Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Алтыналмас АК" АҚ мен "Қазақалтын" компаниясы қызметкерлеріне біржолғы төлем беруді ұйымдастырып жатыр.
"Алтыналмас АК" АҚ директорлар кеңесінің шешімімен Алтыналмас және оның еншілес кәсіпорындары ел басшылығының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы өтініштерін қолдау үшін ұзаққа созылған пандемия кезеңінде қызметкерлерге материалдық қолдау көрсету мақсатында өз қызметкерлеріне 100 000 теңге мөлшерінде (міндетті салықтар мен ұстап қалулар шегерілгенге дейін) біржолғы төлем тағайындайды.
Әлеуметтік жауапкершілік пен қызметкерлердің әл-ауқатына қамқорлық жасау - "Алтыналмас АК" АҚ компаниялар тобының басты құндылығы болды және болып қала береді. Бүгінде, бұрынғыдай, көптеген ұжымның қамқорлығы мен қолдауы біздің қоғамның барлық өкілдерінің дағдарысты сәтті еңсеруінде басты рөл атқарады.
Осы шешім пандемия кезеңінде ұжым мүшелері мен олардың отбасыларын қолдау мақсатында бірқатар іс-шараларды жалғастырады, олардың ішінде барлық қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету, топ жұмысшылары қатарындағы аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек төлеу, 2020 жылғы 1 маусымнан бастап ауруханалық кезең үшін КВИ және пневмония диагнозы қойылған қызметкерлердің орташа жалақы бойынша аурухана парақтарына ақы төлеу және басқалар.
Сондай-ақ "Қазақалтын" компаниясы мен оның еншілес кәсіпорындарының қызметкерлері біржолғы материалдық көмек алады. Концерн басшылығы ұзақ уақытқа созылған COVID-19 пандемиясына байланысты штаттағы жұмысшыларға 100 мың теңгеден бөлу туралы шешім қабылдады.
"Қазақалтын ТМК" АҚ коронавирус пандемиясы кезінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты ел басшылығының бастамасын қолдады. Осы қиын-қыстау кезеңде отандық кәсіпорындардың жұмысшыларына материалдық қолдау көрсету қажеттілігін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен болатын, - делінген хабарламада.
Біржолғы төлем "Қазақалтын" концернінің құрамына кіретін кәсіпорындардың 5 412 жұмысшысына тиесілі. Бұл мақсатқа компания басшылығы шамамен 550 миллион теңге бөлді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мұндай материалдық көмекке салық салынуы тиіс, сондықтан қызметкерлер бюджетке міндетті төлемдерді шегеріп тастап, ақша алады. Қаржылай көмек кәсіпорындардың басшылық құрамына және келісім-шарт бойынша жұмыс істейтін қызметкерлерге тағайындалмайды.
Компанияның бұл бастамасы COVID-19 пандемиясы кезінде жұмысшылар ұжымын әлеуметтік тұрғыда қолдауға бағытталған іс-шаралардың жалғасы болып табылады. Елде төтенше жағдай жарияланған кезде "Қазақалтын" өз қызметкерлері мен олардың отбасыларын, сондай-ақ компанияның өндірістік базалары бар Ақсу, Бестөбе және Жолымбет ауылдарының тұрғындарын медициналық маскалармен және антисептикалық заттармен қамтамасыз етті. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады.