Қазіргі қазақ тілінде «ер азамат; әскер, іріктелген әскери құрама; Ұлан (гвардия); Ұлттық ұлан» мағынасында кең қолданылып жүрген ұлан сөзінің түбірі ұл сөзі, ал «-ан» болса, көне түркі тіліндегі көптік мағынаны білдіретін жұрнақ. Сонда ұлан тұлғасы cөзбе-сөз «ұлдар» дегенді білдіреді.
Ұл сөзінің өзі көне түркі тілінде оғул тұлғасында болған, кейінірек оғул>уғул>уыл>ұл сияқты сөз ішіндегі «ғ» дыбысының еруінің нәтижесінде қазіргі қазақ тіліне ұл формасында жеткен. Ертеректегі сөз ортасындағы «ғ» дыбысы қазақ тілінде түсіп қалатыны белгілі: оғлан>ұлан, оғлақ>лақ, еге>ие, агу>у, т.с.с.
Бір қызығы, ұлан сөзінің өзі көне дәуірлерде «ұл, ер бала, әскер» сияқты мағыналарда жұмсалмаған. Неге десек, ұлан сөзінің көне формасы болып саналатын оғлан/ұғлан тұлғалары көне дәуірлерде «жалпы бала (қыз болсын, ұл болсын)» мағынасында қолданылған. Мысалы, біздің «қыз бала» дегеніміз көне түркі тілінде қыз оғлан түрінде жұмсалған. Сонда ұлан сөзінің алғашқы мағынасы «бала, перзент» екен. Ал «ұл, ер бала, батыр, әскер» сияқты мағыналары кейінірек пайда болған.
Мысал ретінде айтар болсақ, Орхон ескеркіштерінен бастап, көне және орта ғасыр жазба ескерткіштерінің барлығында дерлік оғлан сөзі «бала, перзент» мәнінде қолданылған:
Оғлақ йиликсиз, оғлан биликсиз – «Лақта жілік болмас, балада білік (білім) болмас»;
Оғлан иши иш болмас, оғлақ мүнгүзи сап болмас – «Баланың ісі іс болмас, лақ мүйізі сап болмас»;
Оғлан су төкер, улуғ йаны сынур – «Бала су төгер, үлкен (оны басып) жығылар» (Диуани лұғат-ат түрк ескеркішінен алынған мақал-мәтелдер).
Ал қазіргі түркі тілдеріне келсек, түрік, әзербайжан, ұйғыр, башқұрт, құмық тілдерінде оғлан/ұлан тұлғаларының көне «бала, перзент» мағынасы жойылып, жаңа «ұл, ер бала» мағынасында жұмсалуда.
Ал түркмен, татар, қарашай-малқар, қарайым, хакас, якут тілдерінде оғлан/ұлан тұлғалары «бала, перзент» мәнінде сақталған. Тіпті, түрікменде ғыз оғлан, татарда қыз уғлан, қарашай-малқарда қыз улан, хакаста хыс олған тіркестері «қыз бала» мағынасында қолданылуда.
Енді бір тілдерде ол сөз тағы басқа қосымша мәндерінде көрінуде. Мәселен, өзбекше уғлон сөзі «жас әскер, қайсар жігіт, хан сарайы әскері, тіпті, есім соңына жалғанып, ақсүйек тұқымынан екенін білдіретін сөз» мәндеріне ие. Татар тілінде де «әскер» мағынасында бар. Қырғыз және қарақалпақ тілдерінде болса, «жас жігіт» дегенді білдіреді.
Соңғы кездері қазақ тілінде де солай, «әскер» сияқты жаңа мағынасы кең қолданылуда. Ұлан сөзі жаңа мағынасында кең қолданылғанымен, мақал-мәтелдерде көне мағынасында жұмсалғанын байқауға болады:
Ақыл жас-ұланнан, жүйрік тай-құнаннан;
Анаға ішінен шыққан соң, ұлан да бала, жылан да бала;
Ер ұлан үйде туып түзде өседі, қас қыран ұяда туып құзда өседі;
Ұлан жылай күн кешер, лақ маңырай су ішер (Бабалар сөзі 66-69 томдар).
Сайып келгенде, қазақ әдеби тілінде ұлан сөзінің «бала» мағынасы жойылып, «әскер, ер азаматтар» сияқты мағынасы кең таралуда.
Ұлан сөзінің «бала, перзент» мәнінен «ер бала» мағынасына ауысуы қазіргі қазақ тілінің оңтүстік говорларында бала сөзінің «ер бала» мағынасында жұмсалуымен салыстыруға болады.
Қазіргі тілімізде ұлан сөзінің «әскер, іріктелген әскер, Президент әскері, Ішкі әскер» сияқты мәндерде қолданылуы қазақтың ұл сөзінің «батырлықпен, өжеттілікпен және қайсарлылықпен» тең көруімен байланысты. Бір жағынан, «ер азамат» мәнідегі ұл сөзіне көптік жалғауы «ан» жалғануы арқылы «ерлер, батырлар» сияқты мағынаның тууы заңды құбылыс.
Соңғы уақытта Ішкі әскерді «Ұлттық ұлан» деп жаңаша атауы тарихи сәтті шешім болды деп ойлаймыз. Неге десек, бүкіл әлем ішкі әскерді «жандарм» деп атап жүргенде біз бұл терминді қабылдамай, қазақилықтың, түркіліктің иісі аңқып тұрған төл сөзіміз Ұлан сөзін қабылдадық. Бұл тарих алдында, қазақ ұрпақтары алдында тіліміздің болашағы үшін ең үлкен қызмет деп білеміз.