Өткен жылы дербес деректерге қатысты заңнаманы бұзғандарға 1,2 млн теңге айыппұл салынды

13 Қаңтар 2024, 05:20
588
Бөлісу:
Өткен жылы дербес деректерге қатысты заңнаманы бұзғандарға 1,2 млн теңге айыппұл салынды
Фото: ЦДИАӨМ баспасөз қызметі

Былтыр Қазақстанның дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзғандарға 1 226 485 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ Цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2023 жылы Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін 30-дан астам әкімшілік іс қаралып, нәтижесінде жеке, заңды және лауазымды тұлғаларға 1 226 485 теңге сомасында айыппұл салынды, - делінген хабарламада.

Министрлік бұл ретте жеке деректерді заңсыз жинау және өңдеу бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер жәбірленушінің өтініші негізінде ғана қозғалатынын ескертті.

Ал деректері таратылған субъектілерден сұраулар түскен жағдайдаминистрліктің ақпараттық қауіпсіздік комитеті әкімшілік жауапқа тарту туралы мәселені қарауға дайын.

Айта кету керек, Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 79-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік және ҚР Қылмыстық кодексінің 147-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Бұл жауапкершілік абоненттік құрылғы нөмірлерінің дерекқорын заңсыз таратуға және сатуға қатысы бар тұлғаларға да қатысты.

Ведомствоның мәліметінше, бүгінгі күнге дейін министрлікке азаматтардан олардың абоненттік телефон нөмірлерін интернетте заңсыз таратуға қатысты шағымдар түспеген.

Жеке деректерді қорғау үшін не істеу керек

Күрделі құпия сөздерді пайдаланған дұрыс және әртүрлі тіркеулік жазбаларда бірдей құпия сөзді пайлаланбау қажет.

Құрылғыдағы бағдарламалық құралды жаңартып отырған жөн, өйткені жаңа нұсқаларда қауіпсіздік түзетулері жиі болады. Бұл ықтимал хакерлік шабуылдардан қорғайды.

Күмән келтірген хабарларға жауап бермеген дұрыс немесе белгісіз жіберушілердің сілтемелерін ашпаған жөн. Бұл құрылғыңызға зиянды бағдарламаның орнатылуына әкелуі мүмкін.

Вирустардан және басқа қауіптерден қорғау үшін антивирустық бағдарламалық құралды пайдалану қажет. Бұл құрылғыңызды зиянды бағдарламалардан қорғауға көмектеседі.

Жеке ақпаратыңызды бейтаныс сайттар мен қолданбаларда енгізбеу керек. Жеке ақпаратыңызды енгізбес бұрын сайттар мен қолданбалардың беделін тексеру қажет.

Тіркеулік жазбаларды қорғау үшін екі факторлы аутентификацияны пайдаланған жөн.

Әлеуметтік желілердегі және басқа да онлайн қызметтердегі құпиялылық параметрлерін тексеру керек.

Өзгелердің жаңалығы