Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қостанай егіншілері үш ауысыммен жұмыс істеуге көшті. Шаруалар осы қарқынмен егін себу жұмыстарын маусым айының алғашқы аптасында толықтай бітіруді көздеп отыр.
Биыл Қостанай облысында жазғы егіс көлемі 4,7 млн гектар деп белгіленді. Оның ішінде 3 млн 251 мың гектар жерге бидай егіледі. Теріскейде егіс алқабының құрылымын әртараптандыру бағдарламасына сәйкес, майлы дақылдар егістігі 700 мың гектарға дейін ұлайтылды. Ауыл шаруашылығы құрылымдары 620,8 мың гектарға жемдік дақылдар, 4,1 мың гектарға картоп, көкөніс және бақша дақылдарын егуді жоспарлап отыр.
Қазір өңірдегі егіс жұмыстарының жартысынан көбі аяқталды. Яғни 60%-дан асты. Кейбір аймақтарда науқан тіпті қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Әулиекөл ауданының шаруалары алқаптың 85%-ына дән сіңірсе, Бейімбет Майлин ауданының көрсеткіші – 78%.
Қарасу ауданында жағдай күрделірек, онда тек 45% ғана тұқым егілген. Мұның негізгі себебі – күн райының құбылуы. Биыл мамыр айы жылдағыдан гөрі жауын-шашынды болды. Жаңбыр бір апта бойы толастамады. Соның салдарынан облыстың солтүстік және орталық аудандарында шаруалардың жұмысы тоқтап қалды. Тек оңтүстік бөлікте ғана үздіксіз жұмыс жүріп жатты.
Бүгінде шаруалар жаңбыр кезінде тоқтап қалған жұмысты өндіріп алу үшін екі, үш ауысымда жұмыс істеп жатыр. Көктемгі егісті 4 маусымға дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ең бастысы, топырақта ылғалдың жақсы қоры бар, күн жылып жатыр. Демек, егін де жақсы шығады деген үміттеміз, – дейді түсіндірді Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сембай Сағындықов.