От пен судан қауіп көп

27 Маусым 2024, 16:31
318
Бөлісу:
От пен судан қауіп көп
PHOTO
Фото: автордан

Ақтөбе облысында шомылу маусымы басталғалы 6 адам суға кетіп көз жұмса, жыл басынан бері өңірде болған өрт оқиғаларының салдарынан 8 адам қаза тапқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл Ақтөбе облысына жаз «кештетіп» келді. Соған байланысты суға шомылу кезеңі де әдеттегіден кеш, нақтырақ айтсақ, маусым айының ортасынан басталды. Алайда шомылу маусымы басталған бойда бірнеше адам су айдындарына батып, көз жұмды.

Жыл сайын өңірде жазғы шомылу маусымы кезінде су айдындарында қайғылы жағдайлардың жиі тіркелуі бүгінде өзекті мәселе болып отыр. Себебі жастар мен оқушылар абайсызда суға батып кетіп, ерте өмірден өтіп жатыр. Бұл орайда қазір жергілікті атқарушы органдар мен облыстық төтенше жағдайлар департаменті профилактикалық іс-шаралар өткізуге басты назар аударуда. Дегенмен нәтиже аз. Оның басты себебі – азаматтардың судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамай, белгіленбеген жерлерде шомылуы.

     Ақтөбе облысында тыйым салынған 206 орын бар

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Иса Байтұрсыновтың айтуынша, биыл шомылу маусымы басталғалы облыста 6 адам су кетіп, көз жұмған. Оның ішінде екеуі - бала.

Адамдардың суға кетуінің негізгі себебі тыйым салынған, белгіленбеген жерлерде шомылуы болып отыр. Мәселен, бес ересек адам тыйым салынған су айдындарында шомылса, бір бала үлкендердің қарауынсыз қалған. Атап айтсақ, суға кетіп көз жұмған бала — аутизммен ауыратын жасөспірім. Ол үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Баланы облыстағы құтқарушылар, полиция қызметкерлері мен еріктілер 5 күні бойы іздеді. Ақыры баланың мәйіті Елек өзенінен табылды. Ал суға кеткен екі студент тыйым салынған жерге шомылса, биыл 11-сынып бітірген түлек пен әскерден келген жас түскі уақытта суға батып кеткен. Сондай-ақ Шалқар ауданында 1959 жылы туған азамат балық аулауға барып, Шалқар көліне суға түскен. Ақыры ол да тұңғиыққа батып кеткен. Былтыр Ақтөбе облысында 11 адам көз жұмған болатын, оның 9-ы - бала. Биылғы жағдаймен салыстырсақ, осы кезеңде өткен жылы өңірде 8 адам суға батып, көз жұмған. Себебі өткен жылы мамыр айында күн ысып кетті. Ал биыл жаз кеш шықты. Жалпы бұл өлім оқиғалары адамдардың жауапсыздығынан, сондай-ақ ыстыққа төзбей, шыдамсыздық танытқанынан болып отыр, - дейді Иса Байтұрсынов.

От пен судан қауіп көп

Бүгінде Ақтөбе облысында суға түсуге тыйым салынған 206 орын бар. Бұл жерлерге 297 белгі қойылған. Қазір облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерінен, полицейлерден, еріктілерден құрылған, құрамында жалпы саны 403 адам рейдке шығып, осы тыйым салынған жерлерге тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Иса Байтұрсынов рейд кезінде тыйым салынған аумақтарға орнатылған белгілерді сындыру, бояп кету жағдайлары жиі тіркеліп жатқандығын айтады. Қанша жерден бақылау жұмыстары жүргізілсе де, тұрғындар тәртіпке бағынар емес.

Осындай тәртіп бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу үшін өткен жылы біз Ақтөбе облыстық цифрлық технологиялар басқармасына бейнебақылаулар орнату туралы ұсыныс бергенбіз. Ақтөбе қаласындағы қауіпті 11 учаскені көрсеттік, қазір ол жерлерде балалар көп жүреді. Әзірге бұл орындарға 9 ғана камера орнатылды. Олар - Ақтөбе су қоймасы, Заречный көпірі аумағы және Тұрғындар қалашығы аймағы. Алдағы уақытта тағы да бейнекамералар орнатылатын болады, - дейді Иса Байтұрсынов.

Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының айтуынша, қазіргі таңда Ақтөбе қаласында 3 судан құтқару бекеті бар. Олар Нокин даңғылында, Ақтөбе су қоймасы аумағында және Тұрғындар қалашығы ауданында орналасқан. Бұл бекеттер 9 қайықпен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда жасақшы-құтқарушылар күн сайын патрульдік тексерулерге шығады. Суға кеткендерді құтқару жұмыстарына еріктілер де атсалысады.

Былтыр Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті өңірдегі «Бізбен бірге» еріктілер тобымен ынтымақтастық жайлы меморандумға қол қойған. Осы меморандум аясында биыл аталған еріктілер тобының 30 мүшесі департамент мамандарымен бірге рейдке шығып жүр. Олардың қатарында қала жастары мен белсенді студенттер бар.

Бүгінде Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінде мамандар тапшылығы жоқ. Мекемеде өрт сөндірушілер, құтқарушылар саны жеткілікті. Жалпы, біз жыл сайын өңірде сүңгуірлер тобын арнайы курстан өткіземіз. Мәселен, биыл оқу курстарынан өткен 66 адам қазір бірнеше құтқару тобының құрамында жұмыс істеп жүр. Биыл жыл басынан бері өңірде 64 орынға сүңгуірлер тобы тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде су айдындарын темірлерден, ағаштардан, басқа да қоқыстардан тазартты. Сондай-ақ суға түсуге болатын орындарда қауіпсіздік белгілерін орнатты. Ережеге сәйкес, ересектерге суға түсуге болатын жерлер 2 метрге дейін, оқушыларға 1-2 метр аралығында белгіленеді. Ал мектеп жасына дейінгі балаларға рұқсат етілетін ара қашықтық - 0,7 сантиметрге дейін, - дейді Иса Байтұрсынов.

 Тәртіп бұзғандарға қанша айыппұл салынады?

Биыл Ақтөбе облысында маусым айынан бастап 59 жағажай өз жұмысын бастады. Оның ішінде 24-і Ақтөбе қаласында орналасса, қалғаны — аудандарда. Облыс орталығындағы 24 демалыс орнының екеуі — аквапарк. Сондай-ақ біреуі — коммуналдық жағажай. Ол Нокин даңғылындағы құтқару стансасының жанында орналасқан. Бұл жерде тұрғындар тегін демалып, суға емін-еркін шомыла алады.

Қала тұрғындары рейд шараларын жүргізу кезінде коммуналдық жағажайдың аздығын, қазіргі жағажайдың үйлерінен алыста орналасқанын алға тартады. Біз осы орайда екі жылдан бері Ақтөбе қалалық әкімдігіне коммуналдық жағажайлар санын көбейту туралы өз ұсыныстарымызды айтып келеміз. Тіпті, коммуналдық жағажайды қай ауданнан ашу керектігін де жеткіздік. Мәселен, қала бойынша алдағы уақытта үш жағажай ашу керек. Олар Елек және Қарғалы өзендері бойындағы аумақтар. Бұл жерлерде қазір адамдар көп шоғырланады. Тіпті, келушілердің көптігінен кейде бұл орындарда полиция қызметкерлері тұрғындарға айыппұл да салып жатады, - дейді Иса Байтұрсынов.

Оның айтуынша, жыл басынан бері облыстық төтенше жағдайлар департаменті 942 рейд жүргізген. Нәтижесінде тұрғындарға 920 жадынама таратылып, полиция қызметкерлері судағы қауіпсіздік ережелерін бұзған 81 адамға айыппұл салған. Атап айтсақ, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 412-бабы бойынша 15 адамға 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынса, 364-бап бойынша 66 адамға ескерту берілген.

Айыппұл салынған 15 адамның 12-сі — баласының тәртібіне байланысты жауапқа тартылған ата-аналар. Сондай-ақ биыл шомылу маусымы басталғалы рейд кезінде су бойында ата-анасының қарауынсыз жүрген 53 бала анықталған.

Көп жағдайда ата-анасының қарауынсыз немесе рұқсатынсыз суға түсуге келетін балалар мен жасөспірімдер көп. Біз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлама жасасақ та, жадынамалар таратсақ та, балаларын қараусыз қалдыратын ата-аналар көп. Қазір бұл өте өзекті мәселе болып тұр.Сондай-ақ қала аумағында коммуналдық жағажайлар санын көбейтуде де мәселе жетерлік. Мәселен, мұндай жағажайларды кәсіпкерлер немесе қала әкімдігі ашуға ниеттенсе біз құптайтын едік. Себебі халық тегін жерге барғанды жөн көреді, екінші жағынан, құтқарушыларға да тиімді. Тұрғындар рұқсат етілген жерлерге ғана баратын болады. Сондай-ақ тағы бір айта кетер жайт, тұрғындар суға мас күйінде бармауы керек. Бұдан бөлек, судың температурасы +18 градустан асқанда ғана түсуге болады. Әйтпесе суық су адамдардың денсаулығына зиян, кейде тіпті адамдардың аяқ-қолы тартылып қалуы мүмкін, - дейді Иса Байтұрсынов.

Ақтөбе қалалық №4 құтқару бекетінің құтқарушысы Асқар Сердалиннің айтуынша, қазір судың жағасына келіп, ішімдік ішетін, қоғамдық тәртіпті бұзып, жанжал шығаратын азаматтар бар. Құтқарушылар мұндай азаматтарды дереу облыстық полиция департаментінің қызметкерлеріне «тапсырады». Тәртіп сақшылары ішімдік ішкендерге айыппұл салып, учаскелік инспекторлардың көмегімен үйлеріне қайтарады.

Су айдындарына келсеңіз, бұл жерлерде неше түрлі адамды кездестіресіз. Кейбірінің түсінігі бар болса, кейбіреулер айтқан сөзді түсінбейді. Ондай жағдайда біз тәртіп сақшыларын шақырамыз. Жалпы, ескертуге құлақ аспайтындар көп. Бүгінге дейін біздің көзімізше осындай тәртіпке бағынбаған 15 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - дейді Асқар Сердалин.

12 құтқарушы кезекшілікке шығады

Ақтөбе қаласындағы коммерциялық жағажайлардың бірі — «BarBQ» демалыс орны. Бұл жағажай Ақтөбе су қоймасының бойында орналасқан. 2021 жылы ашылған.

Демалыс орнының директоры Аслан Жадраның айтуынша, биыл жағажай 10 маусымда жұмысын бастаған. Бүгінде мұнда келушілердің қауіпсіздігі үшін құтқарушылар кезекшілікке тұрады. Сондай-ақ демалыс орнының аумағы арнайы бейнекамералармен қамтамасыз етілген.

Бүгінде біздің мекемемізде 12 құтқарушы бар. Олар арнайы курстан өтіп, біліктілігін арттырды. Күн сайын 5 адамнан кезекшілікке шығады. Таңғы 10.00-ден кешкі 21.00-ге дейін жұмыс істейді. Демалыс орнына кіру бағасына келсек, 3 жасқа дейінгілерге тегін, 3-10 жас аралығындағы балаларға — 500 теңге, 10 жастан бастап балалар мен ересектерге — 1000 теңге. Бұл бағаға отыратын орындар, футбол, волейбол алаңдары, балалардың ойын алаңы, кәуап пісіруге арналған құрал-жабдықтар кіреді. Демалыс орны ашылғалы бері аумағымызда суға кету жағдайлары тіркелген жоқ. Бізге облыстық төтенше жағдайлар және полиция департаментінің қызметкерлері келіп, рейд барысында үнемі тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Биыл жағажай аумағына қосымша алты бейнекамера орнаттық. Жалпы аумағымызда 27 бейнекамера бар, — дейді Аслан Жадра.

Өкінішке қарай, бүгінде коммерциялық жағажайлардан тыс жерлерге барып суға түсетіндер көп. Олардың қатарында мектеп және колледждердің оқушылары бар. Ол ата-анасына айтпай, ыстыққа шыдамай, суға түскенді жөн көреді. Алайда кейде мұндай оқиғалардың ақыры өлімге әкелуі мүмкін. Биыл облыста тіркелген 6 жағдайдың дені осындай жауапсыздықтың салдарынан болып отыр.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Серік Жолдасбайұлы жаз айларында демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін басты назарға алу керектігін айтады.

Суда жақсы жүзетін, талай адамды тұңғиықтан құтқарып қалған қала тұрғынының айтуынша, қазіргі балалардың өзімшілдігі мен аса белсенділігі жақсылыққа апармайды.

Бір жағынан, ата-аналарды да кінәлауға болмайды. Таңнан кешке дейін жұмыста жүретін ата-ананың баласын 24 сағат бойы көз алдында ұстауы мүмкін емес. Өкінішке қарай, кейбір отбасыларда ата-анасын тыңдамайтын, тәртіпке бағынбайтын, тентек балалар бар. Олар қоғамдық орында өздерін қалай ұстау керектігін, суға түскенде, жол жүргенде қандай қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін білмейді. Негізі, оқыс оқиғалардың дені жауапсыздық пен ережелерді білмегендіктен болады. Әсіресе, балаларға суға түсу қызықты болып көрінетіні анық. Алайда түскен жері терең болса, онда қауіп аяқ астынан, тұншығып қалуы мүмкін. Жалпы, су — тілсіз жау. Сондықтан сақтанып жүрген абзал, — дейді Серік Жолдасбайұлы.

Қала тұрғынының айтуынша, қазір балаларды мектеп жасынан бастап суда жүзуге үйрету керек. Бұл да қайғылы жағдайлардың алдын алады. Жақсы жүзетін бала барынша қорғанады.

 

Оқушылардың 36,6 пайызы ғана жүзуді меңгерген

Шындығында, қазір балалардың көбі суда жүзуді білмейді. Тіпті, ересектер арасында жүзуді үйренбегендер бар. Осы орайда біз Ақтөбе облыстық білім басқармасына хабарласып, оқушыларға судағы қауіпсіздік ережелерін үйретуде, сондай-ақ жүзуге арналған сабақтарды ұйымдастыруда қандай жұмыстар атқарып жатқанын сұрадық.

Облыстық білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие істері жөніндегі бөлімнің бас маманы Гүлзат Әскердің айтуынша, биыл өңірде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу, олардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған шараларды қамтитын кешенді жоспар әзірленген. Аталған жоспар аясында жүзудің алғашқы дағдыларын меңгермеген балалардың тізімі жасақталған. Атап айтсақ, бүгінде Ақтөбе облысында 180 733 оқушы болса, оның ішінде 63 720-сы ғана (36,6 пайызы) жүзуді меңгерген. Өңірде 18 628 (10,7 пайыз) оқушы жүзу үйірмесіне қатысады.

Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 716 оқушы бассейнге тегін барады.

Біздің басқарма дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп, облыс аумағындағы бассейндерде балаларға жүзуді үйретудің кестесін жасады. Оның ішінде көп балалы, аз қамтылған, әлеуметтік кепілдендірілген көмек алатын, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тізімі жасақталды. Мәселен, биыл жаз бойы бір мың бала суда жүзудің алғашқы дағдыларын меңгеретін болады. Бұл орайда балаларды жаз мезгілінде жүзуге үйрету үшін облыс аумағында 54 қаңқалы модульдік бассейн жұмыс істейді. Қазіргі таңда облысымызда Байғанин ауданында ғана қаңқалы бассейн жоқ. Басқа аудандардың барлығында балалар бассейндерге барып, тегін жүзуді үйрене алады, - дейді Гүлзат Әскер.

Өрт оқиғаларынан 8 адам көз жұмды

Тілсіз келіп, тұтқиылдан тап беретін өртті алдын ала болжап білу мүмкін емес. Адам өміріне, қоршаған ортаға, жер-анаға орны толмас зиян келтіретін өрт оқиғалары соңғы жылдары біздің өңірімізде де көбейіп барады. Әсіресе, орман өрті мен далалық жерлердегі жану оқиғалары толастар емес.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Азамат Жұмабаевтың айтуынша, биыл жыл басынан бері өңірде 242 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 8 адам қаза тауып, 7 адам түрлі жарақат алған.

Былтыр облыста 263 өрт оқиғасы болды. Биыл бұл көрсеткіш 7,9 пайызға азайып отыр. Дегенмен өрт саны азайғанымен, босаңсуға болмайды. Өрт деген аяқ астынан болатын тілсіз жау. Тұтанған бір сіріңке бірнеше гектар жерді шарпуы мүмкін. Сондықтан әсіресе жаз мезгілінде сіріңке, темекінің тұқылы сияқты заттарды сөндіріп, қауіпсіздік шараларын сақтаған жөн, - дейді Азамат Жұмабаев.

От пен судан қауіп көп

Оның айтуынша, биыл Ақтөбе облысында жаз басталғалы 4 орман өрті тіркелген. Оның біреуі Ақтөбе қаласы аумағында болса, екі жағдай Ойыл ауданында, бір жағдай Шалқар ауданында болған. Олардың жалпы алаңы — 1,83 гектар. Сондай-ақ биыл жалпы алаңы 742 гектар болатын 25 жану тіркелген. Дала өрттері болмаған.

Қазір облыстағы басты проблема — аудандардағы орман шаруашылықтарындағы өрт сөндіру техникаларының аздығы мен ескілігі, мамандар тапшылығы. Мәселен, Ойыл ауданында болған орман өрті кезінде облыс орталығынан арнайы 4 техника, 15 адам көмекке барды. Себебі желдің салдарынан өрт көп жерге таралып кетуі мүмкін еді. Биыл облыстық әкімдіктің қолдауымен өрт сөндіру бекеттеріне техникалар алынып жатыр. Сондай-ақ жергілікті әкімдіктер өрт сөндірушілерді аспалы өрт сөндіргіштермен қамтуда. Мәселен, биыл облысымыздағы ерікті өрт сөндіргіштер 188 өрт сөндіру мотопомпасымен, 1222 аспалы өрт сөндіргішпен қамтылды. Облыста ерікті өртке қарсы құралымдарды жарақтандыру жоспары іске асырылуда. Соның шеңберінде 603 өрт-техникалық қару-жарағы пен арнайы жабдықтар сатып алынды. Жалпы, биыл өрт оқиғалары жиі тіркелетін қауіпті кезеңге 1,67 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылды, - дейді азаматтық қорғау капитаны.

Ақтөбе облысы аумағында 2017 жылдан бастап 73 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Биыл 16 бекет өз жұмысын бастады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңірде 109 мың адам тұратын 178 елді мекен өрттен қорғалған. Сондай-ақ биыл өрт сөндіру бекеттерін жарақтандыру үшін 10 техника сатып алынған. Өрт сөндіру бекеттеріне 18 автокөлік және 2124 жабдық сатып алуға қосымша қаражат бөлінген.

Былтыр облысымызда 2024-2026 жылдарға арналған орман өрт сөндіру станцияларын техникамен және жабдықпен жарақтандыру жөніндегі жол картасы бекітілді. Соған сәйкес биыл техника мен жабдықтарды сатып алу жүргізілуде.Төтенше жағдайлар министрлігінің бұйрығына сәйкес, біздің өңірімізде авариялық-құтқару қызметін жарақтандыруға тиесілі норматив 286 бірлік техника болса, бүгінде қолда бар техника саны - 171. Облыс бойынша жетіспейтін техникалар саны - 115. Бүгінде мемлекеттік орман шаруашылығы мекемелерін орман өрт сөндіру станцияларымен жарақтандыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, Ақтөбе облысының аумағында 3 орман өрт сөндіру станциясының құрылысы жүргізіліп жатыр. 2025-2026 жылдары қосымша 4 өрт сөндіру станциясын салу жоспарлануда, - дейді Азамат Жұмабаев.

От пен судан қауіп көп

Оның айтуынша, бүгінде облыстағы Ырғыз-Торғай резерватының аумағында орман өрт станциясын құру мәселесі шешілмеген күйінде қалып отыр. Қазір резерват аумағында өрт болса, оған аудандағы өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері жұмылдырылады.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің берген деректеріне сүйенсек, биыл облыста өрт жағдайларының алдын алуда материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту мақсатында жергілікті бюджет есебінен 4 жедел жеңіл автокөлік, 2 мобильді ауа компрессор, 2 тепловизор, 2 тіркемелі мотопомпа, 8 дана портативті өрт сөндіру құрылғысы, 96 жиынтық тыныс алу аппараты, 150 жиынтық өрт сөндірушінің жауынгерлік киімі және 10 дана броньды кеудеше мен каска сатып алуға 297,7 миллион теңге қаражат бөлінген. Қазіргі таңда аталған техникалар мен жабдықтарды сатып алуға мемлекеттік сатып алу конкурстары жүріп жатыр.

Сонымен қатар жергілікті бюджетті нақтылау кезінде 5 жедел автокөлік, 2 жол талғамайтын автокөлік, 15 моторлы қайық, 44 250 комбинезон, 44 тасымалды және 6 тіркемелі мотопомпа сатып алуға 447,8 миллион теңгеге бюджеттік ұсыныс берілген.

Жалпы, жыл басынан бері Ақтөбе облысында 476 профилактикалық іс-шара өткізіліп,

мобильді топтармен қатысуымен 181 рейд жүргізілген. Нәтижесінде заң бұзушылық жасаған 397 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

P.S. Қалай десек те, су мен оттан келетін қауіп көп. Мәселен, биыл Ақтөбе облысында су тасқыны болып, мыңдаған отбасы баспанасынан босып кетті. Тасқын су бөгеттерді бұзып, ауылдарға кіріп, ондағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды қиратты. Үш ай уақыт өтсе де әлі күнге дейін өз шаңырағына орала алмай отырғандар бар. Себебі су кірген үйлердің біразы жарамсыз болып қалса, дені жөндеуді қажет етеді. Бұл қиындықтар да осы судан келген қауіп. Сондықтан қауіптің алдын алу үшін рұқсат етілмеген жерлерге суға түспеңіздер. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаңыздар.

«Сақтансаң, сақтайды» деген. Қауіп-қатерден әркез сақтанып жүрейік!

Өзгелердің жаңалығы