Отансүйгіштік рух – рәміздерді қастерлеуден басталады

4 Маусым 2021, 16:07
3189
Бөлісу:
Отансүйгіштік рух – рәміздерді қастерлеуден басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Баршаңызды бүгінгі мемлекеттік рәміздер Күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл егемендік ұғымымен қатар жүретін – ел тарихындағы айтулы күндердің бiрi. Әсіресе, биылғы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында маңызы тіпті зор, деп жазды Ақпарат және қоағамдық даму министрі Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында.


Осы жылдар ішінде мемлекетіміз Көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатып, Елтаңбамызды көрсетіп әлемдік қауымдастық алдында дербес ел ретінде танылды.

Қазіргі Елтаңба мен Туымыз – мың жарымнан астам жобаның ішінен іріктеліп алынған үздік нұсқалар. Ал «Менің елім» шығармасы – әнұран болмай тұрып әр қазақтың жүрегінде қатталып, көңілінде жатталған ән болатын. Әсіресе, бүгінде бала-бақша бүлдіршіндерінің әнұран ойналған жерде, қолын кеудесіне апара тік тұрып, қосыла шырқай жөнелетіні – жүрекке жылу ұялататын көрініс. Бұл біздің болашаққа деген сенімімізді еселей түседі.

Отансүйгіштік рух – осыдан басталады. Біздің мемлекеттік рәміздерде еліміздің шежірелі тарихының да, терең руханиятының да, болашаққа құрылған ізгі ниетінің де ізі жатыр. Рәміздерге деген құрмет – тұтас қоғамның қалауынан тұратын қастерлі сезім. Сондықтан оны мақтан тұту, құрметтеу және өскелең ұрпаққа үйрету – бірінші кезекте әрбір азаматтан бойынан табылатын, әрбір отбасыдағы тәрбиеден ойып тұрып орын алатын қағидаға айналуы тиіс. Рухы мықты халықтың тәуелсіздігі де табанды, елдігі де баянды болады!

Рәміздеріміз тұғырлы, мемлекетіміз мерейлі, мереке құтты болсын!, - деп жазды ол.


Өзгелердің жаңалығы