Қазақстан Конгамен ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік-логистика және энергетика салалаларына қатысты келіссөздер жүргізді. Бұл туралы Ақордада өткен брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа технологиялар, қазба байлықтарын бірлесіп игеру, инвестиция мәселесін талқыладық. Мен Қазақстанның электронды үкімет, киберқауіпсіздік және ғарыш саласындағы жетістіктеріне тоқталдым. Екі ел үкіметтеріне өзара сауда-саттық көлемін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге келістік. Қазақстанның Конгоға дәнді дақылдарды экспорттауға қатысты әлеуетінің мол екеніне назар аудардық. Өздеріңізге мәлім, екі елдің де табиғи ресурстары мол, — дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Тоқаев Конго басшылары мен кәсіпкерлерін Астана халықаралық форумына шақырды.
Екі ел темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау және игеру үшін бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Қазақстан кәсіпкерлері Конгоның тау-кен саласын зерттеуге дайын екенін келіссөз барысында атап өттім. Сонымен қатар екі елдің көлік-логистика саласындағы қарым-қатынасы жан-жақты талқыланды. Конго Республикасы Орталық Африка аймағының қақпасы, ал Пуэнт-Нуар порты осы қақпаның кілті. Бұл теңіз айлағының мүмкіндіктері өте жоғары. Қазақстан осы порттың әлеуетін пайдалануға мүдделі. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға барынша күш салуымыз керек. Сондықтан мен Конго Республикасының басшылығын, кәсіпкерлерін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырдым. Олар форум кезінде Қазақстанның экономикалық әлеуетімен таныса алады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.