Отандық киноның дамуына жаңаша көзқарас, тың серпін керек - Мемлекет басшысы

17 Маусым 2023, 12:31
848
Бөлісу:
Отандық киноның дамуына жаңаша көзқарас, тың серпін керек - Мемлекет басшысы
Фото: Ақорда

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазір кинотеатр иелері отандық фильмдерді экраннан көрсету үшін қомақты қаржы талап етеді. Билеттен түскен қаржының едәуір бөлігі тағы да кинотеатрлардың және жеке компаниялардың қалтасына кетеді. Бұған қоса, киногерлер фильмді нақты қанша адам көргенін анықтай алмайды. Қысқасы, киноға бүкіл білімін, күш-қайраты мен уақытын сарп еткен мамандарға табыстың аз ғана бөлігі тиеді. Кино мамандары пайда табу үшін өте арзан фильмдер түсіруге мәжбүр. Сондықтан, құны арзан, мазмұны арзан фильмдер пайда болуда, - деді Президент.

 Президент өскелең ұрпақ шетелдің кейіпкеріне емес, өз батырларымызға қарап бой түзеу керектігін айтты.

Отандық киноның дамуына жаңаша көзқарас, тың серпін керек. Мысалы, киноға барған көрермен санын есептейтін цифрлық жүйе енгізуге болады. Мәдениет және спорт министрлігіне жуық арада осы жүйені дайындап, қолданысқа енгізуді тапсырамын. Жалпы, киноиндустрияны экономиканың жеке тармағы ретінде қарастырып, мәселелерді нақты шешкен жөн. Әсіресе, киногерлер мен кинотеатрлардың арасындағы қарым-қатынаста екі жақтың да мүддесін теңдей ескеру қажет. Сонда жаңа кейіпкер, тарихи қаһарман, маңызды оқиғалар жайлы фильмдерді тек «Қазақфильм» емес, жеке компаниялар да түсіреді. Өскелең ұрпақ шетелдің кейіпкеріне емес, өз батырларымызға қарап бой түзейтін болады, - деді ол.

Ол классикалық фильмдер түсірілуі керек екенін айтты.

Кезінде шыққан «Қыз Жібек», «Отырардың күйреуі», «Атаманның ақыры» сияқты классикалық фильмдер түсірілуі керек деп санаймын. Сол кезде шығармашылық еркіндік, мол қаражат және компьютерлік графика да болған жоқ. Дегенмен, фильмдер түсірілді, әлі күнге дейін халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алады. Шынын айтуымыз керек, соңғы кезде түсірілген тарихи фильмдердің олқылықтары көп. Сол үшін мамандармен ақылдасып, жалпы кино саласын реформалау керек, - деді Президент.

Өзгелердің жаңалығы