Өте қатерлі, ауыр күндерден өттік – Роза Мұқанова

9 Қаңтар 2022, 11:52
1462
Бөлісу:
Өте қатерлі, ауыр күндерден өттік – Роза Мұқанова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осындай қиын сәтте стратегиялық серіктестеріміздің көмекке келуі Президенттің әлемдік қауымдастық алдындағы зор беделін айқын көрсетті. Бұл туралы белгілі жазушы, драматург Роза Мұқанова айтты.

Жазушы халықты жалаң ұранға ермей, жауапкершілікті сезінуге шақырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысын қолдайтынын айтып, саяси шешімдеріне сенім білдірді.

Қазір жағдай тұрақталып келеді. Қазақ халқы ауыр сынды бастан кешіріп жатыр. Адам шығыны да көп болды. Әр азамат тәуелсіздік алдында мемлекеттің тұрақтылығы үшін де жауапкершілігін арттыра түсті деп ойлаймын. Ел басына түскен қара бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұшқырлығы, қырағылығы арқасында ғана ауыздықталды. Өте қатерлі, ауыр күндерден өттік деуге болады. Жағдай әлі етекті кеңге салатындай емес. Қатер әлі де сейілген жоқ сияқты. “Жау жоқ деме жар астында” деп халқымыз бекер айтпаған. Біз өзіміз де жауапкершіліктен алыстау кеттік пе деп ойлаймын. Бізге жау жоқ болып көрінетін. Әр қадамды аңдап басып, әр сөзді ойланып барып ауыздан шығару керек екенін де ұмытқандай едік. Жауапкершілігі жоқ адам ғана халықты айтақтауға әуес, - деді Роза Мұқанова.

Айтуынша көше де алаң, әлеуметтік желі де алаң. Оталып, тұтанып кету оңай болды. 

Топшыл болып еліріп, жікшіл болып желігу апатқа ұрындыратынын көрдік, бастан өткізіп жатырмыз. Дәл осы жағдайда арқа сүйер Президентіміз ғана болды. Ол кісінің қырағылығының, батыл саяси қадамдарының арқасында үлкен қатерден, апаттан, керек десеңіз соғыстан ел аман қалғандай. Мемлекеттің бүтіндігіне қауіп-қатер төнді, ол ақиқат. Қазір халық Мемлекет басшысына арқа сүйеп отыр. Осындай қиын сәтте стратегиялық серіктестеріміздің көмекке келуі де Президенттің әлемдік қауымдастық алдындағы зор беделін айқын көрсетті. Халық Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси қадамдарына зор сенім білдіріп, қолдап отырмыз. Біз Президентімізбен біргеміз, - деді Роза Мұқанова.

Өзгелердің жаңалығы