Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Шағын және орта бизнесті қалыптастыру ел экономикасын дамытуда үлкен маңызға ие. Сондықтанда кәсіп ашып, бизнеспен айналысамын, тауар өндіріп, табыс табамын дейтін қазақстандықтарға мүмкіндіктер жеткілікті. Жеке кәсіп ашуға ниеттілерге бизнесті бастаудың қыр-cыры үйретіледі, қайтарымсыз қаржылай көмек-гранттар беріледі, қолжетімді пайызбен несиелермен қамтылады.
Дегенменде қарағандылық кәсіпкер келіншек Сымбат Елікбаева еліміздің тауар өндірушілері үшін мемлекет тарапынан жасалып отырған бұл қолдаулардың аздығын айтады. Оның ойынша, тауарды өндіріп ғана қоймай, оны нарықтағы бәсекеге қабілетті етіп, сатуға мүмкіндік беретін отандық электронды орталық құру қажет. Кәсіпкерліктің қыр-cырын жетік меңгерген нәзік жанмен сұхбаттасып, авторлық жобасы жайлы да сұрап білген едік.
– Сымбат Төлеубайқызы, қазақы нақыштағы қолөнер бұйымдарымен жасаумен айналысады екенсіз, бұл салаға қалай келдіңіз?
– Қазақтың ұлттық нақыштағы ою-өрнегіне, жалпы қолөнер бұйымдарына жастайымнан қызығушылық таныттым. Менің анам қазақтың ұлттық тұрмыстық бұйымдарын күнделікті өмірде жиі қолданады. Мысалы, біздің үйде анамның өз қолымен басқан сырмақ, текеметі бар. Студент кезімде осы текемет пен сырмаққа қарап, осы дүниелерді неге өндіріске енгізбеске деп армандайтын едім. Жоғары оқу орнын филология мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін бірнеше жыл университетте оқытушы болып еңбек еттім. Кейіннен магистратурада оқып жүргенде балабақшада жұмыс істедім, сол кезде балалардың ойыншықтары арасында қазақ халық ертегілерінің кейіпкерлерін бейнелейтін бірде бір ойыншық жоқ екендігін көрдім. Сол кезде неге қуыршақ жасап көрмеске деген ой келді. Жаныма қолынан іс келетін бірнеше қыз алып, қуыршақтар дайындауға кірістік. Қолымыздан шыққан алғашқы туындымызды нарыққа шығару оңай алмады. Дегенменде берілмедік, уақыт өте келе киізден түрлі кәдесыйлар, брелоктар, тойбастарға арналған бұйымдар жасай бастадық. Содан кейін былғарымен жұмыс жасауға көшіп, қол сөмкелер тігумен айналыстық.
Қазіргі сананы тұрмыс билеген заманда ең төменнен бастап көтерілген кәсіпкерлер өте сирек. Кәсіпті нөлден бастаудың қандай екендігін, оған қанша жыл, қанша еңбек, қанша ақша кететінін жақсы білемін. Егер де сол бірнеше жыл жинақтаған тәжірибең мен біліміңді біреуге айтсаң, көрсетсең, ол саған тікелей бәсекелес болатынын да білемін. Дегенменде білгенімізді балаларға үйретуді қолға алдық, шеберлік сыныптарын өткіземіз. Оның ішінде жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге тегін сабақтар жүргізіп отырамыз.
Ес білгелі қасымдағы адамдардың еңбекқорлығын көріп өстім. Анам, әпкем, жеңгем, ең аяғы енем де өте еңбекқор жандар, қыдыруды, құр босқа жүргенді ұнатпайтын адамдар. «Көрген көргенін істейді» демекші менде оларға қатты ұқсағым келетін. Таза, ұқыпты, көп сөзге жоқ, әр бір ісі мен сөздері шегемен қаққандай адам болу менің арманым еді. Олардың әрқайсысынан үйренуге, ақшаға ұқыпты болуға тырыстым. «Миллиондардың тиыннан құралатынын» кәсіп ашқалы түсініп, бұл сөздерді қағидаға айналдырып, тиын салатын әмияндардың ішіне де жазып жүрміз.
– «SanSymbat» брендінің негізін қалаған екенсіз, сөмкелеріңіз нарықта сұранысқа ие ме?
– «SanSymbat» брендімен сөмке тігуді 2015 жылдары бастадық. Біз таза былғарыдан, сапасы аса жоғары сөмкелер, әмияндар, ерлерге арналған барсеткалар тігеміз, әрі тауарларымыздың сапасына жүз пайыз кепілдік береміз. Алайда үлкен көлемде сөмке тігумен айналыспаймыз, өнім тек арнайы тапсырыспен ғана тігіледі. Себебі, бізде жұмыс күші аз ,өнімділік төмендеу, қойма толы шикізат қорымыз да жоқ. Өздеріңіз білетіндей еліміздің нарығы шетелдік «Chanel», «Louis Vuitton» сияқты сөмкелердің көшірмелеріне яғни фейк нұсқаларына толып тұр. Халық бұл сөмкелердің арзан көшірме екендігін білсе де сатып алады. Себебі нарық бұл тауарға толып тұр, сенің 10 теңгеге жасаған тауарыңды реплика жасаушы қытайлық кәсіпорындар 5 теңгеге жасап береді. Дегенменде сөмке жасау ісін бірден тоқтатып, жауып тастай алмадым. Себебі бұл жерде қаншама адамның еңбегі бар, тек еңбек ғана емес көптеген адамдардың маған деген сенімі бар. Әзірге тек тапсырыспен тігеміз.
– Өзіңіз өндірген тауарды жарнамалауға, нарыққа шығаруға ғаламторды қаншалықты пайдаланасыз?
– «TNS Central Asia» агенттігінің 2017 жылы жүргізген зерттеулер нәтижесі Қазақстанның 77 пайызы ғаламтормен қамтылғандығын, ал халықтың 83 пайызы мобильді интернетті қолданатындығын айтады. Бұл цифрлар ғаламтордың қазақстандықтардың өміріне дендеп кіргендігін көрсетеді. Алайда біз ғаламтордың мүмкіндіктерін барынша қолдана алмаймыз. Шетелдік кәсіпкерлер виртуалды саудаға әлдеқашан көшкен, ал біз тауарларымызды әлі де болса дүкеннің сөресіне қоюмен ғана шектеліп жүрміз. Менде өзім өндірген тауарларды нарықта жылжытудың түрлі тәсілдерін іздей бастадым. Сөмкелерімді қазақстандық порталға салмақшы болдым, алайда отандық өнімді ғана жарнамалайтын сайт таппадым. Қазақстанда «FashionPark.kz» сайты бар, бірақ мұнда менің сөмкем әлемдік брендтермен бәсекеге түседі екен. Бұл әрине миға сыйымсыз нәрсе, сондықтан да бұл идеядан бас тарттым. Негізінде осы кәсіпкерлікпен айналысып бастаған 2014-жылдары өзімнің авторлық қолөнер бұйымдарымды, ұлттық кәдесыйларды жарнамалау мақсатында жеке сайт ашқан едім. Сайттың жарнамасына көп қаржы жұмсадым. Бірақ бұл сайтты жабуға тура келді, себебі оның жұмысын жандандыру, жарнамасын жасау өте қымбат. Бизнеспен айналысуға бет бұрып, тауар өндірісін қолға алған әрбір кәсіпкердің жеке сайты болғаны тиімді емес, себебі жоғарыда айтқанымдай бұл өте қымбат, көп қаржыны қажет етеді. Сондықтанда қазіргі уақытта қазақстандық тауар өндіруші, қолөнер бұйымдарымен айналысатын кәсіпкерлердің өз өнімдерін жарнамалайтын отандық электронды сауда орталығы ауадай қажет деген ойға келдім. Осылайша қазақстандық тауар өндірушілер мен кәсіпкерлерге арналған интернет платформа құру жобасын жасадым. «Мadein-kz.com» порталы отандық тауар өндірушілердің тауарын Қазақстанның электронды нарығында жарнамалап ғана қоймай, әлемдік деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін мега жоба десем де болады. Бұл ақпараттық орталық тек ғана отандық тауар өндірушілердің өнімін ғана жарнамалайтын орынға айналар еді.
Мысалы, Ресей мемлекеті шетелге өз қаржысын жібермеу үшін, отандық тауар өндірушілерді импорттан қорғау үшін, сондай-ақ өз еліне қаржы тарту үшін tovarika.ru, ruxpert.ru, rosproizvoditel.ru сияқты көптеген сайттар мен порталдар ашқан. Ал біздің елімізде мұндай бірде-бір сайт жоқ. Тек Facebook әлеуметтік желісінде «Я выбираю казахстанское», «Выбирай казахстанское» топтары ғана бар.
– Сымбат Төлейбайқызы, сонда «Мadein-kz.com» порталы бұрын-сонды Қазақстанда болмаған тың жоба ма?
– ҚР Тұңғыш Президенті отандық тауар өндірушілерді қолдау, кәсіпкерлерге көмек көрсету мәселесіне бірнеше рет тоқталған болатын. Елбасы 2015 жылы «Қазақстанда жасалған» акциясын ұйымдастыруға шақырып, барлық сауда жүйелерінде қазақстандық тауарлардың секциясы пайда болу қажеттілігін айтқан. Н.Назарбаев барлық қазақстандықтарға өз елінің патриоты болып, отандық тауарлары пайдалануға шақырды, бұл шара қазақстандық экономиканың дамуына көмек болатындығына сенім білдірді. Ал өткен жылдың қазан айындағы халыққа Жолдауында қарапайым халық тұтынатын тауарлар өндірісімен белсене айналысуды тапсырды. Бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр, алайда тек тауар өндірісін жолға қоюмен ғана шектелуде, ал сол тауарды нарыққа бейімдеу, сату мәселесіне құзырлы органдар бас ауыртпайды. Осылайша біздің елдің кәсіпкерлері тауар өндіруші ретінде қорғансыз деуге болады. Құзырлы мекемелер елдегі бизнесті қолдап жатырмыз деп жар салып, халыққа жеңілдетілген несие беру арқылы олардың жағдайын одан әрі қиындатуда. Отандық кәсіпкерлер бүгінгі заман талабына сай сатылым жүйесі болмаса, отандық өнім импорттық тауарлардан қорғалмаса, тауарын қалай сатады, несиесін қалай қайтарады? Қаншалықты жеңілдетілген несие беріп, қаншама қаржы жұмсап қажетсіз форумдар ұйымдастырып, кәсіп ашу жайлы кеңес беретін орталықтар ашылса да қарапайым кәсіпкер ретінде қорғансыз екендігімді түсінемін. Дайын өнімді импорттан қорғайтын, тек отандық кәсіпкерлерге арналған жеке жүйе болмаған соң осының барлығына кеткен қаржы құмға құйған сумен тең деп есептеймін.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы 2016 жылы электронды сауда ресурсын тиімді пайдалануды дамыту керектігін де тоқталған болатын. Ол өз сөзінде «интернеттегі сауда-саттық бүгінде ғаламдық трендке айналды. Мысалы, АҚШ-та электронды сауда елдегі барлық сауданың 6,5%-ын құраса, Ресейде 4% шамасында, ал Қазақстанда тек 0,5%-ды құрайды. Электрондық сауда-саттықты дамытудың тұжырымдамасын құру керек» деген тапсырма берген болатын. Бүгінде Қазақстанның халқы ғаламтордың мүмкіндіктерін тұтынушы ретінде ғана пайдалады, ал кәсіпкерлеріміз ғаламдық интернеттің мүмкіндігін бизнесті дамытудың құралы ретінде пайдалана алмай отыр. Біз шетелдік компаниялардың интернет парақшаларында өз тауарларымызды жарнамалай отырып, ғаламторға шыққандығымызбен мақтанамыз. Шындығында францияның Olx.kz; украинаның Saty.kz сайттарын пайдалану арқылы қаржымыздың шетелге кетіп жатқанын түсінбейміз. Шетелдік компаниялар біздің елге өз тауарларын тонналап өткізіп жатқанда, біз санаулы ғана тауар сатқанымызға мәзбіз. Осылайша шетелдік бәсекелестер біздің еліміздің қаржысын виртуалды нарық арқылы ешқандай салықсыз әкетіп жатыр. Мысалы, қытайлық «Aliexpress» платформасында еліміздің тұрғындары ай сайын 12 млн доллар көлеміндегі қаржыға сауда жасайды.
Көріп отырғанымыздай отандық тауар өндірушлер электронды алаңда шетелдік бәсекелестерімен бәсекеге түсе алмайды. Қазақстандықтардың қаржысы шетелдік электронды тауар порталдары арқылы шетелдік кәсіпкерлердің қалтасына түсіп жатыр. Шетелдіктер біздің елдің қаржысын өз елдеріне тарту үшін ғаламторда үлкен интернет порталдар құрған. Ал біз неге өз қаржымызды өз елімізде қалдыру үшін ақпараттық электронды орталық, яғни интернет платформа ашпасқа?
«Мadein-kz.com» порталының тағы бір ерекшелігі жоба әлеуметтік болғандықтан мұндағы тарифтік төлемдер төмен болады. Еліміздің әрбір ауданы мен ауылының тұрғыны өзінің аграрлық азық-түлік өнімін порталда тегін жарнамалай алады. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткер кәсіпкерлер, жас бизнесмендер, отандық қолөнершілер тауарын тегін жарнамалауға мүмкіндігі бар.
Бұл өзгеше жоба дер едім. Өзіңіз ойлаңызшы, қазақстандық кәсіпкерлер тауарларын үйлерінен шықпай-ақ, ғаламтор арқылы саудаға қойып, тіпті әлемдік нарыққа да шыға алады. Тек отандық кәсіпкерлердің тауарлары қойылатындықтан бәсекелестік те артар еді. Мен барлық отандық тауар өндірушілерді толғандыратын мәселесін көтердім деп ойлаймын.
– Аталған жобаны қаржыландыру мәселесін қалай шешуді жоспарлайсыз?
– Бұл интернет жоба тек бір ғана проблеманы көтермейді, бұл еліміздің экономикасы үшін өте маңызды бірнеше мәселені көтеріп отырған мега жоба. Интернет жобаға қолдау көрсетулерін сұрап, облыс әкімдіктеріне, құзыретті мекемелерге, ірі компанияларға жолдадым. Әзірге тек ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жобаға ақпараттық қолдау білдіретіндігін айтты. Осы орайда аталған министрліктің бұл жобаға өзге мекеменің мәселесі деп селқостық танытпай, қолдау білдіргеніне ризашылығымды жеткізгім келеді.
Бұл жобаны ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолдадым. Министрлік менің хатыма «қазіргі уақытта қосымша интернет портал ашудың қажеттілігі жоқ» деп жауап берді. Құзырлы мекемеден қолдау таппағаннан кейін шетелдік меценаттардан көмек сұрап көрмек болдым. Бірақ бұл ойдан бас тарттым, себебі менің намысым жібермеді, оларға біздің елдің отандық тауар өндірушілерді қолдамайтындығын айтқым келмеді. Қазіргі уақытта жобаны қаржыландырудың басқа жолдарын қарастырып жатырмын. Қыркүйек айында Қарағанды қаласында «Мadein-kz.com» жобасының презентациясын өткізуді жоспарлап отырмын. Еліміздің отандық тауар өндірушілерін қолдап, әлеуметтік халықты жобаға қолдау көрсеткісі келетін еліміздің әрбір азаматының көмегіне зәруміз, жобаны қолдауға шақырамын.