Отандық тұқым шаруашылығын дамыту мақсатында «Qazaq Tuqym» консорциумы құрылды

Бүгiн, 08:51
113
Бөлісу:
Отандық тұқым шаруашылығын дамыту мақсатында «Qazaq Tuqym» консорциумы құрылды
Фото: gov.kz

ҰАҒББО трансформациялау аясында «Qazaq Tuqym» ғылыми-өндірістік консорциумы құрылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Qazaq Tuqym» ғылыми-өндірістік селекциялық-тұқым өсіру консорциумы фермерлерді жоғары сапалы отандық тұқымдар мен сорттармен қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның өсімдік шаруашылығына жаңа серпіліс әкелмек. Консорциум құрамына елдің солтүстік өңірлерінде орналасқан Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына еншілес 12 ұйым кірді.

Министрліктің жазуы бойынша, «Qazaq Tuqym» консорциумын құру арқылы алдағы уақытта ғалымдар, тұқым өсірушілер мен селлекционерлер арасында серіктестік нығая түспек. Соның арқасында ғалымдардан ауыл шаруашылығы саласына ұсынылатын отандық өнімнің сапасы жақсарады. Консорциум аясында демонстрациялық полигондар құрып, фермерлерге жаңа сорттардың мүмкіндігін көрсету жоспарланып отыр. Осылайша элиталық тұқымдардың көлемі ұлғаймақ. Ғалымдардың айтуынша, осындай ауқымды жұмыстардың арқасында 2030 жылға дейін шетелдік импорттан мүмкіндігінше арылып, отандық тұқымды қолдану 80%-ға жетуі мүмкін.

Алдағы уақытта «Qazaq Tuqym» консорциумы арқылы еліміздің тұқым өсіру саласында жүйелі жұмыс орнатып, отандық өндірушілерге қолдау көрсету көзделеді. Осының арқасында азық-түлік қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіміз де нығая түспек, - деп жазды министрліктен.

Өзгелердің жаңалығы