Қостанай қаласының шетін су шая бастады

13 Сәуір 2020, 22:56
1385
Бөлісу:
Қостанай қаласының шетін су шая бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай қаласында шеткі үйлерге су кірген. Тұрғындар үш-төрт күннен бері сол қызыл сумен арпалысып әлек. 

24.kz сайтының мәліметіне қарағанда, мамандар да арнайы көлікпен сорып, амалдап жатыр. Бірақ көше бойы әлі де көлкіген су.

Қазіргі кезде Қостанай-2 шағын ауданының шет жағындағы бірнеше көше әлі де шылқып тұр. Үй аулаларына кірген суды әркім өзінше ағызып әуре. Мұндағы үйлердің жерасты қоймалары суға толы. Азық жапқан банкалары бетінде қалқып жүр. 

Болжам бойынша ертең жаңбыр жауады. Жерасты қоймасынан көтеріліп, ол үйге кіреді. Басқа барар жері жоқ. Тас жол салғанда қуанғанбыз, батпақтан арылатын болдық деп. Бірақ одан не қайыр, суағар салмаған. Жыра таппаған соң жиналған су аула, үйлерге кіреді - дейді қала тұрғыны Наталья Хлёбина. 

Бұл көшелерге жаңа асфальт екі-үш жыл бұрын ғана төселді. "Бар кінә сол жолдың дұрыс жобаланбауынан", - дейді жергілікті тұрғындар.

Асфальт төсенішінің қалыңдығы мынау су денгейінде болуы қажет. Ал олар бас жағын биік қылғанда, орта тұсын жұқалатып жіберген. Сондықтан көше бойында су жағалай жайылады - дейді  Сергей Хлёбин есімді қала тұрғыны.

Қалалық әкімдіктегілер ол тұста жерасты суларының тым жақын екендігін айтады. Топырақ жіпсіген сайын қазылған қоймалардан су көтеріліп, бетіне шығады. Мұндағы 30 шақты үйдің тек 5-6-ына қана қар суы кірген. Қалғандарына сол жерасты суларының көтерілуі қиындық тудырып отыр. Ал жол бойында суағарлар салу үшін алдымен жобасы жасалуы керек. 

Жерасты сулары көп. Оны қай жаққа шығаратынын қазіргі таңда ешкім айта алмайды. Ол жерге реконструкция салынбаған. Оған біз жоба жасаған жоқпыз. Қазіргі таңда Белинский көшесі бойынша өзіміз  қазып, біз қазір шығардық. Сол енді көреміз, егер де нәтиже беретін болса, қосымша жоба жасау керек - дейді қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі  және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Наурызбай Мусин.

Көше бойындағы су кебер. Ал енді жаңбыр жауып, жерасты сулары тағы көтерілетін болса, оны сорып алудан басқа амал жоқ әзірге.

Өзгелердің жаңалығы