Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Кеше, 6 сәуір күні Қостанай облысындағы блок-бекеттер арқылы 1054 автокөлік және 1250 адам өткізіліп, 14 автомобиль кері қайтарылған. Бұл туралы Қостанай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі маманы Кенже Қонысбай айтты.
Блок-бекеттерде 201 қызметкер, 136 полицей, 50 медицина қызметкері, 3 әкімдік өкілі, 12 ветеринария қызметкері қызмет атқарады. Санитарлық бекеттерде 4943 автокөлік және 7631 адам тексерілді. Жүргізушілер мен жолаушылар тарапынан өткізу орындарының жұмысына шағым түскен жоқ, - дейді Қостанай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі маманы Кенже Қонысбай.
Оның айтуынша, өткен тәулік ішінде ТЖ режимі 27 рет бұзылған. Атап айтқанда, 21 адам маска мен қолғап кимегені, 4 қоғамдық орын антисептик қоймағаны үшін және ережеге бағынбаған 1 дәмхана иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен бірге, келіп-кету ерекше режимін 1 рет бұзу фактісі анықталған.
Қазіргі таңда өңірде 190 адам ауруханаға жатқызылған, үй карантинінде 21 адам бар.
Еске сала кетейік, 31 наурыз сағат 22.00-ден бастап Қостанай облысында бірқатар шектеулер енгізіліп, басқа өңірлермен шектескен аймақтарға блок-бекеттер қойылған болатын. 3 сәуірде шекаралардағы 10 блок-бекет жаңа жұмыс тәртібіне ауысқан. Пост кезекшілері бұған дейін кірген-шыққанның бәрін есепке алып келген. Енді облыс аумағына кіргендер ғана тізімге жазылып, тексерістен өткізіледі.
Жаңа тәртіпке сәйкес, өткізу посттары сағат 00.00-ден 07.00-ге дейін жабық тұрады. Осы уақыт ішінде келесі жақпен қанша көлік, неше жолаушы кіріп-шыққаны туралы ақпарат алмасады.