Өткен жылы жерлестеріміз МАК-тан сақтандыру төлемдері түрінде қанша теңге алды

7 Наурыз 2025, 11:49
248
Бөлісу:
Өткен жылы жерлестеріміз МАК-тан сақтандыру төлемдері түрінде қанша теңге алды
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

"Мемлекеттік аннуитеттік компания "Өмірді сақтандыру компаниясы" АҚдеректері бойынша 2024 жылы 37,7 мың қазақстандық үшін сақтандыру төлемдерінің көлемі 2,4 млрд теңгеден асты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Негізгі міндеттердің бірі жұмыскерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды қамтамасыз ету болып табылады. Жұмыс берушіге осындай шарттар жасасқаны үшін жауапкершілік жүктеледі, ал бұл міндеттемеден жалтарған жағдайда айыппұл санкциялары көзделеді. Бүгінде МАК-та жұмыс берушілермен жасалған 1,8 мың шарт бойынша 50 901 жұмыскер сақтандырылған, – деп атап өтті МАК басқарма төрағасы Қуаныш Мұқажанов.

Әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде сақтандырылған жұмыскерлер үшін МАК-тан мынадай төлем түрлері жүзеге асырылады:

- денсаулыққа зиян келтіруге байланысты қосымша шығындарды өтеу (дәрілік заттар, оңалту құралдары және санаторийлік-курорттық емдеу);

- кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылған адамдар үшін аннуитеттік сақтандыру бойынша мерзімді төлемдер (өндірістегі жазатайым оқиғаға байланысты);

- асыраушысынан айырылуына байланысты аннуитеттік сақтандыру бойынша мерзімді төлемдер;

- зейнеткерлік алдындағы аннуитет шарттары бойынша мерзімді төлемдер (зиянды жағдайларда жұмыс істейтін);

- өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан қайтыс болған жағдайда жұмыскерлерді жерлеу бойынша шығыстар.

Бұдан басқа, МАК "Демеу" өмірді ерікті сақтандыру және зейнетақы аннуитеті қызметтерін ұсынады.

БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтарының жеткілікті сомасы болған кезде зейнетақы аннуитеті шартын жасасу азаматтарға зейнетақы төлемдерін белгіленген зейнетақы жасынан ерте алуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, ер адамдар 55 жастан бастап, ал әйелдер 53 жастан бастап төлем алуына болады. Бұл ретте кемінде бес жыл ішінде жұмыс берушілер олар үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүргізілген қазақстандықтар 50 жастан бастап төлемдерді ала бастайды.

Зейнетақы аннуитетінің басты артықшылығы сақтандыру компаниясына аударылған жинақтардың көлеміне қарамастан, төлемдерді өмір бойы жүзеге асыру болып табылады.

2025 жылы зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін жинақтардың төмендегідей сомасы қажет:

- ерлер үшін – 9 123 466 теңге;

- әйелдер үшін – 11 963 930 теңге;

- міндетті кәсіптік жарналары бар ер адамдар үшін – 7 744 625 теңге;

- міндетті кәсіптік жарналары бар әйелдер үшін – 10 101 751 млн теңге.

Қуаныш Мұқажановтың айтуынша, 2024 жылы жұмыскерлерді міндетті сақтандыру шарттары бойынша жиналған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 1,4 млрд теңгені, ал зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша жиналған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 1,2 млрд теңгені құрады.

Осылайша, бүгінде МАК сақтандырудың 3 түрі бойынша қызмет көрсетеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша барлық сақтандыру өнімдері бойынша МАК-та 51,3 мың азамат бойынша 2,2 мыңнан астам шарт тіркелген.

Өзгелердің жаңалығы