Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Қостанай орталығындағы Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар таңғы сағат 10.00-ден басталды. Этнографиялық фестивальде салт-дәстүрлер сахналанса, «Әжемнің дәмді бауырсағы» байқауында бауырсақтың түр-түрі көрсетілді.
Орталық алаңда жұртшылықты облыс әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтады.
«Құрметті қостанайлықтар, жерлестер! Баршаңызды Наурыз мейрамымен ыстық ықыласыммен құттықтаймын. Тарихи тереңнен бастау алатын бұл мейрам бүгінгі қоғамда тұрақтылықты, достықты және бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атта мақаласында ұлтымыздың барлық салт-дәстүрін, ана тілімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғыртуға ерекше мән берілді. Ежелден қалыптасқан игі салт-дәстүрлер сақталып, ұлттық құндылықтар еліміздегі барша ұлт өкілдерінің тарапынан қолдау тауып отыр. Өйткені, халқымызға тән қонақжайлылық, қайырымдылық пен мейірімділік жарқын көрініс тапқан осынау мереке әрдайым жұртшылықты ынтымаққа, сыйластыққа шақырады», – деді өңір басшысы.
Орталық алаңдағы іс-шаралар көрігі түске таман түрлі байқаулармен, ұлттық ойындармен қыза түсті. Қазақ күресінен өткен қалалық ашық турнирде Мылтықбай Әбдуаитов (70 келіге дейін), Ерхан Мұхамеджанов (80 келіге дейін), Талғат Жиентаев (+80) сынды палуандар жеңімпаз атанды.
Көпшіліктің назарын аударған «Әжемнің дәмді бауырсағы» байқауында бауырсақтың жалпақ, ши, бармақ, ақ бауырсақ, т.б. түрлері көрсетілді. Ұйымдастырушы қалалық кітапханалар жүйесі барлық қатысушылардың еңбегін атап өтті.
«Мен бүгінгі мерекеге жол бауырсақ пісіріп әкелдім. Бұл жұмыртқа мен май қосылып, жұмсақ иленіп істелетін бауырсақ. Мұндай іс-шаралар арқылы жастарға ұлттық тағамды қалай пісіруді үйретіп, үлгі-өнеге көрсетеміз. Мысалы, менен келіп сұрап жатқандар көп», – дейді байқау қатысушысы Айман Көнтекова.
Бүгін Қостанай орталығында 300 келі ұлттық тағам дайындалады деп жоспарлануда.
Қала орталығындағы іс-шаралар, концерттік бағдарламалар, қолөнер шеберлерінің көрмесі әлі жалғасып жатыр.