Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанайда қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта онлайн режимде төрт жасар баланы өлтірді деген күдіктінің ісі қаралды деп хабарлайды alau.kz.
Басылымның жазуынша, прокурор күдіктіні 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Жантүршігерлік оқиға Қарасу ауданында биыл 17 наурызда болған. Аудандық полицияның кезекші бөліміне төрт жасар баланың денесі табылғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына келген полицейлер 65 жастағы ер адамды ұстаған. Зейнеткер мас күйінде бірге тұрып жатқан әйелдің немересін алдымен ұрып-соғып, одан кейін қырық литрлік ыдыстың ішінде суға батырып өлтірген.
Еске сала кетсек, Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында екі бала құдыққа құлап, қайтыс болған еді. Қайғылы жағдай Бірлік ауылдық округіне қарасты Шошай қыстағында болған. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Сондай-ақ, Қостанай облысы Федоровка ауылы маңындағы Жаман Жаркөл көлінде шаңғы жарысына қатысқан алтыншы сынып оқушысы құдыққа құлап түсткен. Оқиға орнына келіп жеткен азаматтық қорғау сержанттарының бірі оқушы құлаған жерде жай шұңқыр емес, іші суға толы құдық екенін көрген. Ол дереу құдық түбіне түсіп, алтыншы сынып оқушысын тысқа алып шыққан. Оқушы қызды сол арада жедел жәрдем қызметкерлеріне беріп, оған тиісті көмек көрсетілген.