқаш қаласы мен Гүлшат ауылында тағы бір радикалды топ ұсталады. Солардың бірі өз-өзін жарып жібереді. Одан басқа зардап шегккендер жоқ.

2012 жылы не болды?

2012 жылғы 21 маусымда Ақтөбеде үш адам такси жүргізушісіне шабуыл жасаған. Такси жүргізушісіне көмекке келген жол полициясының қызметкері оқиға орнында қаза тапты. Екі күннен кейін шабуылдаушылар тобы анықталды.

Атыс салдарынан екі полиция қызметкері жараланып, екі экстремист өлтіріліп, біреуі ұсталды.

Ал 2012 жылғы 11 шілдеге қараған түні Алматы облысы Таусал ауылындағы жеке тұрғын үйде жарылыс болып, артынан өрт шықты. Үйінділерді тазалау кезінде 8 адамның, оның ішінде 4 баланың денесі табылды. Үйден көптеген қару-жарақ пен жарылғыш зат табылып, полиция үйдегілердің лаңкестік әрекеттерді дайындап жатқанын хабарлады. 17 тамызда Алматының іргесіндегі Бағанашыл ауылында полиция Таусал ауылындағы жарылысқа қатысы бар жеке үйді паналаған топқа қарсы арнайы операция жүргізді. Үйдегі 12 адамның барлығы қаза тапты, қауіпсіздік күштері арасында зардап шеккендер жоқ.

2012 жылғы қыркүйек айының 14-нен 15-іне қараған түні Атырау орталығында көліктен бір топ белгісіз адам полиция қызметкеріне оқ атқан, содан кейін олар қалалық полиция ғимаратына шабуыл жасаған. Бұл топ 21 қыркүйекте қала маңындағы Көктем ауылында анықталды. Арнайы операция кезінде оның 4 қатысушысы өлтірілді.

2011 жылы не болды?

2011 жылғы 12 қарашада 1977 жылы туған Мақсат Қариев ҰҚК-нің екі қызметкерін, үш полицейді, екі бейбіт тұрғынды өлтіріп кетті. Қариевті тұтқындамақ болған кезде ол өзін-өзі жарып жіберді. Оны тоқтатпақ болған капитан Ғазиз Байтасов жарылыс жасамақ болған жанкештіні денесімен жауып алған кезде жарылғыш зат іске қосылып, полицей көз жұмған еді. Капитан Ғазиз Байтасовқа Халық қаһарманы атағы берілді.

2011 жылы 8 қарашада Алматыда екі полиция қызметкері оққа ұшты. «Терроризм» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда шабуыл жасағандардың орны 3 желтоқсанда ғана анықталған. Алматы облысындағы Боролдай ауылындағы жеке үйлердің бірінде болған экстремист деп танылған 4 адам өлтірілді. Бұл ретте арнайы операция кезінде арнайы жасақтың 2 офицері қаза тапты.

2011 жылғы тамыз айының соңында Атырауда лаңкестік әрекеттерді дайындады деген айыппен бір топ ваххабизм бағытын ұстанушылар тұтқындалды. 31 қазанда Атырауда облыс әкімдігі мен прокуратура ғимаратының жанында жарылыс тіркелді. 1987 жылы туған Бауыржан Сұлтанғалиев өзін жарып жібергені анықталған болатын.

Өзгелердің жаңалығы