ҚР ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР бас онкологы Диляра Қайдарова отбасында шылым шегетін адам болса, нені ескеру қажеттігін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, өкпе обыры – әлемде ең көп таралған қатерлі ісіктің түрі.
Халықаралық обырды зерттеу агенттігі (IARС) таратқан мәліметке сүйенсек, жыл сайын дүние жүзінде 2 миллионнан астам ерлер мен әйелдер өкпе обырына шалдығады. Олардың үштен екісі – ерлер және үштен бірі – әйелдер.
Ал өкпе обырының негізгі себебі – шылым шегу.
Жыл сайын елімізде өкпе обырына шалдығудың 4 мың жаңа дерегі анықталады. Соның ішінде аурудың 60%-ы – асқынған сатыда анықталады. Ал өлім-жітім құрылымы бойынша өкпе обыры бірінші орында тұр, - деп атап өтті Диляра Қайдарова.
Сонымен қатар дәрігер Қазақстанда өкпе обыры сүт безі обыры мен колоректалді обырдан кейінгі 3-орында тұрғанын алға тартты.
Еліміздің кей өңірінде өкпе обырын ерте диагностикалау үшін бірнеше жыл бұрын пилоттық жобы – төмен дозалы спиралді компьютерлік томографияның көмегімен өкпені сканерлеу іске қосылды. Пилоттық жоба Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында іске асырылды. Егер отбасыңызда шылым шегетін адам болса, жыл сайын өкпенің төмен дозалы спиралді компьютерлік томографиясынан өтуге кеңес беремін, - деді бас онколог.