Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев неге Өскемен қаласының ауасы жылдан-жылға ластанып бара жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов "Ермек Беделбайұлы Өскемен үшін өткір мәселенің бірі ауаның ластануы. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?" деп сұрақ қойды.
Расында соңғы кездері Өскемен қаласында ауа тазалығы өте нашар. Өскеменнің экологиясына географиялық және антропогендік шарттар әсер етеді. Нақтырақ айтсақ, қала сайда орналасқан, онымен қоса қыста қала маңында тұрған екі су станциясы қандай суық болса да, қатпайды. Сол себепті температураның өзгерісіне байланысты қала ішін ылғал мен дымқыл басады. Қалада жылына 180 күн жел болмайды, - деді Көшербаев.
Әкімнің сөзінше, қазір қалада мыңға жуық кәсіпорын бар. Олардың 10-ы ірі кәсіпорын.
Автокөлік және жеке сектордағы пештің түтіні де ауаны ластап отыр. Климатымызға қарай 365 күннің 204 күні жылыту маусымы болып отыр, - деп жауап берді Ермек Көшербаев.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстарды қорғау министрі Ерлан Нысанбаев қоқыс үйінділерін тазартпаған әкімдер жауапкершілікке тартылатынын айтты.