Бұл туралы Отандастар форумының бас серіктесі «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы, кәсіпкер Исламбек Салжанов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кәсіпкер өз сөзінде форумда көп бастама көтеріліп, орталық ашайық, іс-шара ұйымдастырайық деген сияқты түрлі ұсыныстар айтылып жатқанымен оларды жүзеге асыру қаражатқа келіп тірелетінін айтты.
Елім, жерім дейтін, ұлтым дейтін, «әр қазағым, жалғызым» дейтін кәсіпкерлер болса, Қазақстанда да, шетелде де көп мәселені шешуге болады. Солай емес пе? Сондықтан менің айтатыным кәсіпті дамыту керек, - деді ол.
Сондай-ақ Исламбек Салжанов шетел тәжірибесін елге тарту керегін атады.
Америка, Еуропа сияқты дамыған мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарымыз сол жақтан технология, білім, тәжірибені елге тарту керек. Жергілікті қазақ жастарына үйрету керек, бір жағынан. Екінші жағынан Қазақстанда тұрып жатқан жағдайы бар кәсіпкерлер шетелде оқыған қазақтарға, соның ішінде жастарға қолдау көрсетіп, кәсіп ашуына жағдай жасауымыз керек, - деді ол.