Қазақстан дәрілік қауіпсіздік саласында маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесінің деректері бойынша, отандық өндірістегі дәрілік препараттардың үлесі заттай көрсеткіште (қаптама мен дозалар саны бойынша) 40%-ға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл көрсеткіш халықтың отандық дәрілермен нақты қамтамасыз етілу деңгейін көрсетіп, ұлттық фармацевтикалық саланың тұрақты дамып келе жатқанын айғақтайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, нарықты заттай көрсеткіштер арқылы бағалау дәрі-дәрмектерді тұтыну құрылымын дәлірек талдауға мүмкіндік береді. Құндық мәнде отандық препараттардың үлесі шамамен 15%-ды құрайды, бұл импорттық инновациялық дәрілердің жоғары бағасымен байланысты.
Соңғы жылдары дәрілік қамтамасыз ету саласында жүйелі реформалар жүргізілді. Баға белгілеу жүйесін реформалау нәтижесінде ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрілердің шекті бағасы орта есеппен 15%-ға, ал көтерме және бөлшек саудада 26%-ға төмендеді. Бұл халық үшін дәрілердің қолжетімділігін арттырды.
Сатып алу жүйесін оңтайландыру да маңызды бағыттардың бірі болды. Бірыңғай дистрибьютор отандық зауыттармен тікелей келісімшарттар жасай отырып, делдалдар санын қысқартты. Сонымен қатар, БҰҰ жүйесінің халықаралық ұйымдары – ПРООН, ЮНИСЕФ және STOP-TB арқылы жүргізілетін сатып алулар көлемі 87%-ға артты, ал отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар көлемі 43%-ға ұлғайды.
Реформалар бюджет қаражатын үнемдеуге де мүмкіндік берді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша үнемдеу 70,5 млрд теңгені құрады, ал 2026 жылдың алғашқы айларында 47 млрд теңге босатылды. Бұл қаражат пациенттердің дәрілік қамтамасыз етілуін арттыруға бағытталады.
Цифрландыру дәрілік қамтамасыз ету жүйесінің сапасын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Дәрілерді таңбалау және қадағалау жүйесі препараттардың қозғалысын өндіріс желісінен бастап пациентке дейін толық бақылауға мүмкіндік береді. Бұл елдегі дәрілік қамтамасыз ету жүйесіне деген сенімді арттырады.