Отан алдындағы борыш немесе әскердегі әлімжеттік пен 40 күндік әскер

21 Желтоқсан 2022, 10:20
10455
Бөлісу:
Отан алдындағы борыш немесе әскердегі әлімжеттік пен 40 күндік әскер

Мемлекеттің мәртебесін арттырып, елдің біртұтастығы мен халықтың тыныштығын сақтауда Ұлттық ұлан жауынгерлерінің атқаратын рөлі ерекше. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген азаматтар темірдей тәртіпке бағынып, бір жыл ішінде шын болаттай шыңдалып шығатыны жасырын емес, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық ұланда борышын өтеп, қызмет етіп жүрген еліміздегі талай сарбаздардың қанаттануына жол ашып, тәрбиесін шыңдаған 6679 әскери бөліміне биыл 55 жыл толып отыр. Осыған орай, әскери бөлімнің командирі подполковник Аманжол Әйтеновпен сұхбаттасқан едік. 

Отан алдындағы борыш немесе әскердегі әлімжеттік пен 40 күндік әскер

– Аманжол Нұрмахаммедұлы, әңгімемізді жарты ғасырдан астам тарихы бар әскери орданың бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ...  

– Ұлттық ұлан – мемлекетіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрыштай берік құрылымдардың бірі. Біздің әскери бөлімнің қызметшілері қаладағы қоғамдық тәртіпті қадағалаумен қатар, аса маңызды стратегиялық объектілер мен түзеу мекемелерін күзетуді жүзеге асырады. Сондай-ақ ішкі істер органдарымен бірге мемлекеттік нысандарды қорғауға елеулі үлес қосып келеді. Бұдан бөлек, 6679 әскери бөлімі әрқашан қылмысқа қатаң тосқауыл қоюға, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға әрекет етеді. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы әскери бөлімнің қызметкерлері мен жауынгерлері Павлодар өлкесінің тыныштығын қамтамасыз етіп жатыр. Тарихқа көз жүгіртсек, 1967 жылы құрылып, Жауынгерлік Туға ие болған әскери бөлімге биыл 55 жыл толды. Алғашында айдауылдау батальоны болып құрылған әскери бөлім араға үш жыл салып, полк болып ұлғайды. Полктің жеке құрамы содан бері өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді. Бөлімнің жауынгерлері Отанға адал қызмет етуде аянып қалған емес. Сол себепті бізге әскери дәстүрді сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу сынды тарихи жауапкершілік жүктелген. Бүгінгі күні әскери бөлімнің қызметкерлері қаладағы екі бірдей түзеу мекемелеріндегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді. Айта кету керек, АП-162/4 - барынша қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мекеме. Бұл колонияда ауыр және аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ, қылмыстардың қайталануы үшін сотталғандар бар. Сондықтан біздің әскери бөлімнің қырағы қызметкерлері мен сардар сарбаздары барынша қаруланып, күнделікті даярлық сабақтарынан өтеді. Онымен қоса, мекемедегі қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. 

– Алдымен ата-ана үшін баласының амандығы аса маңызды. Осы орайда жас сарбаздардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі деген заңды сұрақ туындайды... 

– Түсінемін, баласын Отан алдындағы борышын өтеуге жіберіп, жанын шүберекке түйіп, сары уайымға бататын ата-анаға оңай емес. Өзім де әке болғасын бұл жағдаймен жақсы таныспын. Біздің әскери бөлімде темірдей тәртіп қалыптасқан. Яғни әрбір жауынгер әскери қызметшілердің бақылауында болады. Бұдан бөлек, сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық жауынгер барынша қару-жарақтанады. Онымен қоса, әскери бөлім бейнебақылау камераларымен жабдықталған. 

– Жалпы, әскерде әлімжеттік әлі бар ма?

– Қазіргі уақытта ондай оқиғалар жоқ. Бәлкім, 90-ыншы жылдары болған шығар. Бүгінгі таңда әлімжеттік әскер қатарынан алыстады. Себебі әскери бөлімнің барлық аумағына бейнебақылау камералары орнатылған. Онлайн режимінде әскери бөлімде не болып жатқанын бақылап отырамыз. Әрине, кейде ер азаматтар арасында кикілжің болуы мүмкін. Ондай жағдайлар қарапайым өмірде де болып жатады. Ал енді жаппай «дедовщина» деген жоқ. Жалпы, әскердегі әлімжеттіктің түп-төркіні қайда жатыр? Ең бірінші осыған назар аудару керек. Азаматтардың заңсыз әрекет жасауына алдымен оның отбасындағы тәрбиесі ықпал етеді. Отбасында жақсы тәрбие алған, үлгілі, өнегелі азаматтар әскер қатарында да алдыңғы шептен көрінуге тырысады. Сондықтан әскерде болатын мұндай көріністерге әскерге дейінгі тәрбиенің жеткіліксіз болуының да өзіндік ықпалы болады. Міне, осындай толыққанды тәрбие алмаған жастардың әлгіндей кемшіліктері, мінез-құлықтары әскер қатарына шақырылған кезде анық көрінеді.

– Жасыратыны жоқ, соңғы кездері елімізде сарбаздардың өзіне қол жұмсау фактілері жиілеп кетті. Бұл жағынан сіздерде қатаң бақылау жүргізіле ме?

– Осы уақытқа дейін біздің әскери бөлімде мұндай оқыс оқиғалар тіркелген жоқ. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген жақсы сөз бар. 6679 әскери бөлімі осы нақылды басшылыққа ала отырып, күн тәртібі бойынша тәрбие жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар әскери психолог әр сарбазбен жеке жұмыс істейді. Сарбаздардың мінез-құлықтарының өзгеруіне мониторинг жасалып, түрлі жағдайларға байланысты күйзеліске түскен немесе қиындыққа тап болған жауынгерлерге психологиялық көмек көрсетіледі.

– Қазіргі таңда азаматтарды әскер қатарына шақыру, Отан алдындағы борышын өтеуге ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көптеген қолдау-көмек көрсетіліп келеді. Бұл бағытта сіздерде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Мектептердегі алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушыларымен келісіп, жоғары сынып оқушыларын әскери бөлімге әкеліп, экскурсия жүргіземіз. Әскери өмірді көрсетіп, түрлі сайыстар ұйымдастырамыз. Осылайша жас ұрпақтың бойында әскерге деген қызығушылығын оятып жатырмыз. Бұдан бөлек, әскер қатарына шақыртылған азаматтармен жеке жұмыс жүргізіп, олардың бойындағы қарым-қабілетін одан әрі шындауға ықпал етеміз. Мәселен, жауынгерлердің тәжірибесін тереңдетіп, білім алып, кәсіби маман болып қалыптасуы үшін оларды Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан Қаракемер елді мекеніндегі 6654 әскери бөліміне 3 айлық оқуға жібереміз. Бұл жерде Ұлттық ұлан сарбаздарымен келісімшарт бойынша әскери мамандарды оқытады. Атап айтсақ, бөлімше командирлері-сержанттарды, байланыс мамандары, аспазшы, брондалған техниканың механик-жүргізушісі, атқыш, радио-химиялық, ядролық қорғаныс бөлімшесінің командирлерін, автомобильдік бөлімшелердің қызметкерлерін, ішкі істер қызметіне көмекші патрульдеу бөлімшелерінің сержанттары сынды 20-ға жуық маманды оқытып, дайындайды. 

Сонымен қатар азаматтарды Отан алдындағы борышын өтеуге ынталандыру мақсатында әр жыл сайын әскери қызметкерлердің еңбекақысы 20-22%-ға көтеріліп келеді. Онымен қоса, жас жауынгерлер мен әскери қызметкерлерге әскери баспана, жоғары оқу орындарына түсуге жеңілдіктер қарастырылған. Біздің әскери бөлімнің аумағында да әскери баспана орналасқан. Қызметтік баспанада 150-ге жуық пәтер бар.

– 40 күндік әскер тәжірибесінің енгізілуіне қалай қарайсыз? Бұл аз уақыт аралығында азаматтардан жауынгер тәрбиелеп шығару мүмкін бе? 

– Елімізде бекітілген ережеге сәйкес, әскер қатарына әскерден босатылуға құқығы жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы ер азаматтар шақырылады. Әскери борыштың мерзімі – 12 ай. Әскери дайындықтан жедел өтуді қалаған азаматтар қызметтің жеңілдетілген түрін пайдалана алады. Яғни 40 күндік ақылы оқуды аяқтаған азаматтарға әскери курсты тәмамдағаны жөнінде куәлік беріледі. Әрине, 40 күндік оқуды 1 жылдық әскери өмірмен салыстыру мүмкін емес. Десе де, осы уақыт аралығында әскери бөлімнің қызметкерлері әрбір азаматтың бойына жауынгерлік рух қалыптастырады. Олармен әскери-дайындық жұмыстарын жүргізіп, әскери-техникалық қабілетін тереңдетеді. Яғни, әрбір бозбаладан 40 күнде, нақтырақ айтсақ, 36 жұмыс күнінің ішінде сарбаз жасаймыз. Әскери қызметке баламалы қызмет жайлы айтарым, ақылы түрде әскери дайындықтан – жасы 24-тен асқан, денсаулығы жарамды, әскери міндетін атқаруды кейінге шегеру құқығына ие жігіттер ғана өте алады.

– Әскер қатарынан жалтарып жүрген азаматтарға не айтар едіңіз?

– Әскер – өмір мектебі. Ол ата-анасының жанында қиындық көрмеген кез келген бозбаланы ширатады, шыңдайды, өз бетінше өмір сүруге тәрбиелейді. Сондықтан әрбір қазақстандық азамат сарбаз ретінде сап түзеп, әскери мектепте шыңдалудан қашпауы қажет. Ата-бабаларымыз «найзаның ұшымен, білектің күшімен» қорғалған ұлан-ғайыр атамекеніміздің ендігі қорғаны – Сіздерсіздер!

– Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы