Отандық шикізаттық емес экспортты дамыту жөніндегі жедел штаб отырысы өтті

13 Шілде 2024, 02:25
433
Бөлісу:
Отандық шикізаттық емес экспортты дамыту жөніндегі жедел штаб отырысы өтті
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Кеше Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен отандық шикізаттық емес экспортты дамыту жөніндегі жедел штабтың кеңейтілген отырысы өтті. B2G форматындағы диалог алаңында 10 бизнес қауымдастық пен 20 мемлекеттік органдар, ұлттық даму институттарының және 150-ге жуық экспорттаушылардың өкілдері бас қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жиында дайын өнімдер мен қызметтердің экспортын шектейтін проблемалардың шешімін тауып, сондай-ақ экспортты одан әрі дамыту жөніндегі мәселелер талқыланды.

Панельдік сессияны аша отырып, Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев өткен жылдан бастап штабтың 10 отырысы өткенін атап өтті. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, бизнес және мемлекет өкілдерінің бірлескен жұмысы экспортты ілгерілетуде елеулі прогреске қол жеткізуде.

Біз штаб отырыстарын өткізген сәттен бастап өзгерістерді байқап отырмыз. Экспорттаушылардың негізгі проблемаларын бірнеше бағытқа бөлуге болады. Олардың бірі – көлік-логистикалық мәселелер. Жоспарлы жөнелту көлемдерін келісу және еркін қол жеткізуді қамтамасыз етуде проблемалар бар. Осы мәселелерді шешу үшін біз ҚТЖ-мен жоспарларды алдын ала қалыптастыруды келістік. Проблемалар тек тасымалдаушы тарапынан ғана емес, экспорттаушылардың іс-әрекеттерінің үйлеспеуінен де туындайды. «QazTrade» АҚ жыл бойы біркелкі жеткізуді қамтамасыз ету үшін жүк салмақтары мен маусымдылығы бойынша талдау дайындады, - деп хабарлады сауда министрі Арман Шаққалиев.

Сонымен қатар, ҚХР Коммерция министрі Ван Вэньтаомен екіжақты кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан-Қытай шекарасында тауарлардың өтуін жеделдету жөнінде жұмыс тобын құру туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл топқа Қазақстан мен Қытайдың көлік, кеден және шекара ведомстволары қатысады. Жұмыс тобының алғашқы отырысы тамыз айының соңында Үрімші қаласында өткізу жоспарлануда.

Ел үкіметі шикізаттық емес экспорт көлемін жыл сайын арттыруды тапсырды. 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш $45 млрд-қа жетуі тиіс.

Біз сауда серіктестерімізге тәуелді стратегиялық маңызды импортты талдап, Қазақстан өндірісті арттырып, экспорттық әлеуетті жүзеге асыра алатын тауар позицияларын анықтадық. Тек ҚХР бойынша осы елдің жыл сайын $700 млрд астам сомаға импорттайтын 50 тауар болды. Егер біз осы көлемнің 7-10% иелене алсақ, бұл шамамен $70 млрд болмақ. Сонымен қатар, Си Цзиньпиннің сапары аясында Қытай тарапы бұл санды $80 млрд-қа дейін екі есе арттыруға дайын екендігін жеткізді, – деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимовтың айтуынша, мемлекет экспортты ілгерілету мәселесінде жан-жақты қолдау көрсетуде. Атап айтқанда, май-тоңмай саласында 2-3 ай бұрын шрот пен күнжараны экспорттау үшін ҚХР Бас кеден басқармасы тізіліміне он май зауытын енгізу мәселесі көтерілді. Сауда министрлігі мен Қытай тарапының келіссөздерінен кейін бүгінгі таңда 20-дан астам май зауыты ҚХР Бас кеден басқармасы тізіліміне енгізілді, бұл оларға өнімді экспорттауға мүмкіндік береді.

Енді біз шрот пен күнжараны жоғары бағамен сата аламыз, өйткені Қытай нарығы тоннасына $20-30 жоғары баға ұсынады. Бұл шетел валютасындағы түсімді және отандық май-тоңмай өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттырады, өйткені Қытай жыл сайын 18 млн тоннадан астам өсімдік майлары мен шротты импорттайды, - деп атап өтті майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының басқарма төрағасы.

«Maхimus» ЖШС өкілі Серікбол Абдикаримов форумда көлік шығындарын қысқарту үшін экспорттық хабтар құру қажеттігін көтерді, өйткені Қазақстаннан теңіз порттарына дейінгі логистика өте алыс орналасқан.

Сауда министрі Арман Шаққалиев сондай-ақ Қытайда «Орталық Азия – Цзянсу» сауда орталығының ашылуы аясында қазақстандық өнімдерді сақтауға және одан әрі сатуға арналған қоймалар берілетінін айтты. Ол қазақстандық бизнесті осы жобаға белсенді қатысуға және өнімдерін көрсетіп, Қазақстанның экспорттық әлеуетін бүкіл әлемге көрсетуге шақырды.

Өзгелердің жаңалығы