Брюссельде өткен форумның ашылу салтанатында Қазақстанның Көлік министрлігі мен Еурокомиссия кездесулерінің тұрақты негізде ұйымдастырылып тұратыны атап өтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Көлік министрі өз сөзінде форум қатысушыларына Еуропа мен Орталық Азия арасындағы жүк транзитіндегі елдің шешуші рөлін атап өтіп, Қазақстанның көлік саласының жетістіктері мен даму перспективалары туралы ақпарат берді.
Көлік министрі жүк айналымы озық қарқынмен өсіп келе жатқанына тоқталып өтті. Мәселен, өткенжылдың қорытындысы бойынша тек ҚХР-мен транзиттік тасымалдар 2 есеге өскен, ал транзиттің жалпы көлемі 43 пайызға артқан.
Марат Қарабаев қазақстандық аумақтарды Еуропа мен Азия арасындағы негізгі және орнықты транзиттік бағыт ретінде пайдалануды ұсынды.
Өз баяндамасында көлік министрлігінің басшысы таяудағы 5 жылда көлік саласындағы негізгі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін Қазақстан 40 млрд еуроға инвестиция тартуға ниетті екенін айтты.
Осы кезеңде ұзындығы 4,7 мың км транзиттік дәліздерді қайта жаңарту және Транскаспий халықаралық көлік маршруты қаңқасының негізін құрайтын жолдарды жөндеу жоспарланып отыр. Жобаларды іске асыру үшін Global Gateway бастамасы аясында қаражат тартуды ұсынамыз және еуропалық мердігер ұйымдарды Қазақстанның автожолдар құрылысының үлкен жобасына қатысуға шақырамыз, - деді министр.
Теміржол саласында ұзындығы 1300 шақырымжаңа магистральдық бағыттардың құрылысы және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізіледі деп күтіліп отыр. Аталғанжұмыс Азия мен Еуроодақ арасындағы өткізу қабілетін бірнеше есе арттыруға бағытталған.
Азаматтық авиация саласында саланы дамыту және континенттік транзиттік хаб құру үшін инвесторларға отандық 22 әуежайды басқаруға беру жоспарланған.
Ақтау портында теңіз флотын нығайту және контейнерлік хаб құру үшін инвесторларға терминалдық қуаттарды дамыту үшін 171 га ұсынылады. Сонымен бірге Ақтау және Құрық теңіз порттарын ship-or-pay шарттарымен сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.
Сөз соңында Марат Қарабаев еуропалық ұйымдар мен компанияларды маусым айында Астанада өтетін New Silkway форумына қатысуға шақырды. Сондай-ақ биыл қыркүйек айында Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы көлік саласындағы әріптестік бойынша инвестициялық форум ұйымдастыруды ұсынды.