Отбасындағы зорлық-зомбылықтың басты себебі неде?

10 Қыркүйек 2021, 18:41
6164
Бөлісу:
Отбасындағы зорлық-зомбылықтың басты себебі неде?
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Ибраев отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың қалай алдын алуға болатыны жайлы сөз қозғады.


- Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтарға не жатады? Бұл санатқа азаматтық некеде тұрған не заңды ажырасқан отбасылар жата ма? Құқықбұзушылықтың себебі неде?

- Ең алдымен отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылық деген ұғымға тоқталып өтейін. Ол - еліміздің «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес бір субъектінің басқаларға қатысты әдейі немесе психикалық азап әкелетін немесе әкелу қауіпі бар қасақана іс-әрекеті. Бұл жағдай денеге, психологиялық және нәпсіқұмарлық ықпал нысанында болуы мүмкін. Бұл санатқа неке-отбасылық қатынастар, некесіз бірақ бірге тұратын адамдар арасындағы қатынастар, бірге тұрмайтын бұрынғы жұбайлар және жақын туыс адамдардың арасында орын алған құқықбұзушылықтар жатады. Тұрмыстық құқық бұзушылықтың себептері әр түрлі нысанда жасалуы мүмкін, оның көпшілігі материалдық жетіспеушіліктен және спирттік ішімдікті шектен тыс пайдалану.

- Жыл басынан бері Қызылорда облысы бойынша отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың статистикасы қандай? Еліміздегі эпидемия ахуалы тұрмыстағы қарым-қатынастарға әсер етті ме?

- Биылғы жылдың 8 айы бойынша Қызылорда облысы бойынша отбасы-тұрмыстық саласында 7 қылмыстық құқықбұзушылық болған. Сондай-ақ ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша (отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер) 171, 73-1 бабы бойынша, 196, 73-2 бабы бойынша 51 тұлғаға шара қолданылған. Еліміздегі эпидемия ахуалы барлық отбасыға әсер етіп жатыр. Себебі карантин жағдайындағы жұмыссыздық, оқшаулану отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласында болатын құқықбұзушылықтың санының артуға себеп болып жатыр.

- Бұл салада құқықбұзушылықтарға қандай жауапкершілік қаралған?

- Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқықбұзушылықтарға біріншіден, отбасы тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерді жатқызуға болады. Яғни адамдарға дөрекілік білдірсе, былапыт сөйлеп, қорлап тиісу әрекеттерін жасаса, ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша ескерту жасауға немесе үш тәулікке дейінгі әкімшілік қамауға алу көзделген. Сондай-ақ денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру. Яғни денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына немесе еңбек қабілетін жоғалтуға әкеп соққан, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру 73-1-бабымен 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салуға не 15 тәулікке дейінгі әкімшілік қамауға алу жауапкершілігі қаралған.
Үшінші, ұрып-соғу. Демек тән ауруына ұшырату, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасау, 73-2 бабы бойынша 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не 10 дейінгі әкімшілік қамаққа алу бойынша жауапкершіліктер көзделген.

- ІІМ ұсынысымен отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылыққа қатысты Заңға біршама өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Осы Заң жобасына қатысты жеке пікіріңізді қандай?

- Қазіргі жағдайда отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында болып жатқан құқықбұзушылықтардың өсуіне байланысты Заң аясына біршама өзгерістер енгізілуде. Бұл жобаның арқасында тиісті заңды шешім қабылдауға мүмкіндіктер болады.

Отбасындағы зорлық-зомбылықтың басты себебі неде?

- Қыз-келіншектер отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтарға тап болған жағдайда қайда жүгінуге болады? Оларға қандай қолдау көрсетіледі?

- Қызылорда облысы бойынша қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінде Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы қызметкерлері жұмыс істейді. Аталған сала қызметкерлері осы отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында қызмет көрсетеді. Зардап шеккен қыз-келіншектерге құқықтық көмек беруге, оларды арнаулы мекемелерге орналастыруға ықпал етеді.

Қазіргі таңда Қызылорда облысында әйелдердің құқығы мен мүдделерін қорғаумен айналысатын мемлекеттік емес 3 пана үй бар екенін атап кеткен жөн. Олар: «Жан», «Ана Үйі», «Қамқорлық» дағдарыс орталықтары.

Жоғарыда аталған орталықтарға полиция қызметкерлері зорлық-зомбылыққа ұшыраған және зорлық-зомбылықтың салдарынан кейінгі әйелдерді бейімдеу мақсатында орналастырады.

Өзгелердің жаңалығы