Отбасылық-тұрмыстық күш көрсету үшін жауапкершіліктің күшейгені туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Диас Дуанбеков айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматының тәртіп сақшылары отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы құқықбұзушылықтарды тұрақтандыру мен жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүргізеді. 2023 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша тұрмыстағы құқық бұзушылықтардың үлесі барлық тіркелген құқық бұзушылықтардың 0,05 пайызын құрады. Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар 2,6 есеге (14-тен 6-ға дейін) азайған.
Диас Дуанбековтың айтуынша, тұрмыс барысында кездесетін қылмыстың негізгі түрі – адам өлтіру және дене жарақатын салу. Мұндай ауыр қылмыстар ерлі-зайыптылар арасында – 2 жағдай, бірге тұратындар арасында – 2, жақын туыстар арасында – 2 оқиға тіркелген. Көбінесе қылмыстар алкогольдік ішімдік тұтыну салдарынан, қызғаныш пен ұрыс-керістен кейін орын алады.
Отбасылық-тұрмыстық өмірде кездесетін қылмыстық жағдайларды шектеудің бір жолы - құқық бұзушылық жасағандарды профилактикалық есепке алу және оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту болып табылады. Осылайша өткен мерзімде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында 1362 адамға қатысты іс қозғалды, 2023 жылдың 5 айында 3141 адам профилактикалық есепке алынды, оның ішінде 2782-не қорғау нұсқамасы шығарылды және 359 тұлғаның мінез-құлқына ерекше талаптар қойылды, - деді Дуанбеков.
Полицейдің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың негізгі себебі – ішімдікке салыну мен жұмыссыздық. Мас күйде жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында 5 айдың қорытындысы бойынша 101 адам мәжбүрлі түрде емдеуге жіберілді. Алкогольді сату ережелерін бұзғаны үшін 199 әкімшілік іс сотқа жолданды.
Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылық әрекеттердің алдын алу мақсатында Қалалық полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастамасымен ағымдағы жылдың 15-17 ақпаны және биылғы 27-29 наурыз аралығында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған «Тұрмыс» жедел-алдын алу шаралары екі рет өткізілді.
Осылайша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, олардың полицияға сенімін арттыру, отбасының қоғамдағы рөлін нығайту, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында биыл мамырдың 16-сы мен 18-і аралығында қала аумағында Алматы қаласы, ПД ЖПҚБ бастамасымен «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» қалалық акциясы өткізілді. Аталған акцияның мақсаты – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңсыз әрекеттердің алдын алу, қылмыстардың жолын кесу, әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу.