Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Отбасы күні аясында ұлттық тәрбие беру мен отбасы құндылықтарын нығайту мәселелері бойынша онлайн өткен дөңгелек үстел барысында айтты.
Министрлік құзырындағы басты саланың бірі - мемлекеттің отбасы демографиялық саясаты. Бұл бағыттағы жобаларға ерекше мән беріледі. Атап айтқанда, отбасы институтын дамыту бағытында биыл 6 әлеуметтік жобаға грант бөлінді. Олардың ішінде бала және денсаулық, жастар арасындағы отбасылық құндылықтар, отбасылық қарым-қатынастарды нығайту жобаларын ерекше атап өтуге болады. Әлеуметтік жобаларды тиімді іске асыру мақсатында үш бағыт бойынша жұмыс топтарын құрдық. Әр жоба қорытындысы бойынша жұмыс топтары отбасы институтын нығайту, балалықты қорғау, гендерлік теңдікті ілгерілету бағытында нақты ұстанымдар әзірлейді, - деді министр.
Аида Балаева атап өткендей, министрлік жанында отбасы институтын зерттеу орталығы жұмыс істейді.
Орталықтың басты мақсаты - отбасы және неке, көпбалалы жанұялар, демографиялық саясат бойынша нақты зерттеулер жүргізу. Олардың барлығы отбасылық тәрбие мен жалпыхалықтық руханы құндылықтар, салт-дәстүрді насихаттап, ұлтаралық қарым-қатынас пен толеранттылықты нығайтуға бағытталған, - деді ол.
Ақпарат министрі тәрбиенің бастау бұлағы мен қайнар көзі отбасында екенін айтты.
Жаңа заманға сай отбасылық құндылықтың үлгісін жасау - біздің басты мақсатымыз. Бұл орайда халықтық талқылаудың, қоғамдық пікірдің маңызы қашан да зор. Сондықтан құндық пікірлер мен нақты ұсыныстар күтеміз, - деді министр.Бұған дейін Балаева уақыт бала тәрбиесіндегі құндылықтарға жаңа қырынан қарауды талап етіп отырғандығын айтқан еді.