Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының тұрғындары алдағы уақытта «Сарыарқа» газ құбыры құрылысының пайдасын көре алады.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, осы жылдың соңында жергілікті халық біртіндеп газпен жылыту жүйесіне ауыса бастайды. Ол жайлы өңір басшысы Ерлан Қошанов облыс активінің отырысында мәлімдеді."Елбасының 5-ші бастамасын жүзеге асыру мақсатында қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларында газ тарату жүйелерінің құрылыстары басталды. Осы жылдың соңына қарай тұрғын үй массивтері газға қосылу мүмкіндігіне ие болады", - деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, облыста Жаңаарқа, Шет, Бұқар жырау, Осакаров аудандарында, сондай-ақ Шахтинск және Жәйремде автоматты газ тарату стансаларының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Ерлан Қошанов жұмыс жоспарын ұстануды және жиналған қарқынды төмендетпеуді тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, «Сарыарқа» газ құбырының құрылысы 2018 жылдың қараша айында басталды. Елді газдандыруды Елбасы - Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев тапсырды.