Қостанайда құны 300 млн долларлық қайта өңдеу кәсіпорны тұрғызылады

4 Сәуір 2019, 13:16
2241
Бөлісу:
Қостанайда құны 300 млн долларлық қайта өңдеу кәсіпорны тұрғызылады
Фото: автордан

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жылы Қостанай өңірінде 378 млрд теңгенің ауыл шаруашылық өнімі өндірілді. Бұл туралы көктемгі науқан қарсаңында өткен жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхаметов баяндады.

Жиынды облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жүргізіп отырды.

«Басты міндет – ауыл шаруашылық өнімдері көлемін ұлғайту. 378 млрд теңге де жақсы нәтиже. Бұған қайта өңдеу саласының көрсеткіші кіргізілген жоқ. Осымен тоқтап қалмау керек. Оған мүмкіндік те, жағдай да бар. Қазір ауыл шаруашылығын цифрландыру жүріп жатыр. Облыста әртараптандыру бойынша жұмыстар атқарылуда. 476 мың га алқапта майлы дақылдар егіледі. Бірақ, бұл бағыттағы жұмыстар Ұзынкөл, Сарыкөл, Қостанай аудандарында әлі баяу», - деді Архимед Мұхамбетов.

Сондай-ақ, өңір басшысы облыс орталығында соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылған қайта өңдеу кәсіпорны тұрғызылатынын мәлімдеді.

«Жоба құны – 300 миллион доллар. Онда 150 мың тоннаға дейін майлы дақылдар өңделеді. Әртараптандыру бойынша жол картасын жасауды тапсырамын. Аудан әкімдері осы жөнінде есеп беретін болады», - деді Архимед Мұхамбетов.

Облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхаметов астықты өңірдегі өткен жылғы көрсеткіштерді айта келіп, алдағы егіс науқанына дайындық мәселесіне тоқталып өтті.

«2019 жылы 5,3 миллион га алқапқа дән сіңіріледі. Оның ішінде 4,0 млн га бидай, арпа секілді дақылдар, 265 мың га жерге жемазық, 476 мың га егістікке майлы дақылдар, 4,1 мың га алқапқа картоп, қалған бөлігіне көкөніс егіледі», - деді Ғауез Нұрмұхаметов.

Өзгелердің жаңалығы